16:58 24 Қараша 2017
Тікелей эфир
Димаш Құдайберген

Вице-министр: Димаш бір күнде жарқ еткен, елімізде мойындалмаған әнші емес

© Foto: аккаунт продюсера Алпамыса Шаримова в соцсети
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
70510

Мәдениет министрлігі қытайлық телеарнамен бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ

АСТАНА, 18 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Қытайдағы "Singer-2017" байқауында екінші орын алып, Азияның үздік әншісі атанған Димаш Құдайбергеннің алдағы жоспары қандай? Әнші елге қашан оралады? Қытайға арнайы барған қазақстандық делегация қандай келісімдерге келді? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ақтоты Райымқұловамен сұхбаттастық.

- Димаш Құдайберген қатысып, екінші орын алған Қытайдағы "Singer-2017" байқауының ақтық кезеңіне қазақстандық ресми делегация барғаны белгілі болды. Ақтоты Рахметоллақызы, осы сапар жөнінде тарқатып айтып берсеңіз. Қандай мақсатпен Қытайға барып келдіңіздер?

— Ия, қазақстандық ресми делегация Қытайға барып қайтты. Біз Қытайға бірнеше мәселе бойынша сапар жасадық. Мақсат — мәдени ынтымақтастығымызды дамыту. Бұл ретте кеше Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жөнінде отырыс өткенін айта кеткен жөн. Жиында музыка, бейнелеу өнері, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, білім, архив, музей ісі, кино саласындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Жылына бір рет осындай отырыс өтеді, бұған дейін Пекинде бас қосқан едік. Осылайша мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық келісім аясында белгілі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы жұмыс аясында ресми қазақстандық делегация Қытайға барып келді. Делегация құрамында вице-министр ретінде мен, Астана Опера театрының директоры, "Қазақ әуендері" АҚ президенті, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева бар. Муниципалдық мәдениет бөлімдерінің басшыларымен кездесу өткіздік, оның ішінде Хунань провинциясы да бар. Олардың ЭКСПО көрмесіне, "Жібек жолы" жыл сайынғы халықаралық фестивалі аясында Астана Операда өтетін фестивальге қатысуы, сонымен бірге бірлескен жобалар, конкурстар, фестивальдер ұйымдастыруға қатысты мәселелер талқыланды. Қазір егжей-тегжейін айтуға әлі ерте. Бірақ екі тараптан да зор қызығушылық бар.

Сонымен бірге, біз Қазақстан өкілдері ретінде Димаш қатысып жатқан байқауға бардық. Оны қолдауға ресми делегациямен барғанымызды қытайлар жоғары бағалады. Бағдарламаға Қазақстанның Қытайдағы елшісінің арнайы қатысқаны да көпті аңғартса керек. Сөйтіп, Димашты тұтас мемлекет, халық бағалап, қолдап отырғанына қытайлардың көз жеткізгені анық.

- Демек, Димаш Құдайберген Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастыққа жаңа леп әкелді…

— Әлбетте, Димаштың екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың қарқынды дами түсуіне ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Қытайлар Димашты "алтын көпір" деп атайды. Оны жақсы көреді, бүкіл жерден "Димаши" деп естіліп жатады. Жалпы, бұл конкурс Пекинде емес, Хунань провинциясында өтсе де, өте беделді болып есептеледі. Байқау жастарды кеңінен қамтиды. Егер бұл байқауға қатысып, келесі турларға өтсең, Азияда көпшілікке белгілі боласың деген сөз. Ал егер жеңіске жетсең, әнші ретінде кең танымалдылыққа ие болуыңа септеседі. Димаш бар күшін салды. 14 тур деген оңай емес. Ол жанкүйерлерінің үмітін ақтады. Үш айдың ішінде Азияның үздік әншісі атанудың өзі үлкен жеңіс. Адамдар осы мақсат жолында жылдар бойы еңбек етеді. Димаш өзінің өнері мен таланты, еңбегінің арқасында осындай үлкен жетістікке жетіп отыр. Ол жиырма үшке енді толады, әрбір жас адам мұндай жетістікке қол жеткізе бермейді.

Бір анығы, Димаштың арқасында бұл конкурстың рейтингісі көтерілді. Сондай-ақ осы жобаның арқасында Димаштың та тағы бір үлкен кәсіптік мектептен өткені даусыз. Қазір ол бірінші турдағы Димаш емес, есейген, тәжірибесі молайған әртіс. Ол өзін өте еңбекқор, қабілетті адам ретінде көрсетіп, Қытай елінде қазақ мәдениетін биікке асқақтатты.

- Жаңа бір сөзіңізде "Hunan TV" арнасымен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобалар жүзеге асырмақшымыз" деп қалдыңыз. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.

— Иә, олармен тәжірибе алмасып, бірлескен жобалар жүзеге асырғымыз келеді. Олардың тарапынан да қызығушылық үлкен. Ұсыныстарымыз бар, ниетіміз түзу. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру қарастырылады. Екі тарап та ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Бұл арнаның басшылығы Димашты өте мақтайды, оның өнеріне тәнті. Олар Димашқа қарап, қазақ өнерін жоғары бағалауда, әлеуеті мол деген сенімде.

- Айтқандай, "Singer-2017" ән байқауы аяқталды, Димаш елге қашан оралады?

— Жоба аясында оның белгілі бір міндеттемелері бар. Байқаудың әрбір қатысушысы келісімге қол қойған болатын. Әлі де оның мерзімі аяқталған жоқ. Түрлі шараларға қатысып жүргенін көріп жүрсіздер. Мұның барлығы байқаудың ережесі аясындағы жұмыс. Кеше Пекинде орталық концерт залдарының бірінде өткен концертке Айман Мұсаходжаева, өнер университетінің ұлттық фольклор ансамблі, камералық оркестр қатысты. Осы концертте Димаш та өнер көрсетті. 22 сәуірде тағы бір маңызды шараға қатысады, сосын бір үзілісте елге оралады. Оның жеңісіне арналған үлкен шара өткіземіз.

- Бүгінде "Димаш өз елiнде мойындалмай, есесiне шетелдiктер оның өнерiн жоғары бағалады" деген пікір айтылып жүр…

— Жалпы, мемлекет тарапынан жас таланттарымызды қолдауға үлкен көңіл бөлінеді. Арнайы бағдарлама аясында қаржы бөліп, біз дарынды жастарға демеу көрсетеміз. Димашқа қаржылық та, моральдық тұрғыдан да қолдау көрсетіп жатырмыз. Министрлік оған "I am а singer" байқауына баруға көмектесті. Бірінші курста осы бағдарлама бойынша Димашты "Славян базары" байқауына да жіберген едік. Бұл байқауда гран-при иегері атанғанын білесіздер. "Славян базары" сайысының да деңгейі төмен емес. Димаш өнер көрсеткенде Беларусь елінің мемлекет басшысы Александар Лукашенко көрермендер арасында отырды. Ал келесі жылы Димаш жеңімпаз ретінде гран-при иегеріне жүлдені тапсырған кезде Лукашенко "Сен маған өте ұнайсың. Мен өнеріңді бақылап жүрмін" деген еді. Бірінші курста Димаш Құдайберген "Дарын" жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бұдан бөлек, ол тұңғыш президенттің мемлекеттік стипендиясын алатындардың қатарында бар. Әрине, біз "міне, қолдап жатырмыз" деп кеуде соқпаймыз, бұл біздің міндетіміз. Олармен бірге қуану да біздің міндетіміз. Біз педагогпыз, біз үшін әрбір талантты музыкант, спортшының өнер көрсетуі зор қуаныш. Осылай қуанып жатсақ, әлеуметтік желіде "министрлік енді оянып жатыр, олардың қатысы қанша" деген сияқты сөздер айтылып қалады. Сонда біз неге қуана алмайды екенбіз?! Яғни, айтайын дегенім, Димаш бір күнде жарқ еткен, өзімізде мойындалмаған әнші емес. Мемлекет жас таланттарға қолдауын аяп жатқан жоқ.

- Ақтоты Рахметоллақызы, сөз соңында Димаштың алдағы жоспары туралы айта кетсеңіз.

Димаш Құдайберген
© Foto: Димаш Құдайбергеннің Instagram парақшасынан

— Димаш Құдайберген Канн фестивалі аясында Қазақстанның павильонын таныстыру рәсіміне қатысады. Оны Францияға шақырды. Сонымен бірге, Димашты Америкаға оқуға жібермекпіз. Байқау кезінде ол Францияға барып қайтты. Онда белгілі бір съемкалар өтіп, келіссөздер жүргізілді. Жалпы, бүгінде көп жерден ұсыныс келіп түсіп жатыр екен. Ынтымақтастық туралы, оқу, тағылымдамадан өту, конкурстарға, шараларға қатысу бойынша ұсыныстар бар. 27 маусымда Астанада Димаштың үлкен концерті өтеді. Бүгінде бірнеше белгілі шетелдік әнші концертте өнер көрсететінін растады. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Қытайдан әншілер қатысады деп күтіп отырмыз. Әзірге, жуық арадағы жоспар осындай. Бұдан бөлек, "Евровидениеге" қатысты көп әңгіме айтылып жүр. Жалпы, біз үш жылдан бері өтініш беріп келеміз. Өкінішке қарай, бұл байқауға Еуропа елі ретінде қатыса алмаймыз. Олар біздің өтінішті белгілі бір құқықтық шектеуі бар қатысушы ретінде қарастыра алады. Біз Димаштың қонақ ретінде қатысуын ұсындық. Бірақ уақыт тығыз болып қалды, өйткені "Евровидение" мамыр айында өтеді. Ал Димаштың әзірге қытайлық арнаның алдындағы міндеттемелері бар. Биыл болмаса, келесі жылы біздің өтінішімізді қарастырады деген ойдамыз. Олардың қонақ ретінде болса да Димаштың қатысуына қызығушылығы бар. Өздеріңіз білесіздер, әлеуметтік желіде көп жазылып жатыр. Егер Лара Фабиан секілді әйгілі әнші өзі құттықтап жатса, басқа да адамдар естіді деп ойлаймыз.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Басты тақырыптар