21:24 15 Тамыз 2018
Тікелей эфир
  • USD363.28
  • EUR414.25
  • RUB5.44
қағаз бен қалам

Қазақстанда жас ақын-жазушылар кеңесі жұмысын бастады

CC0 / pixabay.com
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
68 0 0

Тұңғыш рет құрылып отырған жас ақын-жазушылар кеңесінің құрамына 30-ға тарта адам кірген

АСТАНА, 3 мамыр — Sputnik. Ұлттық әдебиетімізді және ақындық өнерді қолдау мен насихаттау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі жанынан жастар кеңесі құрылды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Жастар кеңесі — өнер және әдебиет саласында әдістемелік-сараптамалық жұмысты жүзеге асыру үшін құрылған консультативтік-кеңестік орган.

"Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының мұрындық болуымен жұмысын бастағалы отырған жастар кеңесінің басты мақсаты — қаламгерлер мен оқырмандар арасында алтын көпір болу, жас қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, әдеби-мәдени интеллигенцияның бас қосар орталығына айналу. Сиясы кеппеген жаңа кітаптарды талқылау, өзге де аймақтармен байланыс жасау мақсатында әдеби бейнекөпірлер, өзге де аймақ қаламгерлерімен кездесу кештерін өткізуді жоспарлаған орта болып отыр" — деп атап өтті Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет.

Халықаралық "Шабыт" фестивалінің гран-при иегері Мақсат Мәліковтің пікірінше, жастар кеңесі — қоғамдағы жастар саясатының тамырына қан жүгіртетін игі бастама.

"Әсіресе, өнер және әдебиет саласында талантымен көзге түскен жас буын өкілдеріне мемлекет және қоғамдық ұйым тарапынан көңіл бөліп, олардың қалыптасу жолында қолтығынан демесе, талай күрмеуі қиын мәселе шешімін табатыны ақиқат. Себебі, алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы "балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын" деп айтып кеткеніндей, жастарға дер кезінде көрсетілген қамқорлық — елдің болашағына қосылған қомақты үлес. Мінекей, осындай мақсат-мүддені ту еткен жастар кеңесі өнері өрге жүзген сандаған дарынның тынысын кеңейтіп, күні ертең келелі істің керемет баламасына айналатыны сөзсіз" — деді ол.

Жас ақын-жазушылар кеңесінің құрамына 30-ға тарта адам кірген, оның ішінде халықаралық "Дарабоз" сыйлығының екі мәрте бірінші орын иегері Қанат Әбілқайыр, "Шабыт" фестивалінің бас жүлдегері Бақыткүл Бабаш, халықаралық, республикалық мүшәйралардың бас жүлдегері Назира Бердалы, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері Бауыржан Қарағызұлы мен Қалқаман Сарин, айтыскер ақын Сара Тоқтамысова, "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысының бас жүлде иегері Мұхтар Ниязов бар. 

 

 

Басты тақырыптар