01:48 24 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD385.96
  • EUR423.78
  • RUB6.03
Айгүл Үлкенбаева

Құлақтан кіріп, бойды алар... Қазақ музыкасы Мәскеу халқын тәнті етті

© Sputnik / Рамиль Ситдиков
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
302 0 0

14 қазан күні Мәскеуде "Қазақстанның музыкалық әлемі" атты концерт өтті

МӘСКЕУ, 18 қазан — Sputnik, Тимур Селиванов. Царицыно саябағындағы Үлкен сарайда "Елшілік кештері" жобасының аясында 14 қазан күні кешке бір жарым сағаттық ұлттық және авторлық музыка концерті өтті. "Қазақстанның музыкалық әлемі" атты кеште Sputnik тілшісі де болды.

Тувадан Лос-Анджелеске дейін

Үлкен сарайдағы Екатерина залында ақ рояльде қара көйлек киген пианист қыз отыр, сахнаның ар жағында "Алтын орда" триосы қойылымға әзірленуде.

"Алтын орда" музыканттарының бірі аспаптарын алма-кезек айырбастайды: біресе қобызда, біресе сыбызғыда ойнап, кейде рейнстик – жаңбыр үнін салатын ағаш трубаны қолына алады. Тіпті анда-санда қалтасынан варган атты әлемдік халықтық аспапты алып шығады.

Алтын орда триосы
© Sputnik / Рамиль Стидиков
"Алтын орда" триосы

Санжай Әлмішев есімді музыканттың айтуынша, "Алтын Орда" тобының мүшелері бүкіл қазақ музыкалық аспаптары мен классикалық инструменттерде ойнай алады. Мәселен, әріптесі Венера гитара класында білім алған, бірақ бүгін жетігенмен саз орындайды екен. Домбыра шертпейтін қазақ жоқ, дейді Санжай.

"Бірге өнер көрсетіп жүргенімізге үш жыл. Ресейге сирек келеміз, көбінесе Еуропада концерт береміз. Биыл Әзербайжан, Франция, тіпті Туваға барып қайттық. Алда Лос-Анджелеске жол тартсақ деген жоспарымыз бар", — деп жоспарларымен бөлісті ол.

Ұялудың қажеті жоқ

Концерт алдында саябақ директоры Елизавета Фокинаның қатысуымен видео серуен көрсетілді. Ол Царицыно музейіне қойылған қазақ бұйымдары мен қыш ыдыстары туралы айтты.

"Бұл "Елшілік кештері" аясында өтіп отырған алтыншы концерт, осы уақытқа дейін кештерге бір миллионнан астам көрермен қатысты. Қонақтарымыздың ауқымы кеңейе түседі деп үміттенемін, өйткені өнерде ешқандай шек болмайды, музыкалық саяхатқа визаның қажеті жоқ", — дейді жоба кураторы Анна Генина.

Одан кейінгі сөз кезегін алған қазақстандық театр және кино актері Сергей Погосян қазақ домбырасының қасиетті үні туралы әңгімеледі.

"Бұл — қазақтардың жан дүниесі мен толғанысынан сыр шертетін бірден бір аспап. Сәби шыр етіп дүние есігін ашқанда домбырамен қарсы алады, жаңа түскен келіннің бетін домбырамен ашады, домбыра жылай да, күле де біледі", — дейді Погосян.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева домбырамен күй төкті. Бір қарағанда импровизация болып көрінгенімен, шын мәнісінде қазақ классиктері – Есбай, Қазанғап және Нұрғиса Тілендиевтің қайталанбас туындылары орындалды.

Қазақстан Республикасының халық әртісі Айгүл Үлкенбаева
© Sputnik / Рамиль Стидиков
Қазақстан Республикасының халық әртісі Айгүл Үлкенбаева

Көрермендер ду қол шапалақ соғып, қошемет көрсетті, жүргізуші "Қысылмаңыздар, "Браво!" деп айғайлаңыздар. Көптеген қазақстандықтардың туған елінен жырақта жүріп, ұлттық музыканы сирек тыңдайтынын білемін" деп қонақтардың делебесін қоздыра түсті. 

Сары даланың самал желі

Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева "Алқоңыр" әнін тамылжыта орындап, артынша Легар опереттасындағы Джудиттаның ариясын шырқады.

Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева
© Sputnik / Рамиль Ситдикова
Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева

Келесі орындаушылар — "Алтын орда". Кенет сары даланың самал желі соққандай болды – бұл қобыз, содан соң жетігеннің үні баяу қосылды. Міне, сыбызғының да сазы құлаққа жетті.

Алтын орда триосы
© Sputnik / Рамиль Ситдиков
"Алтын орда" триосы

Гүл жазира дала

Жүргізуші ұшы-қиыры көрінбейтін жазира даланың сұлулығын ерекше бейнелі сөздермен сипаттайды:

"Бір қарағанда қазақ даласында ешқандай тіршілік белгісі байқалмайтындай көрінеді, бірақ олай емес! Даланың көздің жауын алатындай гүлденген шағын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Көктемде көк шығып, біртіндеп ал қызыл түске енеді. Күннің көзі шығып, аптап ыстық басталғанда, дала сап-сары болып құбылады".

Жазира даланың сол бір көрінісін көз алдымызға елестетіп отырғанда, республикалық байқаулардың лауреаты Айгүл Қосанова ән сала бастады. Домбыраның күмбірлеген үні біресе ойнақы, біресе баяу естіледі. Даланың әні көрермендерді елітіп, сол ырғақта шапалақ соғылды.

Пианист Ида Каплан Нағым Меңдіғалиевтің "Домбыра туралы аңызын" жалғастырды.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағанбетов
© Sputnik / Рамиль Ситдиков
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағанбетов

Асыл мұрамыз

Соңғы орындаушыны сахнаға шақырған жүргізуші "Асыл мұрамыз" деп хабарлады. Көрермендер алдына КСРО мен Қазақ ССР-нің халық әртісі Әлібек Дінішев шықты.

Аты аңызға айналған әнші Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" туындысынан бастап, бірнеше ән орындап, көрермендерді қуанышқа бөледі.  

"Біз кешімізді Қазақстанның қолөнер туындыларының жинағынан бастадық. Менің ойымша, әр адам басынан өткен тамаша сәттерді жадында мәңгі сақтап жүреді. Бүгінгі концерт менің жүрегімнен орын алды, сіздерге де сондай әсер қалдырды деп сенемін", — деп жоба кураторы кешті аяқтады.

Тақырып бойынша

Танымал опера әншісі Астанада қайырымдылық шоуын өткізеді
Қазақ әнін орындайтын жапон әншісі Астанаға келді
Димаш Қытайда екінші рет "Жылдың ең танымал әншісі" атанды
Димаш тағы да ең танымал шетел әншісі атанды
Кілт сөздер:
мәдени мұра, музыка, домбыра, қазақ өнері, Нұржамал Үсенбаева, Айгүл Үлкенбаева, Мәскеу
Загрузка...

Басты тақырып