07:55 18 Қазан 2019
Тікелей эфир
  • USD389.94
  • EUR433.50
  • RUB6.10
Киіз үй

"Үйге кіріп келе жатқан бала құлап қалса..." Қазақтың ырым-тыйымы туралы не білеміз?

© Sputnik / Владимир Пирогов
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
6686 0 0

Этнограф Досымбек Қатранның айтуынша, ырымды біле тұра сақтамаған адам кейін өкініп те қалуы мүмкін

АЛМАТЫ, 18 желтоқсан – Sputnik, Айгерім Таубай. Ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды. Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар тізбегі халықтың өмірінде, салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс береді. Ырым мен тыйым адамды  тәрбиелеп, жат әдеттерден тыюға бағыттайды. 

"Біле тұра ырымды сақтамасаңыз, өкініп қалуыңыз мүмкін"

Белгілі этнограф Досымбек Қатранның айтуынша, тыйым деген – белгілі  бір жағдайда ғана жасалуы тиісті әрекеттер, әдеттер. Күнделікті тұрмыста, жайшылық кезде атқаруға тыйым салынатын дүниелер. 

"Мәселен, күнделікті өмірде сол қолмен құман ұстауға тыйым салынады. Яғни, кей жағдайда сол қолмен су құюға болады. Мәйіт арулағанда  сол қолмен су құяды, жуады. Ал күнделікті тіршілікте оң қолмен ұстау керек", — дейді этнограф Досымбек Қатран. 

Этнографтың айтуынша, бүгінгі қоғамда ырым-тыйымдарды ескіліктің қалдығы деп қабылдайтындар мен күнделікті тұрмыста ұстанатындар бар.  Ұстанатындардың өзін екіге бөліп қарауға болады. Олар қазақтың ырымын да, орыстікін де қатар ұстанады. Мысалы, орыстар мамырда үйлену тойын жасамайды. Бұл бүгінде біздің халқымызда да жиі кездеседі. 

"Ырым-тыйымның барлығы халықтың тұрмысына арналған. Оның қолданыстан шығып қалғаны болмайды. Мәселен, бір шаңырақ бір жылда екі келін түсірсе, соңғысын есіктен емес, жабықтан түсірген. Жабық – уық пен керегенің түйіскен жері. Ол кезде халқымыз киіз үйде тұрған. Бұл тек келінге қатысты емес. Қыз ұзатса да дәл солай. Екіншісін жабықтан шығарады. Қазіргі кезде екінші келінді терезеден кіргізіп, терезеден шығарып жатыр. Бұл кісі қайтыс болғанда да солай. Екінші кісіні табалдырықты көтеріп шығарады. Мұның бәрі тылсым күшпен байланысты дүниелер. Білмей жасаса, ештеңе етпес. Ал біле тұра ырымды сақтамаса, ертең бір әттеген-ай дейтін жағдай болып қалса, өкініп қалады", — дейді этнограф Досымбек Қатран. 

Ислам діні не дейді?

Тұсаукесер
Национальный музей Казахстана
Қасиетті Құранда "Ниса" сүресінің 48-аятында: "Алла Тағала өзіне ортақ қосуды кешірмейді. Бұдан өзге қалаған кісісін кешіреді. Аллаға ортақ қосса, расында жала қойып, зор күнә болады", – делінген жолды бабаларымыз берік ұстаған.

Ырымдардың жақсы бағыттағы түрлері шариғатқа қайшы емес. "Жақсы сөз – жарым ырыс" деген асыл сөз бар. Адамға айтқан жақсы сөзге  "Әмин, айтқаның келсің" деп жауап беріп, ізгі ниет білдірсе, еш қайшылығы жоқ. Бұл туралы  Алла Елшісі (с.ғ.с): "Жаназаға барғанда жақсы нәрсе айтыңдар. Шынында, періштелер айтқандарыңа "әмин" деп тұрады" деген.

Алла Елшісі (с.ғ.с) жақсы сөзді ерекше бағалағанын тағы да "Сахих Бухари" атты хадис кітабындағы  мына бір  риуаятынан біле аламыз. Онда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  "Исламда Тияра жоқ (طِيَرَةٌ-жаман ырымға балау жоқ). Ең жақсысы — Фә’л (فَأْل)",- деген. Сонда қасындағылар: "Фә’л деген не?", — деп сұрады. Пайғамбарымыз: "Ол сендердің әрбіреуіңнің еститін – жақсы сөз" — деген.

Балаларға арналған ырым-тыйым

Үйге кіріп келе жатқан бала құлап қалса – үйге береке, ырыс келеді. Бала жол қараса – қонақ келеді. Бала тілін шығарса – хабар келеді. Сәби анасынан ұстап отырып емсе – сараң болады, еркін отырып емсе – мырза, жомарт болады. Баланың желкесі терең шұқыр болса – қырсық болады. Сәби шалқасынан жатып ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі. Бүк түсіп жатса – уайымшыл, жігерсіз болады. Етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – батыр, кемеңгер болады. Кішкентай бала табаққа аяғын салса – тоқшылық белгісі.

Қазақ бала жолдасын тастамай, екі асық қосып, киіз үйдің табалдырығының астына көмеді. Бұл асық ойнайтын бала жалғассын деген тілектен туған ырым. Бала тоқтамаған жағдайда бала жолдасын киізге орап, молдаларға оқытып, күлдіреуішке (шаңырақ ортасына) бала жеті жасқа келгенше іліп қояды. Бала жетіге толған соң, "садақасын" беріп, бала жолдасы салынған киізді ұлы жолдың бойына апарып көміп ырым жасайды. Баланы қырқынан шығарып, ит көйлегін ауыстырғанда оны бойына бала бітпей жүрген әйелдер арнайы сұрап алатын ырым бар. Оларға баланың анасы ит көйлекті бүтіндей бере салмай, жыртып береді. Баланың тісі түскенде, оны кесек ет, май немесе бауырсаққа қосып, тісі иттің тісіндей өткір, мықты болсын деп итке асатады. Сонымен қатар, көктей болып өссін деп түскен тісті жеміс ағашының түбіне көмеді, таудай болсын деп тауға қарата лақтырады. Бала тісі періште бұйымы ретінде есіктен кіретін түрлі пәле-жала, қаскөй күштерден қағып тұрады делініп, есік жақтауы арасына да қыстырылады.

Бала еңбектей бастағанда, бауырын жерден тез көтерсін деп бауырынан табақ өткізетін ырым бар. Тәй-тәй басып, апыл-тапыл қадамдар жасай бастағанда жүйрік болсын деп бұтының арасынан сирақ асып өткізетін ырым да болған. 

Әлемдегі ерекше ырымдар

Германияда кім де кім су толтырылған бокалды денсаулық үшін көтерсе, ол қасындағылардың барлығына өлім тілейді деген сөз екен. Бірақ, біздіңше, бұл – жай ғана ішімдік ішкізу үшін істелген құйтұрқы әрекет сияқты. 

Францияда егер кім де кім иттің нәжісін сол аяғымен басып кетсе, ырыс-құты артады деген ырым бар екен. Егер оң аяқпен басып кетсе, бұл жамандықтың бастауы деген сөз.

Испанияда түн ортасы болған кезде, тұп-тура 12 түйір жүзім жеу керек деген ырым бар көрінеді. Сонда алдағы он екі ай бойы ырзық-несібеге кенеліп өмір сүруге болады деген түсінік қалыптасқан. Бұл ерте кездегі он екі түйір жүзім жын-періден  қорғайды деген аңыздан бастау алса керек.

Тақырып бойынша

Елімізде ырым-тыйымдарды түсіндіретін анимациялық фильм түсірілді
Балаға ең жиі қойылатын ТОП-20 есімнің мағынасы немесе ат қоярда нені ұмытпаған жөн
"Маған бата беріпсіз" Назарбаев 17 жыл бұрын тұсауын кескен студентпен кездесті
Депутат бес жыл той өткізуге тыйым салуды ұсынды
Елбасы: той десе, ішкен асын жерге қоюға дайын халықпыз ғой
Кілт сөздер:
салт-дәстүр, ырым-тыйымдар
Загрузка...

Басты тақырып