13:15 21 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD386.70
  • EUR427.15
  • RUB6.06
Тұрсынбек Қабатов отбасымен бірге, танымал әзілкеш

"Адам ұрпағымен мың жасайды": Қазақстанның көпбалалы жұлдыздары - фото

© Photo: juldyz.kz
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
697 0 0

Өнер мен отбасылық өмірді қатар алып жүрген көпбалалы әртістер

АСТАНА, 6 қаңтар — Sputnik. Дәстүрге сай қазақстандықтардың басым көпшілігі демалыс күндерін отбасымен бірге өткізеді. Отандық жұлдыздарымыз да бәрінен де жақындарымен бірге болғанды құптайды. Жаңажылдық шараларды артқа тастаған халықтың сүйікті әртістері қазір отбасы - ошақ қасында.

Бүгін Sputnik Қазақстан көпбалалы жұлдыздар топтамасын назарларыңызға ұсынады: тамаша мансап құрып қана қоймай, бүлдіршіндердің шат күлкісіне бөленіп жүрген бұл әртістерімізге жұрт қызыға да, қызғана да қарайды.

Айта кетсек, Қазақстанда кем дегенде төрт бала тәрбиелеп отырған отбасылар көпбалалы қатарына жатады. Еліміздің кей танымал тұлғалары төртеуімен ғана шектелмеген екен.

Ең үздік ата-ана дегенде көз алдымызға әуелі жұлдызды жұп Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманов келетіні рас. Музыканттардың отасқанына 20 жыл толған, осы уақыт аралығында 5 баласы өмірге келді. Төрт ұлдың артынан 2017 жылы сүйкімді қыздары жарық дүние есігін ашып, ата-анасын бақытқа бөлеген. Болмановтар отбасының тұңғышы – Бекболат 18-де.

Тағы бір жұлдызды әке, бес бала тәрбиелеп отырған шоумен, сықақшы, КВН ойыншысы, NOMAD CITY HALL комедия театрының жетекшісі – Тұрсынбек Қабатов. Жары Мөлдір екеуінің үш қызы және екі ұлы бар. Мерейлі отбасының кенжесі Райымбек 2018 жылы 23 желтоқсанда дүниеге келді. 

Қазақстандағы ең танымал әншілердің бірі Қайрат Нұртас сүйген жары актриса Жұлдыз Әбдікәрімовамен бірге төрт бала өсіріп отыр. Жас әртістердің некесін қиғанына 11 жыл толыпты. Әнші ұзақ уақыт бойы отбасы барын жасырып келгенімен, 2017 жылы жұлдызды жұптың суреттері әлеуметтік желіде жариялана бастады.

Сол жылы қазан айында Қайраттың әйелі – Жұлдыз басты рөлді сомдаған "Періштелер ұйықтап жатқанда" драмасы көрермендерге жол тартты.

Қазір 30 жастағы актриса төрт баласын тәрбиелеп қана қоймай, телевизиялық шоу жүргізіп, журнал мұқабаларына суретке түседі, әлеуметтік желіде де өте белсенді.

Жез таңдай әнші Алтынай Жорабаева – үріп ауызға салғандай төрт қыздың анасы. Әртіс жеке өмірі жайлы үнемі айта бермесе де, бірнеше жыл бұрын ажырасып кеткенін жасырмайды, болашақта қайта отбасын құрып, қыздарына іні сыйлауға үміті бар.

"АБК" және "К-7" топтарының бұрынғы әншісі Ерлан Көкеев – төрт баланың әкесі. Жары Анар екеуі Әйгерім, Рената, Сәтті есімді үш қызы мен Ақжан атты ұлын тәрбиелеп отыр. Әртіс бақытты әке екенін жиі айтады, болашақта тағы кішкентайлы болсам деген арманы да жоқ емес.

"SuperStar KZ" байқауының финалисі және China Town тобының бұрынғы солисі Динара Сұлтан әлеуметтік желіде балаларының суретін жиі бөліседі. Десе де көпке дейін некелі жарын көрсетпей жасырып жүрді. Бірге түскен суреттері де сирек. Тек күйеуінің бизнесмен екені және Алматы мен Дубай қалаларында кезегімен тұратыны белгілі.

Бүгінде жұп үш қыз бен екі ұл тәрбиелеп отыр. Кенже қызы кішкентайынан бастап өнерге икемділігі бар екенін көрсетіп жүр. Ұзақ уақыт бойы Дубайда тұрған Динара балаларының есімін қысқа етіп таңдауға тырысқан. Себебі арабтар көп әріптен тұратын қазақша сөздерді айта алмай қиналады.

Бірнеше жыл бұрын сүйіктісіне тоқал алуға рұқсат беремін деп жұртты шулатқан Роза Әлқожа жа бес баланың анасы. Бейбарыс, Жанарыс, Еларыс атты үш арыс пен Ақбота сынды арудың анасы 2015 жылы дүниеге бесінші сәбиін алып келді.

"Аллаға мың мадақ! Бүгін таңғы сағат 8-де менің гүлім жарық сәулені көрді. Елдің бата-тілегі деп білемін! Ниеттес жандардың баршасына Алла пана болсын! " - деді Роза Әлқожа.

Халық арасында Тука лақап атымен танылып кеткен белгілі актер Нұржан Төлендиев алты баланың әкесі. Олардың төртеуі ұл, екеуі қыз. Жуырда өнер иесі атұстары Марғұланды сүндетке отырғызып, дүркіретіп той жасады. Оның қуанышын бөлісуге туған-туыстары мен барша өнер жұлдызы жиылды.
Актер әрі продюсер Дәуіт Шаихисламов пен журналист Дана Орманбаева - Бексұлтан, Исламбек, Шарлиз, Дилан атты төрт баланың ата-анасы. Олар сұхбаттарының бірінде балаларына ұрыспайтынын және ешуақытта қол көтеріп көрмегенін айтқан-ды. Тіпті, өздері ренжісіп қалып жатса, балалардың көзінше бір-бірінен кешірім сұрап татуласады. Жуырда тұңғыштары шаңырақ көтеріп, дүркіретіп той жасаған болатын. Сондай-ақ, биыл Дана Орманбаеваның бала тәрбиесі туралы кітабы жарық көрді.

Тақырып бойынша

Жұлдызды Жаңа жыл: танымал әртістер отандастарына қандай тілек айтты?
2018 жылы ерекше образымен жұртты шулатқан қазақстандық жұлдыздар — фото
Загрузка...

Басты тақырып