09:06 20 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.80
  • EUR429.27
  • RUB5.78
Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина Ұлы дала комедиясы фильмінің премьерасында

"34 жас": Махаббаттың жасқа қарамайтынын дәлелдеген қазақстандық жұлдыздар

© Sputnik / Владислав Воднев
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
1504210

Танымал қазақстандық жұлдыздар бүгінде сүйіктілерімен жас айырмашылықтарына қарамастан бақытты болып отырғанын айтады

АСТАНА, 12 қаңтар — Sputnik. Талай жыр мен әнде махаббаттың жас талғамайтыны туралы айтылады. Себебі, бұл сезімді әркім өзінше сезінеді, сипаттайды және бастан кешіреді. Бірі ерте үйленіп, кейін бармағын тістеп қалып жатса, енді бірі қартайған шағында жүрегінің иесін жолықтырып жатады. Әлемге әйгілі психоаналитик Отто Кернберг адам баласының нағыз махаббатты отасқаннан кейін жарты ғасырға жуық уақыт өткен соң ғана сезінетінін айтқан-ды. Олай болса, махаббаттың жасқа қарамайтынын дәлелдеген жұлдыздар кімдер екенін материалынан оқыңыз.

Мәдина Сәдуақасова

Әнші бірінші жолдасымен бір жарым жыл уақыт бірге тұрып, 2008 жылы ресми ажырасып кетеді. Халық оның алғашқы жұбайының кім екенін білмесе де, бұрын отбасы болғаны барлығының еміс-еміс есінде. Екінші рет Мәдина Сәдуақасова 2014 жылы 2 ақпанда тұрмысқа шығып, Алматы мейрамханаларының бірінде дүркіретіп той жасады. Жолдасымен 2009 жылдан бері таныс болса да, 2013 жылдан бастап қана жүре бастаған. Күйеуі тұрмысқа шығу туралы ұсынысты осы жүре бастаған алғашқы жылы жасайды. Айтуларынша, арадағы 7 жас айырмашылық екеуіне еш кедергі келтірмейді. Бүгінде олар Әнуар есімді бір ұл бала тәрбиелеп отыр.

Жұлдыз "Жан сырым" бағдарламасына берген сұхбатында жолдасы екеуінің бір-біріне қандай шарт қойғаны туралы айтып берді.

"Тойдың ертесінде жолдасым енді ерлі-зайыпты екенімізді айтты. Сол күннен бастап неке жүзігін шешкен емеспіз. Кейін менен қандай да бір шартым болса айтуымды сұрады. Мен жұмыссыз өмір сүре алмайтынымды, әрі қарай шығармашылығымды жалғастырғым келетінін айттым. Ал ол менен енді ешқашан еш жерде алғашқы некеме қатысты айтпауымды сұрады. Керісінше қазіргі отбасым туралы айтарымның көп екенін есіме салды", — дейді Мәдина Сәдуақасова. 

Бұдан өзге әнші тағы бір отандық бағдарламалардың бірінде араларында айтарлықтай кикілжің болып көрмегенін айтқан-ды.

Еркін Нұржанов

"Жігіттер" тобының экс солисі Еркін Нұржанов алғаш 2011 жылы шаңырақ көтерді. Әншінің жүрегін жаулаған сұлудың аты — Аягөз. "Жүрегімде қап қойған, жаным, саған кім екен Аягөз деп ат қойған?" деп те оған ән арнаған болатын. Алайда екеуінің дәм-тұзы жараспай ажырасып кетті.

Бұдан кейін жұлдыз араға үш жыл салып тағы үйленді. Сүйіктісі — өзінен 14 жас кіші Динара есімді Тараз қаласының тумасы. Тойын Шымкент қаласында дүркіретіп өткізіп, барша өнердегі жора-жолдастарының басын қосты. Бүгінде олар үш бала тәрбиелеп отыр.

Бүркіт

Жас айырмашылықтары 12 жас болатын Аиша мен Бүркіттің махаббат хикаясы ерекше. Бүркіт Аишаға ғашық болып қалған сәтте оның басқа қызы болған. Мұны білген Аиша одан алшақ жүруге тырысқан. Десе де ару өзінің бір махаббат хикаясына нүкте қойылуына себепші болғанын жасырмайды. Ал Бүркіт арадағы жас айырмашылығына байланысты оны көпке дейін өзіне қарата алмағанын айтады. Тіпті, қыз-жігіт болып жүріп жүргендерінде араларында көптеген түсінбеушілік болған.

"Ол уақытта Бүркіттің қызы болды. Екеуіміз туған күн кешінде жүрген едік. Мен оған мүлдем қарамадым. Себебі, ол сол күні қызымен бірге келді. Маған ғашықтардың арасына түскен ұнамайды. Бұл — жаман іс. Десе де, бір шетінен ол қыз Бүркіттің әйелі болған жоқ. Сол себепті ештеңе етпейді деген пікірдемін. Шынымды айтсам, бұл нәрсеге қатысты басымды қатты ауыртпаймын", — дейді Аиша 31 арнаның "Ұят емес" бағдарламасында.

Сондай-ақ, ол осы бағдарламада Бүркіттің жүрегін суыту үшін басқа жігітпен жүруге дейін барғанын және мұны екеуі айырылысу үшін ғана жасағанын айтты.

Қарақат Әбілдина

Қарақат Әбілдина жолдасы Қыдырәліні өзі халыққа танылмай тұрып жолықтырған. Алғаш танысқандарында екінші курс студенті болған екен. Әнші сұхбаттарының бірінде Қыдырәлі Болмановтың бірінші некесі болғанын растады. Тіпті, осы алғашқы некесінде бір перзент дүниеге келген. Алайда ол шетінеп кетіп, бірінші әйелімен ажырасады. Айтуынша, бірінші әйеліне тек балаға бола үйленген.

Өзінен 14 жас үлкен сүйіктісімен бүгінде бес баланың ата-анасы атанып отыр. Олардың істігері дүниеге келген кезде барша халық қуанған болатын.

Асанәлі Әшімов

Шәкен Айманов өз заманындағы танымал биші Шара Жиенқұлованың сіңілісі Хадишаға үйленіп, Мұрат есімді бір бала сүйеді. Хадишаның бірінші некесінен туған Майраны да өз қызындай көріп, бауырына басады. Асанәлі Әшімов оның осы қызына үйленіп, Мәди және Сағи есімді екі ұл тәрбиелейді. Өкінішке қарай, актер сүйіктісінен де, балаларынан да көзі тірісінде айырылды. 1993 жылы жұбайы Майра, 1999 жылы қос перзенті дүниеден өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған Сағи Әшімовті көпшілік Шоқан Уәлихановтың рөлі арқылы танитын.

Бұдан кейін 2013 жылы актер өзі емделіп жатқан шипажайда танысқан әйелге үйленеді. Ортақ Асанәлі есімді ұлдары бар. Оны Асека деп еркелетеді. 

"Асекеңнің өткен өміріне үлкен сыйластықпен қараймын. Асекең — сүюге тұрарлық жан. Ол үшін өмірі оқылған кітаптың бір парағындай. Бірінші әйелімен араларында махаббат болды, ұл дүниеге келді. Тағдырдың жазғаны болар, бөлек кетті. Бірақ баласы үйленіп, тойда маған сөз бергенде "анасы емеспін" деп айтқаным рас. Себебі, олардың өмірге әкелген аналары бар. Әр бала үшін анасының орны бөлек", — дейді Бағдат Әшімова күйеуінің ұлы үйленген күнді еске алып.

Қос ғашықтың жас айырмашылығы — 34 жас. Бүгінде екеуі 5 немере мен 2 шөбере тәрбиелеп отыр.

Гүлнұр Оразымбетова

Әнші Гүлнұр Оразымбетова осыдан 10 жыл бұрын Қызылорда облысының бұрынғы әкімі, қазақстандық саясаткер Серікбай Нұрғисаевқа тұрмысқа шықты. Ал көңіл қосқандарына 20 жылдан астам уақыт болған. Бүгінде олардың ортақ екі баласы бар. Өзі ешуақытта некесі ресми қиылсын деп талап етпегенін айтады. Мемлекеттік қызметкер өзінен 21 жас үлкен.

"Әкем қатал адам болғандықтан, ол кісіге еркелеп көрген емеспін. Үнемі еркелететін бір адам жетіспейтіндей болып тұрады. Күйеуім жұмысқа келгенде қатал болғанымен, өмірде өте бауырмал, мінезі жұмсақ. Мені әлі күнге дейін еркелетеді. Ол кісінің отбасы мен балалары болғанын білдім. Отбасын бұздың деп сынағандарға бір ғана айтарым бар. Әдемі болып отырған отбасының ойран болғанын ешкім тілемейді. Мұның барлығы — маңдайға жазылған дүниелер", — деді әнші 31 арнаның "Ұят емес" бағдарламасында.

Бүгінде қос ғашық отбасыларында қыз баланың дүниеге келуін күтіп жүр. Десе де, әнші күйеуін әлі дүниеге келмеген қызынан қызғанатынын жасырмайды. 

Дәуіт Шайхисламов

Танымал актер Дәуіт Шайхисламовтың әйелі өзінен 11 жас үлкен. Ал әйелі — танымал журналист Дана Орманбаева. Олар бүгінде Бексұлтан, Исламбек, Шарлиз және Дилан есімді төрт баланы тәрбиелеп отыр. Тұңғыш екі ұлы журналистің бірінші некесінде дүниеге келген.

Журналист Дана Орманбаева сұхбаттарының бірінде бастапқыда құрбы-құрдастарының өз таңдауына сыни көзқараспен қарағанын айтады. Сондай-ақ, шаңырақ көтергеннен кейін алғашқы жылдары күйеуіне көп мәселеде ақыл айтса да, кейін бұл рөлдері ауысқан. Мұнымен қатар, дөңгелетіп отырған жеке бизнесінің болғанына қарамастан, Дәуіт Шайхисламовтың өзінен әлдеқайда табысты екенін айтқан-ды.

"Бала тәрбиесімен бірге айналысамыз. Сұхбат барысында "бірге" деген сөз көп айтылып жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл рас! Біз барлығымен, әсіресе, бала тәрбиесімен бірге айналысамыз. Мектептегі жиналыс пен жиынға, киноға бірге барамыз. Тек секцияларына кезек-кезігімен апарамыз», — дейді Даут Шайхисламов Lofficiel журналына берген сұхбатында.

Асхат Тарғын

Әнші Асхат Тарғынның алғашқы некесі сәтсіз болса да, тұңғыш қызының алдындағы әкелік парызын орындап жүргенін жұрт біледі. Әншінің өзі әйелімен ажырасуға қызғаныш себеп болғанын айтады. Араға көп жыл салып әншінің таңдауы өзінен 13 жас кіші Әлия Құдайбергеноваға түсті.

"Махаббат жасқа қарамайтын сезім. Бірақ осы сөзді жалау етіп өзіңнен 20-25 жас кіші қызға үйлену ұят. Әрі кетсе жас айырмашылығы 10-15 жас болса жетерлік. Әйелім менен көп жас кіші болса да, қажет кезде сырласым мен мұңдасым болып жүр. Одан бөлек жолым үлкен болғандықтан сыйластығы да ерекше. Десе де қажет кезде өз ойын жасырмай айтады", — дейді ол Comode журналына берген сұхбатында.

Ақбота Нұр

"KeshYou" тобының экс солисі Ақбота Нұрдың танымал күйеуі өзінен 14 жас үлкен. Олардың "Гламур для дур" фильмінен басталған махаббат хикаялары тойға ұласып, жұртты шулатты. Бастапқыда отасқандарында, дүниеге келген сәбилерін де жасырмақ болған еді. Себебі, бұл кезде Дәурен Айдарқұлов өзінің бірінші әйелімен ажырасып үлгермеген-ді.

Желі қолданушылары жас әншіні айрандай ұйыған шаңырақты шайқалттың деп сөкті. Ғашықтардың өздері де түсінісе алмай бірнеше рет ажырасып, қайта қосылды. Халықтың сынына шыдамаған Ақбота Нұр сәбиінен айырылып қала жаздап, ауруханаға да түсті. Десе де, бұл қиындықтың барлығы артта қалып, бүгінде олар екі баланың ата-анасы атанып отыр.

Ал, Сіз оқырман, қалай ойлайсыз махаббат жасқа қарай ма? Өзіңіз сүйіктіңізбен арадағы жас айырмашылығы қандай болғанын қалайтын едіңіз?

Тақырып бойынша

Махаббат жасқа қарамайды: Астанада 80-дегі қария мен 55-тегі әйел үйленді
Лионель Месси бала күнгі құрбысына үйленді
Баян Мақсатқызы тұрмысқа шықты
Ақбота Керімбекова тұрмысқа шықты
Фейсбук бойдақтар мен ажырасқандарға арналған жаңа сервисті іске қоспақ
Қазақстанда ажырасқан жұлдыздар кімдер?
Қазақстандық жұлдыздар балаларына қандай ерекше есімдер қойып жүр?
Кілт сөздер:
махаббат, жұлдыздар, отбасы, актер, әнші, Бүркіт пен Аиша, Қарақат, Мәдина Сәдуақасова, Қыдырәлі Болманов, Асанәлі Әшімов
Загрузка...

Басты тақырып