10:33 24 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.34
  • EUR427.25
  • RUB5.88
Алтынай Жорабаева

Артық салмақтан арылған қазақстандық жұлдыздар кімдер?

© Sputnik / Владислав Воднев
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
4576 0 0

Танымал жұлдыздар дұрыс тамақтану мен спорттың арқасында арықтағанын айтады

АСТАНА, 20 қаңтар — Sputnik. Көрермен қауымның алдына жарқырап шығу үшін жұлдыздар әдемі көйлек киіп қана қоймай, жаттығу залына қатар барады. Жас көріну үшін түрлі ауыр жаттығу жасап, диета ұстайды. Бұдан бөлек ауыр отаның көмегіне жүгініп жатады. Олай болса, танымал адамдардың артық салмақпен қалай күресетінін Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Қазақстандық әнші әрі тележүргізуші Аша Матай жүктілік кезінде 34 килограмм салмақ қосып алған еді. Кейін небәрі үш ай ішінде 27 килограмм салмақтан арылып, қайта қалпына келген-ді. Әнші сәбиін кесарь тілігінің көмегімен дүниеге әкелгендіктен, оған жарты жыл уақыт жаттығу залына баруға тыйым салынған болатын.

"Барлығы "Қалай арықтадыңыз? Үш ай ішінде бұлай арықтау мүмкін емес!" деп таңғалып жатады. Перзентханадан шыққанда көрген қыз-келіншектердің барлығы бірдей таңғалып жүрді. Жақында, тіпті, атымды пайдаланып белгісіз біреулердің арықтауға арналған дәрі жарнамалағанын білдім. Ол дәріні көрген де, ішкен де емеспін. Оны қалай қолданатынын да білмеймін. Менің атым мен жүзімді неліктен пайдаланып жатқанын түсінбеймін. Бірақ ол затты мүлдем қолданбадым дегім келеді", — дейді тележүргізуші.

Әрі қарай Аша Матай арықтауының құпиясы қарапайым қозғалыста екенін айтты. Сондай-ақ, жарты жыл уақыт жаттығу залына баруға тыйым салынғандықтан, көңіл-күйінің түсіп кеткенін де жасырмайды.

"Арықтауымның формуласы — көтеріңкі көңіл-күй. Баламды ұйықтатып жүрген кезде физикалық жаттығулар жасаймын. Соның көп көмегі тиеді. Сүтім азайып кетпеуі үшін диета ұстамауға тырысамын. Сүт қатқан шай, сорпа ішемін, ет пен қамырды да жеймін. Бірден жаттығу залына бара алмағаным өкінішті. Бірақ барлығы алда деп ойлаймын", — дейді әнші 31 арнаның "Айта берсін" бағдарламасына берген сұхбатында. 

Жүктілік кезінде көп салмақ қосып алатын Алтынай Жорабаева бүгінде қиын би қозғалыстарын орындайтын әншіге айналған. Жұлдыз биге дайындық арқасында дене салмағын бір қалыпта ұстап тұратынын айтады.

"Менің болмысым артық салмақ қосып алуға бейім. Арықтау, әрине, қиын болады. Бір шетінен сахнада жүресің, екінші жағынан аяқ ауырмайды, киім жараспайды. Өз жасыңнан 10-15 жасқа үлкен көрінесің. Сондай комплекстер көп болады", — дейді Алтынай Жорабаева.

Әнші бұл комплекстің кенже қызын босанарда пайда болғанын айтады. Кейін арықтау үшін өнердегі құрбысының көмегіне жүгінген екен.

"Төртінші қызымды босанарда 94 килограмға дейін толысып кеттім. Содан Інжуге "Қалай екенін білмеймін. Бірақ, әйтеуір, мені бірнәрсе қылып арықтатуың керек" дедім. Менің қандай тамақтар жегенді ұнататынымды біледі. Бәрінің калориясын есептеп жазып береді. Содан күнде 2-3 сағат бірге жаттығу жасаймыз", — дейді ол.

Әріптестерінен ұялғаннан артық салмақтан арылған әншілер де бар. Солардың бірі — "Музарт" тобының мүшесі Кенжебек Жанәбілов. Топтағы ағаларынан ыңғайсызданғандықтан, үнемі диета ұстайды.

"Мен жаспын. Сол себепті екі жігіттің қасында дөңкиіп тұрғаным маған да ыңғайсыз. "Музарт" тобына қабылданған кезде де сәл салмағым көп болған. Ол кезде салмағым шамамен 100 килограмм еді. Бірде Мәкең мен Сәкең келді де "Кенжебек, кішкене салмақ тастауың керек" деді. Содан бір ай ішінде 20 килограмм салмақ тастадым", — дейді әнші.

Өзге әріптестері секілді Зарина Омарова да кітап жазып жүр. Бірақ, өзі туралы емес, артық салмақтан арылу тақырыбында. Әнші жарты жылға жуық уақыт ішінде 20 килограмм салмақтан арылған екен.

"Артық салмақтан арылу өте қиын. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Оның үстіне әйел адам өзіне деген сенімін жоғалтып алған кезде ол үшін барлығы бітеді. Сол себепті бәрінен бұрын "Мен мұны жасай аламын, қолымнан келеді" деген іштей сенім керек. Жазып жатқан кітабым жас қыздарға арналады. Соларға кішкене көмегім тиіп жатса, қуанып қалар едім", — дейді Зарина Омарова.

Сондай-ақ, әнші кітабының барлық адам үшін қолжетімді болатынын айтты. Дүкендегі бағасы шамамен — 2 000 теңге.

Әлеуметтік желіде түрлі вайн түсіріп танымал болған Серғазы Тоқтарбек қызы тастап кеткеннен кейін өмірінің түбегейлі өзгергенін айтады. Аспаз мамандығын оқып, өзбек мейрамханасында, кейін пицца пісіретін жерде жұмыс істеп жүріп артық салмақ қосып алған. Мұнымен қатар, сүйіктісімен айырылғаннан кейін депрессияға түсуі артық салмақ қосуына себепші болған.

"Төрт жыл бұрын мені қызым тастап кетті. Сол уақытта жұмыстан шығып, семіріп кеттім. Үшінші қабаттағы пәтеріме дейін әрең көтерілетінмін. Барлығы мен үшін "быт-шыт" болды десем артық айтпаймын. Бір жарым айдың ішінде 22 килограмм салмақ тастадым. Осылайша арықтап, аздап танымалдылыққа ие бола бастағаннан кейін әлгі қыз маған қайта хабарласты", — дейді вайнер сұхбаттарының бірінде.

Әнші Жеңіс Ысқақова бір жарым жыл көлемінде 21 килограмм салмақ тастағанын айтады. Алғашқы алты айда 14 килограмм салмақтан арылған екен.

"Бұл туралы көп айта бермейтін едім. Бірақ денсаулық жағдайыма байланысты гормондық дәрілер ішуіме тура келді. Әдетте салмақ қосқаннан кейін жүрек әлсірей бастайды. Бірақ жаңа босанған келіншектерге арықтауға асықпауға кеңес берер едім", — дейді Жеңіс Ысқақова "Ана мен бала" бағдарламасында.

Сахнада жүріп әдемі қалпын сақтау кез келген өнерпаз үшін оңай шаруа емес. Әнші Шаһизада да өзін жас қалпында сақтау үшін аянбай тер төгіп келеді. Қазір әртістің салмағы — 58 килограмм. Бұл — жасы елуден асқан, егде жастағы әйел үшін жақсы көрсеткіш. Әйел қауымы Шаһизаданың ажарына қызыға қарайды.

"Диетада жүргеніме 33 жыл болды. Оңай емес, өте қиын. Көбісі 40 жасқа енді келетін қыз сияқтысың деп айтады. Әсіресе, жас жігіттер. Диета ұстағысы келмейтіндер барын білемін. Кейбір әншілер "Қойшы, өмірге бір рет қана келеміз. Қалағанымды жеймін" деп айтады екен. Мен олай тамақ жей алмаймын. Әрине, демалыс кезінде бес килограмдай салмақ қосып аласың. Бірақ соны қайтадан тастауға тырысасың. Бұл дегеніңіз — күрес. Кейде көйлектерім сыймай қалып жатады. Сонда "Осы көйлекті киуім керек" деп өзіме мақсат қоямын", — дейді Шаһизада.

Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы да артық салмақтан арылып, дене сымбатын қалыпқа келтірген жұлдыздар қатарынан. Бүгінде оның бойы — 164 сантиметр, ал салмағы — 60 килограмм.

"Менің салмағым шын мәнінде 86 килограмм болды. Қазір — 61. Бұл — тек дұрыс тамақтану мен спорттың арқасы. Байқасаңыз идеал емеспін. Әзірге өзіме ыңғайлы. Әзірге дейтінім, артық бірнәрсе жесем, таңертең таразыда бірден көрінеді. Сол себепті, аптасына 1 рет "разгрузка" жасаймын. Дұрыс жасамасаңыз, талып қалуыңыз мүмкін (өзімде жиі болған)", — деп жазды тележүргізуші Instagram желісіндегі парақшасында.

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қарақат Әбілдина да өзінің артық салмақ қосып алғанын жасырмайды. Десе де, дене сымбатым ұсқынсыз болып барады деп ешуақытта алаңдамаған екен. Керісінше халықтың дене сымбатын емес, өнері мен болмысын жоғары бағалағанын қалайтынын айтады.

"Дене сымбатым үшін қатты алаңдап, соған қам жейтін адамдардың қатарынан емеспін. Бірақ сахна адамы болған соң, жарасымды болып жүрген артық болмайды. Формаға келу процесі Қарақат мектеп студиясының 10 жылдық концертіне дайындық барысында жүргізілді. Біраз салмақтан сол кезде арылдым. Арнайы арықтайын деген мақсат жоқ. Барлығы жүгіріс пен қарбаластың әсерінен болды", — дейді әнші 31 арнаның "Айта берсін" бағдарламасына берген сұхбатында.

Артық салмақтан арылған жұлдыздар тек бұлар емес. Көптеген танымал қазақстандық бұл қиындықты бастан өткерген-ді. Сондай-ақ, арасында отағасына жағу үшін артық салмақтан арылу үшін ота жасағандар да бар.

Ал, Сіз оқырман, артық салмақтан қалай арылдыңыз?

Тақырып бойынша

Ғалымдар артық салмақтан арылуға не көмектесетінін айтты
Ұйқысы қанбай жүретін адамның семіздікке шалдығатыны анықталды
Жапон халқы неге семіздікке шалдықпайды?
Салмақ тастаған соң, қайта семірмеуге көмектесетін диета анықталды
Әлемдегі ең үздік диета белгілі болды
Ғалымдар өмірді ұзартатын диета туралы айтты
Жұлдызнамаңызға байланысты қандай диета ұстаған дұрыс?
Кілт сөздер:
артық салмақ, арықтау, семіздік, әнші, Аша Матай, Ләйлә Сұлтанқызы, Алтынай Жорабаева, Қарақат
Загрузка...

Басты тақырып