11:16 07 Шілде 2020
Тікелей эфир
  • USD405.69
  • EUR455.51
  • RUB5.72
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
145310

Наурызға қатысты ұғымдар мен мақал-мәтелдер жайлы толық ақпарат

АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. Қазақстан халқы Наурыз мейрамын тойлап жатыр. Бұл мерекені жылдың басы деп түсінген қазақ халқы оны асыға күткен. Сондықтан назарларыңызға ұлық мейрам туралы мәлімет пен оған қатысты мақал-мәтелдерді ұсынуды жөн санадық.

Наурыз туралы не білеміз?

Наурыз – парсы сөзі, ол "жаңа күн" деген мағынаны білдіреді. 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні күн мен түн теңеледі, жер көктеп, күн жылынады. Мұны халық "Наурыз күні" деп атайды.

Наурызға қатысты ұғымдар

Әз. Бұл халық аңызында күн мен түннің дәлме-дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуге тиіс екен. Оны "әз" деп атайды. Көшпенді қазақ халқы "Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін" деп жорамалдаған. Бұл ерекше гуіл 22 наурызға дейін үш күннің ішінде естіледі-мыс. Сондықтан халық арасында "Әз болмай, мәз болмайды" деген сөз қалған. Үш күннің ішінде тырнақ пен шаш алуға болмайды. Әз өткенде жер көктеп, гүлдер бүршік жарып, күллі тіршіліктің тұла бойына жан бітеді.

Наурыз батасы. Халық мерекеде қыдырып, үйді-үйге барып, көже ішіп жүргенде берілетін бата түрі. Аты айтып тұрғандай көбінесе Наурыз мерекесі кезінде беріледі.

Наурыз көже.  Ұлыстың ұлы күні молшылықтың жоралғысы ретінде әр шаңырақ міндетті түрде жасайтын тағам. Оны әр үй жеті дәмнен жасап, оған қазы шұжық қосылады, әрі мерекемен құттықтауға келген қонақтарға зор ықыласпен ұсынылады. Тақ санын сақтап, тағам түрін көбейте беруге болады.

Наурыз жұмбақ – наурыз айындағы жұлдыздардың қозғалысы мен орнына, күн мен түннің теңелуіне, табиғат құбылысына, бұл айдағы амалдар мен ауа райының өзерісіне байланысты айтылатын жұмбақ өлең.

Наурыз тілек – Ұлыстың ұлы күні амандасу рәсімімен құттықтау негізінде тақпақпен айтылатын ізгі тілек.

Наурыз төл – наурыз айында туған бота, құлын, бұзау "наурыз төл" деп аталады.

Наурызша – наурыздағы қар атауы. Қырбақ, қарайған жерді жасыра алмай, қылаулап жауған жұқа қар.

Наурыз шешек – наурыз айында гүлдейтін көп жылдық өсімдік. Әсемдік үшін қолдан өсіруге болады.

Отамалы – 15 наурызда кіріп, 17 наурызда шығатын амал. Халық арасында "Отамалы, от алғанша, керегенің басын шот алғанша", "отамалы, отамалыдан қалған ата малы" деген мәтелдер бар.

Үт – саңылау, тесіктен үйге түскен күн сәулесінің тозаңдануы. Қазақ үт кірді деп оны жақсылыққа балайды. "Үт кірді, үйге құт кірді" деген қазақ мәтелінде күн нұрының жердегі тіршілікке жасар игі әсерін бейнелейтін үлкен мән бар.

Наурыз мейрамына қатысты мақал-мәтелдер

  • Сәуір болмай, тәуір болмас.
  • Наурыздан соң қыс болмас, Мизамнан соң жаз болмас.
  • Наурыз көже қалғанша, жаман қарын жарылсын!
  • Сең жүредi көктемде астан-кестең, ақ атанның бауырын арқан кескен.
  • Көктем туа Наурыз келер, Күн менен түн теңелер.
  • Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!
  • Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын.
  • Сәуір болса күн күркірер, қараша қауыс, кәрі-құртаңды тауыс.
  • Жаз сайға қонба, қыс қырға қонба.

Науырыз айы:

  • Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз.
  • Жыл бойы қайда болсаң, онда бол, белдезерде үйде бол.

(Белдезер — ақпан-наурыз айлары)

Мәліметтер ашық дереккөзден алынды

Тақырып бойынша

Фотодерек: 81 жастағы Асанәлі Әшімов Алматыда Наурыз мейрамын тойлап жүр
Наурыз мейрамында қосымша пойыздар жолға шығады
"Көшеге шығамыз, болды" Министр Наурыз мейрамын тойлауды неге өзгерткісі келеді?
"Мезгіл жетті": Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын тойлауды түбегейлі өзгертуді ұсынды
"Билікте маңызды өзгерістер болады" Астролог наурыз айына болжам жасады
Кілт сөздер:
Наурыз мейрамы
Загрузка...

Басты тақырып