07:24 30 Мамыр 2020
Тікелей эфир
  • USD411.54
  • EUR458.13
  • RUB5.84
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
231410

Ғалымның пікірінше, Наурыз мерекесін жаңғыртудың жаңа бағдарламасы керек

НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз – Sputnik, Дәурен Ерболат. Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, ғалым, фольклортанушы Ақеділ Тойшанұлы Ұлыстың ұлы күні неге 22 наурызға дәл келетінін, "Амал" мерекесі неліктен батыста ғана сақталғанын түсіндіре келе, бүгінгі күні ұлық мейрам тиісті деңгейде тойланбай жүргенін ашық айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ұлыстың ұлы күні неге 22 наурызда мерекеленеді

Ғалым ең алдымен Наурыз мерекесінің шығу тарихына тоқталып өтті.

"Селжұқтардың Мәлік-шах І деген патшасы астраном Омар Хайямға тапсырма береді. Ондағы мақсаты – халықтан алым-салықты жинауға қолайлы уақытты белгілеу. Омар Хайям зерттеу жұмысын жүргізе келе, күнтізбеге 22 наурызды белгілеген. Себебі, сол күні күн мен түн теңелген. Содан бері, Иран, түркі халықтары ұлыстың ұлы күнін 22 наурызда тойлаған. Бұл Омар Хайям  күнтізбесіндегі наурызды қазақтар "жас наурыз" деген", - дейді Ақеділ Тойшанұлы.

Оның айтуынша, қазақ даласын мекендеген тайпалар шығыс халықтарымен тығыз сауда-саттық жасауы, мәдени қарым-қатынас орнатып, көршілік байланыста болуы Ұлыстың ұлы күнін 22 наурызда тойлауға әсер еткен.

"Амал" немесе "Көрісу" мерекесі  неге батыста сақталған

Сондай-ақ фольклортанушы 14 наурызда Батыс Қазақстан өңірінде тойланатын "Амал" немесе "Көрісу" мерекесіне қатысты өз ойын білдірді. Айтуынша, қазіргі таңда "амал" деп жүргеніміз, бұрынғы – "хамал" айы екен.

"Бұл – зодиак шоқжұлдызы бойынша араб тіліндегі жұлдыз-ай атаулары. Уақыт өте "х" әрпі түсіп қалып, қазақтар оны "амал" деп атай бастаған. Ондағысы "Наурыз келді" дегені ғой. 14 наурызда азаматтар бір-бірімен көрісіп, құшақтасып амандасқан. Бұл – қазақ халқының мәдениетінің бір бөлігі болып саналатын дәстүр. Кейін елімізде болған әртүрлі жағдайларға байланысты батыста ғана сақталған", - дейді ғалым.

Оның айтуынша, батыс Қазақстан халқы зодиак шоқжұлдызы бойынша күнтізбелік жүйедегі наурызды "қарт наурыз" деп атаған.

"Батыста наурыздың ерте келуіне ол аймақтың ұстанатын күнтізбелік жүйесі себеп болған. Ол күнтізбе ел арасында "Байбақты Қазыбек" жүйесі деп аталған. Жалпы көрісу – төс түйістіру, қауышу, құшақтасып амандасуды білдіреді. Бұл тек батыста болды десек ағаттық. Бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді. Наурыздың алғашқы күнін көргенде қазақтар тәжім етіп, бір-бірімен құшақтасып көріскен. "Бір жасың құтты болсын" деп амандасқан", - дейді ол.

Этнограф ғалымдар не дейді?

Ақеділ Тойшанұлы күнтізбені зерттеген Б.Куфтин және басқа да ғалымдардың еңбектерінде наурыз мерекесі туралы деректер кездесетінін атап өтті.

Оның айтуынша, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеев, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердиев, тарихшы Құрбанғали Халидидің шығармаларында ұлық мейрам туралы тың деректерді кездестіруге болады.

"Мысалы, Шәкәрім Құдайбердиевтің ұлы Ақат әкесімен бірге 14 наурызды "жыл басы" ретінде Саят қора қыстауында қарсы алғанын естелігінде жазған. Енді бір деректерде Ф.Фиельструп деген ғалым арғын қаракесек руы 17 наурызды "жыл басы" деп тойлағанын айтады", - дейді Ақеділ Тойшанұлы.

Ұлыстың ұлы күні тиісті деңгейде аталмай жүр

Әңгіме барысында ғалым сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің 14 наурыз Көрісу күні ресми мерекелер санатына енгізу бастамасына қатысты өз ойын айтты. Оның пікірінше, бұл мәселені асықпай, ақылға салып, шешу қажет.

Ақеділ Тойшанұлы ұлық мейрамды тойлаудың арнайы бағдарламасын дайындау қажет деген ұстанымда.

"Бір ғана көрісу күнін" сарт еткізіп, бір қаулы шығарумен мәлесе шешіліп кетеді деп айта алмаймын. Менің ойымша, елімізде Наурызды тойлаудың арнайы шарттары әлі қалыптасқан жоқ. Бүгінде біз Наурызды шоу сияқты көз алдау үшін тойлап жүрген тәріздіміз. Ашығын айтайын, Ұлыстың ұлы күнінде жыл сайын қайталанатын, ығыр болған концерттік бағдарламалар қойылады, киіз үйлер тігіледі.  Бір рет пайдаланатын стақанмен наурыз көже ішеміз. Ұлық мейрамды осылай тойлап жүрміз. Мұны өзгерту үшін арнайы бағдарлама қабылдау керек", - дейді ол.

Наурыз отбасылық мереке болуы тиіс

Сонымен қатар Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Наурыз мерекесінің форматын өзгерту қажет деген бастамасын қолдайтынын жеткізді.

"Кезінде Qazaqstan ұлттық арнасын Ғалым Доскен басқарды. Сонда Ғалым аға білімді азамат ретінде ұжымдағы әріптестеріне мынадай ұсыныс айтқан еді: "Аналар мен балаларға осы Наурызда сыйлық жасап, олардың көңілін көтерсек, ол отбасылық мейрамға айналады". Бұрынғы заманда да қазақтар бір-біріне сыйлық беріп жүрген ғой. Оны "селт еткізер", " ұйқыашар" дейді. Сондықтан жақындарымызға Наурыз мерекесінде сыйлық беру керек", - дейді Ақеділ Тойшанұлы.

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз
© Sputnik / Анатолий Устиненко
Ғалымның айтуынша, сыйлық жасау дәстүрі сақталса, туыстарымыз жыл сайын Аяз атадан  сыйлық күткендей олардың да ұлық мейрамды тойлауға құлшынысы оянады екен.

"Сондықтан мен де министрдің айтқанын қолдаймын. Себебі, бұл мерекеде аналарымызды сыйлап, ақсақалдарымыздың батасын алып, балаларымызды қуанта беруіміз керек. Наурыз шынайы мейрам болуы шарт", - дейді Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері.

Бақ қонып, Қыдыр ата дарысын

Сөз соңында Ақеділ Тойшанұлы қазақстандықтарды наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

"Қазақстандықтарға бақ қонып, Қыдыр ата дарысын. Жаңа жыл құтты болсын! Қазақ доңыз жылын "берекелі жыл" дейді. Биылғы жыл тек жақсылық әкелсін", - деп түйіндеді сөзін ғалым.

Тақырып бойынша

Наурыз мейрамы қарсаңында елорда қалай өзгерді - фото
"Жаңа өмірдің басталу сәті" Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады
Наурыз мейрамында дастарқанға қандай тағамдар қойылады
Биылғы Наурыз ерекше: Нұрсұлтандықтар мейрамды қалай тойлап жатыр?
Атыраудағы Наурыз мейрамында қазақстандық алып күш иесі әлем рекордын орнатты
Кілт сөздер:
ғалым, Наурыз мейрамы
Загрузка...

Басты тақырып