Мәдениет

"Современник" театры Нұр-Сұлтанда: Тасмағамбетов қандай сыйлық жасады?

© Sputnik / Руслан Кривобок / Медиабанкке өтуСпектакль "Горе от ума" в театре "Современник"
Спектакль Горе от ума в театре Современник - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Иманғали Тасмағамбетов – Мәскеудегі "Современник" театрының тұрақты көрермені, Нұр-Сұлтан халқына ұсынылған репертуарды таңдауға елшінің өзі ықпал еткен көрінеді

НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов Мәскеудің "Современник" театрынан Нұр-Сұлтанда "Вишневый сад" және "Горе от ума" спектакльдерін қоюды өтінген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Режиссер Римас Туминастың "Горе от ума" спектаклін көрермендер Бейбітшілік және келісім сарайында 3-4 шілде күндері сағат 19:00-де тамашалай алады, ал 6-7 шілдеде сағат 17:00-де режиссер Галина Волчектің "Вишневый сад" қойылымы халық назарына ұсынылады.

"Спектальдерді таңдауға көмектескен сіздердің Ресейдегі елшілеріңізге алғыс айтамыз, ол шын жүректен сыйлық жасағысы келді. Осы екі спектакльді өзі таңдап, келіп көрді. Иманғали Нұрғалиұлына (Иманғали Тасмағамбетов – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше әрі өкілетті елшісі) көп рахмет", - деді Еуразия халықтары Ассамблеясының халықаралық мәдени ынтымақтастық кеңесінің төрағасы, "Ресейдің мәдени маусымдары" жобасының жетекшісі Эльмира Щербакова.

"Современник" театрының директоры Игорь Поповтың сөзіне сүйенсек, Қазақстан елшісі – театрдың тұрақты көрермені. Елшілік ғимараты театрға жақын маңда орналасқан, дейді ол.

"Современник" театры қойған "Горе от ума" спектаклінің ерекшелігі неде?

Sputnik Қазақстанға берген эксклюзивті сұқбатында Ресейдің халық әртісі Сергей Гармаш айтқандай, литвалық режиссер Римас Туминастың "Горе от ума" спектаклі осы шығарманың өзге қойылымдарынан ерекшеленіп тұрады.

"Римастың театры – оның жеке театры. Біз өмір бойы орыс психологиялық театры туралы айтамыз. Сіз Римасты да, бізді де көресіз. Арамызда өзіндік бір үйлесім бар", - деді Гармаш.

Чацкийдің рөлін сомдаған Иван Стебунов Туминаспен бірге жұмыс істегеніне қатты разы екенін жеткізді.

"Біз әртүрлі жайттарға алдын ала дайын болдық, әрі қарай шынайы мерекеге ұласты", - дейді ол.

Дарья Белоусованың (Лизаның рөлінде) айтуынша, режиссер актерлердің сеніміне кіріп, дәрежесі жоғары, тәжірибесі мол, жасы үлкен болсын - барлық әртісті өзіне ғашық етеді.

Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Владислав Ветров (Молчалин рөлінде) атап өткендей, әр режиссердің қандайда бір шығармаға деген өз көзқарасы бар.

"Оқып отырып, ерекше назарымызды аударатын сәттер болады. Кейбір дүниелерге онша мән бермейміз. Ал Римас Туминас уақытты мүлдем басқаша сезінеді", - деді Ветров.

"Современник" театры елорда күніне орай Қазақстанға гастрольдік сапармен келді. Театр спектакльдер қоюмен қатар, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттеріне мастер-класс өткізбек.

Айта кетсек, мәскеулік театрдың Нұр-Сұлтан қаласына гастрольдерін Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ресейдің Қазақстандағы елшілігі, Ресейдің мәдениет және ғылым орталығы ұйымдастырды.

Бұл материалды Sputnik Қазақстанның орысша нұсқасынан да оқи аласыздар. 

Жаңалықтар
0