04:19 18 Қаңтар 2020
Тікелей эфир
  • USD376.51
  • EUR418.91
  • RUB6.13
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
63 0 0

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай телесериал және бірнеше деректі фильм түсіріледі

НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ақын туралы телесериал мен бірнеше деректі фильмнің түсірілетінін жазды. Sputnik Қазақстан тілшісі танымал қазақ режиссерлерінің осы бастамаға қатысты пікірін сұрап білді.  

"Абайдың алты нұсқасы бар"

Режиссер Талғат Теменовтың ойынша, Абай туралы сериалды талантты адам түсіруі керек. Қазақтың дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін, ал, ең бастысы, Абай өмір сүрген заманның егжей-тегжейін білетін маман болуы шарт.

"Бізде экранға шыққан Абайдың алты нұсқасы бар. Бірақ, шын мәнінде, Қалибек Қуанышбаев сомдаған образы болмаса, кейін Абайдың экрандағы бағы жанбады", - деді Теменов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оның ойынша, жаңа жобаны шетелдік мамандарға беруге болмайды. Себебі олар қазақтың мәдениетін түсінбейді.

"Мысалы, мен кеше ғана "Қазақфильм" киностудиясына барып, ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің "Абай" операсын теленұсқаға түсіретінін естідім. Егор қазақтың мәдениеті тұрмақ тілін де білмейді ғой. Ол спекталді қалай түсіреді? Енді бұны кімнің шешіп жатқанын түсінбеймін. Сонда Абайды түсіретін адам қалмаған ба?", - дейді Теменов.

Режиссердің айтуынша, Тоқаевтың тапсырмасын орындай алатын отандық мамандар аз емес. Абайдың рөлін сомдап беретін актер да бар. Бірақ, ең алдымен, режиссерді дұрыс таңдау қажет. Сонда ол образды да ашады. Режиссер Абайға жақын болып, Абайдың философиясын түсінуі керек.

Бір бөлім – 1 миллион доллар

Режиссер Досхан Жолжақсынов кезінде Құнанбайдың рөлін сомдаған. Оның айтуынша, Абайдың образын ашу оңай емес. Дегенмен, жаңа жобаны ойдағыдай жасауға болады.

"Абай туралы сериал түсіретін болса, сценарийге бәйге жариялау қажет. Осыны міндетті түрде жасаған дұрыс. Сценарий мен бірге режиссерді қоса таңдау керек. Өйткені ол сценариймен бірге біте қайнауы қажет. Бұл – негізгі шарт", - дейді Жолжақсынов.

Осы орайда ол барлық режиссерге ортақ бір әдетті еске алды. Олар фильмді бас кейіпкердің бала кезінен бастайды.

"Меніңше, бұл – уақытты алатын манипуляция. Режиссерлер көрерменнің көзқарасын қалыптастырамыз деп, бала кезінен бастайды да, негізгі кезеңге көп салмақ салмайды. Ал Абайға келгенде оның оң-солын таныған кезеңін алған дұрыс сияқты. Соған басымдық бергеніміз жөн. Фильм есеп үшін түсірілмеуі керек ", - деп атап көрсетті Жолжақсынов.

Тағы оқыңыз: Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарияланды

Режиссер телехикаяның бір бөліміне 1 миллион доллардан бөлінуі керек деп санайды. Онсыз сапалы декорация мен киім-кешек жасау мүмкін емес.

"Енді, біз "Біржан сал" мен "Құнанбайда" не түсірілгенін білеміз ғой. Ұялатын жерлер бар. Ұяласың да, аһ ұрасың. "Қайран, қазағым-ай" дегің келеді. Құрал-жабдықтың бәрі қаржыны талап етеді. Ал актер таңдағанда "ұқсайды-ау" деген үрдіске салынбау қажет. Сосын Абайды баяғыдай мүсін-ескерткішке айналдырмай, мейілінше жерге түсіруге тырысу керек", - деп атап көрсетті Жолжақсынов.

Қазақтың шын болмысын әлемге паш етеміз десек...

Режиссер Рүстем Әбдірашев та "Абай туралы сериал түсірсе де, деректі фильм түсірсе де, көптік етпейді" деп отыр. Себебі қазақтың Абай кезіндегі тұрмыс-тіршілігі халқымыздың болмысы мен табиғатын ашық көрсетеді. Ал Мұхтар Әуезов өз романына ұлттық кодымызды енгізіп кетті. 

"Телесериал мен деректі фильм түсіру – бұл үлкен бастама. Оны жақсылап тұрып жасау керек. Қомақты етіп шығарған жөн. Қазақтың шын болмысын дүниежүзіне паш етеміз десек, Абайдың заманы, Абайдың сөздері арқылы шығуымыз қажет", - дейді Әбдірашев.

Осы орайда режиссер шетелдегі бір жолдасының сөзін еске алды. 

"Менің шетелдегі бір таныс досым: қазақтар "Абайдың қара сөздерін" оқып-оқып, соның арқасында бүгінде сапалы елге айналып отыр ғой. Себебі өз кемшілігін сезіне біледі, соны сынға алып, тұжырым жасайды. Ал Абайдың мықтылығы сол, қазақтың шынайы образын көрсете білді деп айтты", - дейді Әбдірашев.

Режиссердің айтуынша, Абай туралы телехикаяны сапалы етіп түсіруге болады. Бірақ соған сай қаржы бөлінуі шарт.

Тақырып бойынша

"Кінәсін мойындаған" Әуезов: жазушы туралы қызықты деректер
Абайдың қара сөздері норвег тіліне аударылуы мүмкін
Жүсіпбек Аймауытовтың балалары неліктен қорқынышпен өмір сүрді?
Тоқаев үкіметке Семей қаласына қатысты тапсырма берді
Кілт сөздер:
режиссер, телехикаялар, Абай
Загрузка...

Басты тақырып