17:03 24 Ақпан 2020
Тікелей эфир
  • USD375.87
  • EUR406.24
  • RUB5.84
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
8167 0 0

Белгілі актер шетел кинолары арқылы біздің ұлтымызға жат дүниенің бәрі қойны-қоншымызға дейін кеулеп алғанын айтып ашынды 

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik, Әйгерім Таубай. Белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыстың есімі өнер сүйер қауымға етене таныс. 30 жылдан бері Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген актер осы уақытқа дейін 60-қа жуық рөлді сомдады. Аузы дуалы, көргені мен білгені мол ел ағасымен Sputnik Қазақстан тілшісі бүгінгі қоғам мен адам, театр өнері жайлы әңгімелесті.

–  Бекжан аға, әлеуметтік желіде белсенділік танытып, ұлттың ертеңі үшін азаматтық позицияңызды көрсетіп келесіз. Арасында бүгінгі қоғамның хал-жайын да көтересіз. Расында,  біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз?

– Біз көп өтірік айтатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Тіпті өтірік өмір сүруді қоғамның негізгі тірегіне айналдырып алдық. 30 жыл ұрандатып, өтірік сөзбен өмір сүрдік. Мансаптың бағы үшін мақтанға салынып, ар-ұяттың бәрін саудаға салып жатырмыз. Ұрпақты да өтірікке үйретіп келеміз. Бүгінгі ұрпақ "Алға, Қазақстан!" деген ұранды көріп өсті. Қазір біз жағымпазы көп елміз. Қазіргі бала жалтақ қоғамның жағымпаз адамдарынан қандай тәрбие көріп отыр? Көрсетер өнегеміз қайсы? Осының бәрі, айналып келгенде, ұлттық мінез-болмысымызды жоғалтып алғанымыздың кесірі. Жас ұрпақ осылай өтірік жағымпаздануды үйреніп жүр.

–  Бірде үнемі ой үстінде жүретін адаммын деген екенсіз. Нені жиі ойлайсыз?   

–  Күнделікті болып жатқан оқиғаларға, басымнан өткен жайттарға, жағымпаздықтың жарапазанын айтып желқостарды көрген кезде түрлі ой келеді. Бізде, қазақта қасиетті мінез көп еді. Қазір сол ұлы қасиеттерден айырылып қалдық. Қоғамның кемшін тұстарын көрген кезде "неге?" деген сұрақ туындайды. Осының бәрін жазып жүремін.

Өтірік ғұмыр кешуді өмір сүрудің негізгі тірегіне айналдырып алған бүгінгі қитұрқы адамдардың айнымас құбылысын көріп жүрегің айниды. Ел ішіндегі шектен шыққан парақорлық пен әділетсіздік, мансаптың тағы үшін мақтанға салынып, басының бағы үшін ар-ұятын саудаға салып жағымпаздықтың жарапазанын айтып жүрген "жасампаздарды" көргенде "апыр-ай, жұмыр жер неге жыртылып кетпей шыдап тұр" деген ойға қаласың. "Құлағын сатқандардан Құдай атқандардың сүлдесін көріп, сасқанымнан күңіренем де күрсінем", - деп еді Софы Сматаев аға бір сөзінде.

Керекке жарамайтындарды керемет тұтқан бүгінгі қомағай-қоғам көмейі бүлкілдегеннің бәрін – шешен, көптің үстінен зіркілдегеннің бәрін көсем етіп қойды. Көлгірсіп сөйлеп көптің көңілін аулайтын жылтырлар көбейді. Азаматтық позицияның жоқтығы мен тапшылығы мұңайтады. Ұлтының жанын ұқпай ұлы болғысы келетіндерін қайтесіз! Ұлт бар жерде ұлттық проблеманың болмай қалуы мүмкін емес. Еліміздің жақсылығына қуанамыз, жаманына неге көз салмаймыз, неге жанымыз ашымайды?! Көп нәрсені саясатпен байланыстыра салғымыз келеді, ол саясат емес, азаматтық борышымыз емес пе?

– Бұл кімнің қателігі?

– Бұл – қоғамның қателігі. Үлкені жоқ, қариясы жоқ елдің балалары дуана келеді деген халық сөзі бар. Барды бар, жоқты жоқ деп айтатын үлкендеріміз жоқ. Біз де үлкен бола алмай жүрміз. Өйткені біз жалтақпыз. Үлкеннің алдындағы үлгің, кішінің алдындағы кісілігің болса, сонда үлкен боласың. Бізде осы нәрсе жоқ. Бәріміз атаққұмар болып кеткен сияқтымыз. Биліктің тастаған күйегіне таласып, соған құмартып тұрамыз. Арамызда ұлт үшін жанын құрбан етуге баратын адамдар бар. Мүлде жоқ деп айта алмаймын. Алайда Қосановтан кейін кім расымен ұлтқа қызмет етіп жүргенін ажырата алмай қалдық. Қоғам бір-бірін сатуға дайын тұрады. Осы "сату", "сатқан", "сатылған" деген сөздердің саудагерлер үшін қандай  екенін білмеймін, ал өзім үрейленіп қараймын. Себебі осы сөздің мың рет құрбаны болып, мың рет жоғалып барып табылған қазақпыз.

– "Тобыр" сөзін орынсыз қолданатын жас жұлдыздар туралы айтып қалдыңыз. Тобыр деген кім?

–  "Тобыр" сөзін қабылдай алмаймын. Иә, ақын Абай "тобыр" сөзін қолданды.  Себебі оның заманы басқа, ол өзгелерден биіктеп кетті. Ал қазір тобыр деген – халық, көпшілік. Халық бола алмай жүрген қанша ел бар? Біреудің бір кемшілігін көріп, жарқырап жерге түсе алмай жүрген мега жұлдыздар "тобыр осылай сөйлейді" деп айтады. Күлесің де, қоясың. Ал оларды балағаттауға болмаса бірдеңе деуге менің тәрбием жібермейді.

– Біз рухани жаңғырып жатырмыз ба?

– "Көрер көз, сезер жүрек болса, біздің рухани әлеміміз өмір мен өлім додасын кешіп отырғандай" деген Ақселеу Сейдімбек ағамыздың сөзі бар. Қазір біз рухани жағынан мүгедекпіз. Қазір дамыған елдердің озық мәдениеті деген сөз шықты. Осындай даурықпа даңғазалық құлақты тұншықтырып бітті. Телеарна шетел кинолары арқылы біздің ұлтымызға жат дүниенің бәрі қойны-қоншымызға кеулеп алды. Қазір төрімізде тайраңдап жүр. Бүгінгі теледидардың алдында құлағы қалқиып қарап отырған ұрпақ ертең соны қайталамасына кім кепіл?! "Қалаулымды" жұрт жабылып жаптыра алмай жатыр. Ал сол біздің мәдениетімізге келе ме? Ешкімнің күші жетпейтін не қылған құдірет?!

Ақселеу ағамыздың "Қазақ ұлтының телеарнасы қандай болса, елі сондай болмақ" деген сөзі бар. Телеарна – идеологиялық қару. Осы мәселелер көңілді қатты алаңдатады. Қанымыз таза халықпыз, алайда жанымыз мешеуленіп, рухымыз солып  бара жатыр. Ұрпақ жаттың жылтырына құмар болып өсіп келе жатыр. Қисыны жоқ қиялдардың құрбаны болып кетіп бара жатырмыз. Өз ұлтымыздың құндылығынан өзімізге қажеттісін таңдай алмай жүрміз.

– Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?

– Мені шақырып шәкірт тәрбиеле деп жатқан ешкім жоқ. Ұстазымыз Асқар Тоқпанов "Өнерді өнері зор адамнан үйренеді" деп айтатын. Бүгінде өзіне әлі де ұстаз керек адамдар шәкірт тәрбиелеп жатыр. Олар балаға не береді? Шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігі үлкен. Өнерді үйретумен қатар, ол баланың бойына қандай ізгілік сыйлай алды деген ой мазалайды. Ілім алам, білім алам деп келген баланы ізгілікке ұйытатын біз емес пе?! Ата-анамыз бізді тектілікке тәрбиелеп, ірілікке үйретті. "Оқуға түсіп жатсаң, ары қарай үйрететін ұстаздарың бола жатар" дейтін. Ұрпақтың ұлағаты жолында біреуді бірдеңе деп айтуға да ұяламын.

– Жеке театр ашу ойыңызда бар ма?

– Театр ашу оңай шаруа емес. Оны ашқан соң, театрға еңбек ету керек. Оны ешқашан ойлап көрмеппін. Алайда театр ашпай-ақ, театрдың ішінде моноспектакльдер қоюға болады. Ұлым екеуміз "Ұлым саған айтам..." қойылымын қойдық. Бұл – менің азаматтық позициям. Әрбір ойлы адамның ойын айттым. Бүгінгі қазақтың ішіндегі мұңын ұлым арқылы көрсеттім. Әркім өзінен бастасын. Ұлтқа қызмет алаңға барып айғайлау емес. "Шын талант ұлттың үні болып сөйлейді" деген сөзі бар халқымыздың. Талантсың ба, ұлттың үні бол. Жасырынып қалма.

– Жаңа қойылымды сахнаға шығару ойыңызда бар ма?

– "Ұлым саған айтам..." қойылымын көпшілік жақсы қабылдады. Әлі күнге дейін сұрайтындар бар. Бірнеше қалаға сұраныспен де барып қойдық. Ойымда идея көп. Соны жасайтын режиссер тапшы. Егер ойымыз бен ниетіміз бірдей режиссер табылып жатса, жаңа дүниелер жасауға болады.   

– Отбасыңыз жайында айтып берсеңіз. Жарыңыз өнер адамы ма? 

– Келіншегім екеуіміз бір ауылданбыз. Ол кісі еңбек жолын ұстаздықтан бастап, мектепте сабақ берді. Ал қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде сабақ береді. Өзі профессор, өз еңбегімен 6-7 жыл бойы кандидаттық жұмысын жазды. Бір қыз, бір ұлым бар. Қызым Айгерім ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетін бітірген. Үш жиенім бар.

Ұлымның есімі – Мағжан. Ұлым о баста өнер жолын таңдағанда, соншама қарсылық танытып, ақыры Алматы энергетикалық университетіне құжат тапсыруға көндіріп едім. Оны өте жақсы бітірген соң "Әке, оқы дедіңіз, оқыдым, дипломыңыз, міне. Енді менің өз қалауыммен жүруіме рұқсат етіңіз" деді де, Т.Жүр­генов атындағы Өнер академия­сына құжат тапсырып, оқуға түсті. Сұраған елдің бәріне айтып жүрмін, баламның біздің театрға келгенін қаламаған едім. Оқуын бітіретін кезде Жалғас Толғанбаевтың баласы екеуі тағы да өзіндік жұмыс жасап, көркемдік кеңес екі баланың еңбегін жоғары бағалап, театрға алып қалды.

– Әңгімеңізге рахмет! Көрермендеріңіз көп болсын!

Тақырып бойынша

Таста бұл жұмысты: Аша Матай "Қалаулымнан" кетуге мәжбүр екенін мәлімдеді
"Дардай атыңызға сын": Асхат Садырбай Ләйлә Сұлтанқызының бағдарламасын жабуды талап етті
"Қалаулымды" ел неге көреді немесе үкіметтің шаруасы жоқ мәселе
Жалмағамбетова депутатқа: "Қалаулымды" көрмеймін десеңіз, көрмей-ақ қойыңыз
"Ащы шындық" Қазақ жігіттерін кінәлаған белгілі әншінің басы дауға қалды
"Қалаулым" жаңаша шықты: Аша Матай отбасылық әңгімені жұртқа жайып салды
Кілт сөздер:
телеарна, Қалаулым
Загрузка...

Басты тақырып