07:40 23 Қараша 2017
Тікелей эфир
Нұрлан Нығматулин

Нығматулин министрге: бюджет қаржысының игерілуіне бірінші басшы неге жауап бермейді?

© Sputnik / Болат Шайхинов
Экономика
Қысқа сілтеме алу
65 0 0

Бюджет заңнамасын жетілдіру бойынша жаңа заң жобасында бірінші басшының жауапкершілігі белгіленбеген

АСТАНА, 4 қазан — Sputnik.  Мәжілістің қарауына түскен бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері туралы заң жобасында бюджет қаржысының игерілуіне бюджеттік бағдарлама жетекшісі жауапты деп бекітілген. Құжатта бірінші басшысының, яғни әкім мен министрдің жауапкершілігі жоқ. Осы мәселе депутаттардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Қазіргі салық кодексінің 104- бабында егер бюджеттік бағдарлама игерілмесе және нәтиже бермесе, осы бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бірінші басшысы жауап береді деп нақты көрсетілген. Ал қазіргі қаралып отырған заң жобасында министрлік тағайындаған бағдарлама басшысы жауап береді деп айқындалған. Осыны қалай түсінуге болады? Сонда бірінші басшы жауап бермейтін бола ма?", — деп сұрады депутат Жексенбай Дүйсебаев заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтен. 

Министрдің айтуынша, бірінші басшының жауапкершілігі бар, бірақ оның жұмысы бюджеттік қаржының игерілуі тұрғысынан ғана емес, барлық көрсеткіштер бойынша жалпы бағаланады.

"Мемлекеттік органның бірінші басшысының жалпы түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу бойынша  жауапкершілігі бар. Президенттің мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы жарлығы бар, оның аясында мемлекеттік органдардың және оның басшыларының барлық көрсеткіштер бойынша нәтижелері бағаланады. Жыл сайын есеп дайындалады, ол президенттің әкімшілігіне жіберіледі. Президент әкімшілігі мемлекеттік органның, нақты оның бірінші басшысының жұмысын бағалайды. Яғни біздің жалпы жауапкершілігіміз бар", — деді Сүлейменов.  

Осы жерде мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әңгімеге араласты. 

"Жауапкершілік жалпы болған кезде толықтай жауапсыздық болады. Қазір ғана бірінші басшының жауапкершілігі қалады дедіңіз. Қайсы шындық екенін түсінбей отырмын. Заң жобасына ма, әлде сіздің жауабыңызға сенеміз бе?", — деді палата спикері. 

"104-бапта қаражаттың игерілмегеніне бюджеттік бағдарлама әкімшісінің басшысы жауапты деп жазылған. Яғни, сіздер заң жобасынан мемлекеттік органның бірінші басшысы деген сөзді алып тастап, бюджеттік бағдарламаның жетекшісі дегенді қалдырасыздар. Бюджеттік бағдарламаның жетекшісі — әдетте, департамент директоры, басқарма басшысы. Мемлекет басшысы осындай міндет қойған еді. Яғни, облыс басшысы, министр мемлекеттік қаржының игерілуіне жауапты. Енді қазір сіздер бұл жауапкершілікті бюджеттік бағдарлама басшысының мойнына іліп қоймақшысыздар", — деп кейіді төраға. 

Сүлейменов бұл ескертудің дұрыстығымен келісіп, мәселені үкімет ішінде қайта қарастыруға дайын екенін жеткізді. Десе де, Нығматулин заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісіне бюджеттік бағдарламаның жетекшісімен бірге бірінші басшының жауапкершілігін бекітуді министрдің ұсынысы ретінде енгізуді тапсырды.

Басты тақырыптар