АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. Қырғыз тасымалдаушыларының Қазақстан заңнамасын бұзуы рекордтық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.
2017 жылғы 1 қаңтар мен 14 қараша аралығында Қырғызстанның 22 192 жүк көлігі тексерілді. Оның ішінде 1376-сында заңбұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың көрсеткіштерінен де асып түсті. Былтыр Қырғызстан тасымалдаушылары заңнаманы 1141 рет бұзған болатын.
Ең жиі кездесетін заң бұзушылықтар ішінде тауар-көлік жүк құжатының (CMR) болмауы – 516 рет; салмақ және габарит параметрлерін сақтамау — 288 рет; тез бүлінетін жүктерді тасымалдау сертификатының болмауы — 288; каботажды тасымал жасау –166 рет.
Бұдан бөлек жолаушыларды тұрақсыз тасымалдауға арналған қазақстандық рұқсат бланкілерінің болмауы, жүктерді тасымалдау ережелерін және қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін, өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу секілді олқылықтар анықталды.