16:54 18 Желтоқсан 2017
Тікелей эфир
Алтын

Ұлттық телекөпір: Назарбаев бүгін жаңа өндіріс ошақтарын іске қосады

© Sputnik / Редлих
Экономика
Қысқа сілтеме алу
70 0 0

Индустрияландыру бағдарламасы аясында бүгін жаңа кәсіпорындар ашылады

АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы" ұлттық телекөпірі барысында жоғары технологиялық бірқатар жаңа өндіріс ошағын іске қосады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ұлттық телекөпір барысында бүкіл ел бойынша онлайн режимінде жаңа индустриалды-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылатын болады. 

Атап айтқанда, "Қазақалтын Технолоджи" компаниясы Ақсу ауылында алтын өндіру фабрикасын іске қосады. Ақтөбе облысында машина жасау және металл өңдеу секторында мұнай-газ жабдықтарын өндіру және құбырлар шығарумен айналысатын "Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты" ЖШС зауыты ашылды. Ал Атырау облысында ("Жігермұнайсервис" ЖШС) роботты дәнекерлеу әдісімен металл құрастырмалары өндірісі іске қосылмақ.

Тамақ өнеркәсібінде және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде Солтүстік Қазақстан облысындағы "Маслодел" ЖШС "Тетра Пак" ЖШС жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған сүт зауытын ашады. Шығыс Қазақстан облысында "Восток-Молоко" ЖШС жоғары технологиялық жабдықтары орнатылған сүт кешенін модернизациялаған. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысында жаңа құс фабрикасы іске қосылады.

Сондай-ақ телекөпір барысында Жамбыл облысында "Оргстрой" кәсіпорны гранит, мәрмәр және гипс өндіру, жарылғыш құрылғыларды өндірудің жаңа технологиясын өңдеу бойынша өндіріс ашуды жоспарлап отыр. Алматы облысында "Psi Stroy Industriya" ЖШС металл конструкцияларын шығаратын зауытты, Коринская ГЭС баламалы энергетикалық жобаны іске қоспақ.

Ал Қарағанды облысында ескі көліктерді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын жұмыс істей бастады. Кәсіпорын жылына тозығы жеткен автокөліктердің 50 мыңын қайта өңдеуге қауқарлы.

Бұған қоса, телекөпір барысында Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және Еуразия құрлығындағы логистикалық торапты құру жобасын іске асыру мақсатында Мемлекет басшысы Құрық порты (Маңғыстау облысы) паромдық терминалының бірінші кезеңін іске қосады.

Сондай-ақ, Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес, өз авиалайнерлері мен басқа да әуе компанияларының ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін "Эйр Астана" авиациялық техникалық орталығы жұмыс істей бастайды.

Маңғыстаудағы "Ақтау – Бейнеу" автожол жобасының "Ақтау – Шетпе" учаскесі ашылады. "Continental Logistics Shymkent" ЖШС Шымкентте ірі көлік-логистикалық орталығын салған. 

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысындағы алюминий өндірісі мен осы алюминийден автомобиль дискілерін шығаратын "Giessenhaus" ЖШС өндірісін, "ArcelorMittalTubularProductsAktau" АҚ дәнекерлеу құбырлары өндірісі (Маңғыстау облысындағы Ақтау теңіз порты АЭА), "Химфарм" АҚ (Оңтүстік-Қазақстан облысы) қатты дәрі-дәрмек нысандарының жаңа цехы, Қызылорда облысындағы "Gejuba Цемент" ЖШС цемент зауыты және Атырау облысындағы "Қазақстан Петрохимия өнеркәсібі" ЖШС өндірісін іске қосады. 

"Еуразиялық топ" (ERG) өндірісті технологиялық жаңарту жобасы аясында Қостанай облысының Қашар кенішінде "ақылды" карьерін, "Қазмырыш" корпорациясы Шығыс Қазақстан облысындағы Малеев кен орнында Pitram жүйесін, "Алтыналмас" компаниясы Жамбыл облысында интеграциялық тұғырнаманы іске қосады.

Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы "Инновациялық Технологиялар Паркінде" дербес кластерлік қордың "Сандық зертханасы", Астанадағы "Назарбаев Университетінде" робот техникасының зертханасы ашылады.

Басты тақырыптар