16:40 26 Қыркүйек 2018
Тікелей эфир
  • USD356.54
  • EUR419.43
  • RUB5.42
Қазақстан парламентінің ғимараты

"Қарызымыз бастан асады!" Депутат вице-министрдің сөзіне ашуланып кетті

© Sputnik / Болат Шайхинов
Экономика
Қысқа сілтеме алу
311480

Қазақстанның мемлекеттік борышы 14,2 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 24,8 процентін құрап отыр

АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Сенат депутаты Әли Бектаев мемлекеттік қарыздың жыл сайын өсіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін Сенатта мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген қарыз алу мен борышы, квазимемлекеттік сектордың борышы мәселелері бойынша жиын өтті. Шара барысында белгілі болғандай, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2018 жылдың 1 шілдесінде 14,2 триллион теңгені немесе ЖІӨ-нің 24,8 процентін құраған. 

"Мемлекеттік қарыз ЕАЭО-ға мүше елдер үшін бекітілген ЖІӨ-нің 50 процентінен аспайды. Мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектор қарызының жиынтық мөлшері осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 28,4 триллион теңгені немесе ЖІӨ-нің 49,7 процентін құрады", — деген еді қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев. 

Осы орайда сенат депутаты Әли Бектаев мемлекет борышына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Сенатор экономистер мен қаржыгерлердің қарыздың неге қайтпайтын салаға құйылатынын сұрады. 

"Мен мына мәселеге көңіл бөлгім келеді. Займ деген қарыз ғой, солай емес пе?! Қарызды қайтатын жерге, яғни өндіріске, бизнеске, тағы басқа салаларға салу керек. Түрлі халықаралық қаржы институттарынан қаншама қарыз алып, оны білім, медицина, жұмыспен қамту салаларына салу дегенді өз басым түсінбеймін. Сіздер экономистсіздер ғой, маған соны түсіндіріңіздерші. Неге біз қарызды қайтпайтын салаға саламыз? Сол білім саласына да, денсаулық саласына да өзіміздің бюджетте ақша қарастырылған. Мұғалімдерді даярлау, оқыту, мектептерге тиісті материалдық жағдай жасау, мультимедиялық кабинеттер алып беру, медициналық сақтандыруды түсіндіру – мұның барлығы біздің мемлекеттік органдардың тікелей міндеті. Республикалық бюджеттің бүкіл шығысы осындай нәрселерден құралады, соларға қаржы қараймыз. Бірақ біз шетелден, болмаса халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз аламыз да, сөйтіп оны қайтпайтын салаға саламыз. Мен осыны түсінбеймін. Қаржыгерлер, маған түсіндіріп беріңіздерші", — деді мемлекет қарызының өсуіне алаңдаған депутат. 

Бектаев мемлекеттік борыштың қауіпсіз деңгейде сақталып отырғанын қайта-қайта айта берген қаржы вице-министрін сынады.

"Руслан Бақытжанұлы, сіз өз сөзіңізде мемлекеттік борыштың қауіпсіз деңгейде сақталып отырғанын бірнеше мәрте атап өттіңіз. Мемлекеттік қарызды қалай азайту керектігін емес, оны қауіпсіз деңгейде сақтау туралы әңгіме айтып отырсыз. Біздің қаржы органдарының лексиконы қалай өзгеріп жатқанын түсініп отырсыз ба? Соңғы 5 жылда үкіметтің қарызы 5,8 есеге өскен. Бүгінде мемлекеттік қарыздың жалпы көлемі ЖІӨ-нің 50 процентіне жуықтады. ЖІӨ-нің 50 проценті деген Қазақстанның бар тапқан табысының тең жартысы. Түсінесіз бе?", — деді ашынған депутат. 

Сенатор мемлекеттік қарыз жыл сайын өсіп бара жатқанын айтты. 

"Біз бюджеттік заңнама аясында осы шекті деңгейді өз қолымызбен көтеріп отырмыз. Үкімет өз қаулысымен көбейтіп отыр, сол арқылы шекті деңгейден асқан жоқпыз деп өзімізді жұбатамыз. Қалай сонда? Мемлекетіміздің экономикалық тұрақтылығына неге сонша немқұрайлы қараймыз? Мен осыны түсінбеймін", — деді Бектаев. 

Халық қалаулысы мемлекеттік қарыз деңгейін басқа елдермен салыстыру қажеттігін айтты.

"Квазисектордың сыртқы қарызының шекті көлемін 2018 жылы 7 триллион теңге деп бекіттіңіздер. Бұл қандай процент сонда, неден олай бекітіліп отыр? 7 триллион деген ештеңе білдірмейді. Сіз өз сөзіңізде ЕАЭО елдері үшін шекті деңгей 50 процент деп айтып өттіңіз. Ал бүгінде басқа елдерде мұның деңгейі қандай? Мәселен, Өзбекстанда, Ресейде. Неге басқа елдермен салыстырмайсыздар? Өзімізді жұбататын ақпараттар тауып отыра береміз", — деп ашуланды ол.


Кілт сөздер:
экономика, қауіпсіздік, мемлекеттік қарыз, Сенат, Әли Бектаев, Қазақстан
Загрузка...

Басты тақырыптар