03:14 20 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD387.34
  • EUR428.44
  • RUB6.04
Сиыр, иллюстративті сурет

Бір қазақстандыққа қанша сиырдан келеді – сарапшылар есептеп шығарды

CC0 / pixabay.com
Экономика
Қысқа сілтеме алу
38910

Соңғы мәлімет бойынша, елімізде халық саны 18,5 миллион адам болса, сиыр саны 3,8 миллион басты құраған

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан экономикасын мониторингілеу жобасының мамандары талдау жүргізіп, ауыл халқының ірі қара малмен қамтылу рейтингін жасады. Оған сәйкес, өңірлер арасында Батыс Қазақстан облысы көш бастады. Бұл аймақта бір адамға 0,4 сиырдан келеді.

Осы жылдың екінші тоқсанында Қазақстан халқының саны 18,5 миллион адамға жетті, оның 41,7%-і –  ауыл тұрғындары, деп хабарлайды energyprom.kz.

Ауыл халқының басым бөлігі Алматы және Түркістан облыстарына тиесілі. Екі өңірдің әрқайсысында 1,6 миллион адам тұрады, бұл елдегі барлық ауыл халқының 41%-тен астамы. Үшінші орынға Жамбыл облысы жайғасқан. Мұнда 680 мыңнан аса ауыл тұрғыны бар.

Тағы оқыңыз: "Өйтпесек болмайды, ағайын": Сапарбаев екі сиырға қатысты сұраққа жауап берді

Ал 2019 жылдың шілде айының соңындағы дерекке сүйенсек, Қазақстанда сиыр саны 3,8 миллион басты құраған. Бұл былтыр дәл осы уақытта тіркелген көрсеткіштен 200 мыңға артық.

"2,1 миллион сиыр халық шаруашылығына тиесілі, бұл елдегі барлық сиыр санының 55,4%-і. Жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтарында 1,4 миллион бас немесе барлық сиырдың 37,1%-і шоғырланған. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 7,5% немесе 284,7 мың бас сиыр бар", келтірді energyprom.kz зерттеу мәліметін.

Сиыр саны жағынан Алматы облысы көш бастаған. Бұл өңірде 553,6 мың бас сиыр бар, өткен жылмен салыстырғанда 40 мыңға артқан. Екінші орында –Шығыс Қазақстан облысы (549,5 мың бас), ал үшінші орында – Түркістан облысы (486,4 мың бас).

Осылайша, зерттеуге сәйкес, Қазақстан халқын тұтастай алғанда, әр азаматқа сиырдың бестен бір бөлігі келеді. Егер тек ауыл халқын қарастырсақ, орташа статистикалық есеппен, екі адамға бір сиырдан келеді.

"Сиыр саны жағынан ең қамтылған өңір Батыс Қазақстан облысы болып тұр. Мұнда облыстың әр тұрғынына 0,4 сиырдан келеді. Халықтың сиырмен қамтылу рейтингінің үштігіне Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары енген – тиісінше 0,4 және 036 сиыр. Үздік бестікті Ақмола (0,3)  мен Павлодар облысы (0,29) тұйықтаған", - дейді зерттеу авторлары.

Мамандардың пайымы көңіл көншітпейді. Олардың пікірінше, Қазақстанда ауыл халқының саны әжептәуір көп болғанмен, ауылдықтардың ірі қара малмен қамтылу деңгейі айтарлықтай төмен. Мал экспорты жыл сайын ұлғайып жатқанын ескерсек, бұл болашақта ет пен ет өнімдерінің қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін.

Десе де, сарапшылардың пікірінше, бағаның өсуіне тосқауыл қоюға болады. Ол үшін ауыл шаруашылығы министрлігі, қаржы министрлігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар малды ел аумағынан шығаруға алты айға тыйым салатын бұйрық жобасын әзірлеуі керек.

Тағы оқыңыз: Қазақстаннан мал шығаруға тыйым салынуы мүмкін

Екі сиыр төңірегіндегі әңгіме Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысынан кейін туындаған еді. Сол жолы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетке алақан жаятындарды сынаған болатын. Елбасы көмек сұрай беретіндерге "екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра" деп кеңес берді.

Кілт сөздер:
зерттеу, Назарбаев, сиыр
Загрузка...

Басты тақырып