19:33 15 Қазан 2019
Тікелей эфир
  • USD389.62
  • EUR429.98
  • RUB6.06
Қазақстанның ұлттық валютасы теңге

"Тоқтату керек": белгілі экономист Тоқаевтың ұсынысын қолдамады

© Sputnik / Абзал Калиев.
Экономика
Қысқа сілтеме алу
9283 0 0

Экономистердің пікірінше, зейнетақы жинағын алуға рұқсат беру баспана мәселесін шешіп қоймай, азаматтардың өз ақшасын басқаруға деген ынтасын оятады

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Қазір үкімет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін алуға рұқсат беру мәселесін пысықтап жатыр. Мемлекет басшысының ұсынысы қоғамда қызу талқыға түскені жасырын емес. Sputnik Қазақстан тілшісі зейнетақы жинағын пайдалануға берудің дұрыс-бұрыстығын экономистерден сұрап білді. 

"Бостан-босқа жатқанша, халық пайдалансын"

Белгілі экономист Мұхтар Тайжан президенттің ұсынысын қос қолдап қоcтап отыр. Себебі, оның айтуынша, зейнетақы қорындағы ақша онсызда күннен-күнге құнын жоғалтып барады.

"Бір жағынан, инфляция "жеп" жатыр, екінші жағынан, зейнетақы қорының инвестициялары өте мәнсіз. Соның кесірінен көп ақшаны жоғалтып отырмыз. Бұдан бөлек, зейнетақы қорының операциялық шығындары өте көп, жылына 12 миллиард теңге кетіп жатыр. Сондықтан ол ақша бостан-босқа жатқанша, адамдар оның көмегімен баспана мәселесін шешсе, бұл өте дұрыс деп ойлаймын", - дейді экономист.

Тағы оқыңыз: Тоқаевтың тапсырмасынан кейін ел бюджеті 200 млрд теңгеден қағылмақ

Зейнетақы қорындағы ақшаны жұмсауға рұқсат беру, айтуынша, ел экономикасына да тиімді. Пәтерлерге сұраныс артып, жаңа тұрғын үйлер бой көтереді.

"Тұрғын үй дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, ағаш, терезе, жиһаз дегендей. Яғни шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Сол себепті экономист ретінде бастаманы толығымен қолдаймын", - деді ол.

Тайжанның пікірінше, зейнетақы қорында бір миллион теңгеден аса жинағы бар азаматтарға ақшаны алуға рұқсат беруге болады.

Оң және теріс тұстары

Экономист Мақсат Халық президент ұсынысының оң тұстары басым екенін айтады.

"Бірінше кезекте, азаматтардың ақша жинау және оны басқаруға деген ынтасы оянады. Қазір зейнетақы қорында көп ақша жинаған қазақстандықтар саны шектеулі, олардың үш пайызы ғана 5 миллион теңгеден артық жинаған. Көбісінде бір миллион теңге де жоқ, сондықтан бұл ұсыныстың айтарлықтай пайдасы болмайды деп айтып жатқандар бар. Бірақ, қараңыз, жаңағы үш проценттің өзі 300 мың халық. Оның өзі аз емес қой. Егер оларға жинаған бес миллион теңгесінің тең жартысын пайдалануға мүмкіндік берсе, мұның өзі үлкен көмек емес пе", - дейді Мақсат Халық.

Экономистің сөзінше, бұған дейін мемлекет зейнетақы қорына жақындауға да мүмкіндік бермейтін.

Тағы оқыңыз: Зейнетақы қорындағы ақшаны алуға кімге рұқсат беріледі – Сапарбаевтың жауабы

"Біздің адамдар зейнетақы қорындағы ақшасы туралы зейнетке шығуға үш жыл ғана қалғанда ойлана бастайды. Ал зейнетке шыққаннан кейін, көбісінің ай сайынғы зейнетақысына көңілі толмайды. Өйткені тым мардымсыз. Осыдан барып үкіметке деген наразылық, ашыну пайда болады. Бір жағынан, бұған азаматтардың өздері де кінәлі. Мемлекеттің кінәсі – осы уақытқа дейін рұқсат бермегендігі болса, азаматтардың кінәсі – өзінің меншікті қаражатына бей-жай қарағандығы", - дейді ол.

Айтуынша, мемлекет зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат берсе, қазақстандықтар өз ақшасын басқара алатын мүмкіндігі барын түсінеді. Тиісінше, зейнетақы қорындағы ақшаға депозит ретінде қарай бастайды. Оны тезірек ұлғайтудың амалдарын ойластырады.

"Біріншіден, халықтың инвестициялық қаржылық сауаттылығы артса, екіншіден, экономикаға да үлес қосылады. Зейнетақы қорында қордаланған проблемалар да ақырындап шешімін табар еді", - деп санайды Мақсат Халық.

Оның пікірінше, шотында бір миллион теңгеге жетер-жетпес жинағы бар азаматтардың өзі зейнетақы қорына көбірек ақша аударуға мүдделі болады.

"Жаңағы 300 мың адам – экономиканың дамуына үлес қосып жүрген өз саласының мықты мамандары. Егер олар өз мәселелерін шешіп жатса, риза топ көбейеді. Оларға еліктейтін азаматтар саны артады. Көпшілігі өз жинағын арттыруға тырысатын болады", - дейді экономист.

Мақсат Халық бұл ұсыныстың теріс тұсын да атады.

"Қордағы ақшаны толығымен шешіп алуға рұқсат бермеу керек. Мүмкіндік болса, түгел ала салайын деп тұрғандар да табылады. Алайда ертең қартайған шақта, олардың арасынан наразы топ шығуы мүмкін. Кезінде рұқсат беріп едіңіздер, енді, міне, қартайғанда түк ақша қалмады деп те шулауы ғажап емес", - дейді ол.

"Зейнетақы қорындағы ақшаға тиіспеу керек"

Ал экономист Сапарбай Жобаев әріптестерінің пікірімен мүлде келіспейді. Зейнетақы жинағы бір миллион теңгеге де жетпейтін қазақстандықтар үшін бұл ұсыныстың еш пайдасы жоқ деп санайды ол.

"Екіншіден, зейнетақы қорының аты айтып тұр: бұл адамдардың болашақта зейнетке шыққан кезде алатын ақшасы. Үшіншіден, ақша жинау мәселесінде инвестициялық мүмкіндік деген көрсеткіш бар. Яғни, "ұзақ мерзімді" ақша дейді. Егер біз ол ақшаны "жеп қоятын" болсақ, инвестициялық мүмкіндігіміз шектеліп қалады. Халықаралық инвестициялық позициямыз төмендеп кетеді. Сондықтан мен үкімет пен ұлттық банк кеңесіп, зейнетақы жинағын қолдануға жол бермейді деп ойлаймын", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Тоқаев 5% қосымша зейнетақы жарнасын аударуды кейінге шегерді

Экономистің айтуынша, президенттің ұсынысы мұқтаж адамдардың баспана мәселесін шешпейді. Керісінше, байлар одан сайын байып, халықтың наразылығы күшейе түседі.

"Зейнетақы қорында 10-15 миллион теңгесі барлар өз болашағын қамтамасыз етті. Олардың бизнесі бар, балалары да дәулетті. Ертең олар "бұл ақша маған келешекте керегі жоқ, мен оны бүгін аламын" десе не болады. Бұл ұсыныстан тек байлар ғана пайда көреді. Ал егер олар шоттағы ақшасын алып кетсе, Қазақстан экономикасына қосатын үлесі жоғалады. Бұл саясат дұрыс емес. Біз байлардың одан әрі дәулетті болуына, бай мен кедей арасындағы алшақтықтың ұлғаюына жағдай жасағалы отырмыз. Сондықтан бұл нәрсені тоқтату керек деп ойлаймын", - дейді Жобаев.                                                         

Кілт сөздер:
ұсыныс, Қасым-Жомарт Тоқаев, зейнетақы
Загрузка...

Басты тақырып