Экономика

Бір адам 65 миллион қарыз: Салық төлемей жүргендердің аты-жөні жарияланды

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги в руках, архивное фото
Деньги в руках, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық рақымшылықтың арқасында жеңілдік алуға болатынын еске салды. Жыл соңына дейін негізгі қарыз төленсе, өсімпұлдар кешіріледі

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеуден жалтарып жүрген 100 адамның аты-жөнін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми ақпаратқа сәйкес, тізімге енген борышкерлердің жалпы қарызы 286 019 395 теңгені құрап отыр. Соның ішінде 175 354 401 теңге – негізгі берешек болса, қалған 110 664 995 теңгесі – өсімпұлдар.

"Мәселен, салық бойынша ең көп берешегі бар азамат Қарағанды облысында тұрады. Асқар Нәбиевтің жер салығы бойынша негізгі борыш сомасы 37 163 849 теңге, есептелген өсімпұлы - 28 192 533 теңге. Жалпы қарызы 65 356 383 теңге", - дейді комитет мамандары.

Қазақстанда өсімпұл сомасы негізгі борыштан асып кеткен азаматтар да бар. Ондай азаматтардың біреуі Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Елорда тұрғыны Талғатбек Ілиясовтың жер салығы бойынша жалпы берешек сомасы 19 050 875 теңгеге жеткен. Соның ішінде негізгі борышы - 8 685 027 теңге, өсімпұлы - 10 365 848 тенге.

"Көлік салығы бойынша борышкерлер тізімін тағы да Қарағанды облысы бастап отыр. Фадис Мұстақымов бұл салық түрі бойынша жалпы 6 081 323 теңге қарыз жинаған. Оның төлеуге жататын негізгі сомасы - 4 059 318 теңге, есептелген өсімпұлы - 2 022 005 теңге", - делінген ресми ақпаратта.

Борышкерлердің толық тізімімен мына жерден таныса аласыздар:

Ал кейбір қазақстандықтар мүлік салығы бойынша біраз қарыз жинап үлгерген. Мысалы, Жамбыл облысының тұрғыны Ерлан Тоқсанбаевтың жалпы берешек сомасы 576 191 теңге, оның ішінде негізгі борышы - 335 811 теңге, өсімпұл - 240 380 теңге.

Мемлекеттік кірістер органдары салық бойынша берешегі бар азаматтар тізімін жариялау үрдісін алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр. Осы орайда комитет мамандары салықтық рақымшылықтың арқасында жеңілдік алуға болатынын еске салды. Осы жылдың аяғына дейін негізгі қарыз төленсе, өсімпұлдар кешіріледі.

Айта кетейік, салық төлеушілер борыштың бар-жоғын мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында мына сілтеме бойынша http://kgd.gov.kz/ru/app/culs-taxarrear-search-web тексере алады.

Жаңалықтар
0