Экономика

Қазақстанда 10 лауазымды тұлғаның не үшін істі болғаны айтылды

© Sputnik / Тимур БатыршинНаручники, архивное фото
Наручники, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Он адамға сот үкімі шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі лауазымды тұлғаларға қатысты қандай іс қозғалғаны туралы ақпарат берді

АЛМАТЫ, 19 наурыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бір аптада елуге жуық сотқа дейінгі қылмыстық іс қозғады. Оның басым бөлігі пара алу ісі бойынша тіркелген. Бұл туралы cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Осы кезеңде 10 адамға сот үкімі шықты, әртүрлі лауазымды тұлға тиісті мерзімге сотталды.

Солтүстік Қазақстан облысында "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесі әскери жұмылдыру жұмысының бас маманы Құлақпаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

"Ол "СОП Рысь" ЖШС директоры Мұқышевпен бірге Солтүстік Қазақстан облысы Мамлютка қаласындағы "НЗ" қоймасын күзету кезінде өрескел бұзушылық фактісі анықталған кезде шара қолданбағаны үшін 100 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді", - деді Бигайдаров.

17 наурызда Петропавл қалалық сотының үкімімен Құлақпаевқа 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сотталушы мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. 

Сондай-ақ, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке іліккен.

13 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің Балқаш аймағы бойынша ауданаралық бөлімі "Ақтоғай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мен "Аспап" өндірістік кешенінің лауазымды тұлғаларының бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

"Олар Ақтоғай ауданы Сарышаған кентіндегі "464 орындық мектеп құрылысы" нысанына "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген 45 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді", - деді Бигайдаров.

Аталған іс бойынша шешімді сот қабылдайды.

Тағы оқыңыз: Қостанайда сотталған шенеуніктің камерасында болған жағдай видеоға түсіп қалды

Сонымен қатар Ақтөбе облысы адвокаттар алқасының адвокаты алаяқтық жасады деп күдіктеліп отыр. Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті аталған іс бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Адвокат қылмыстық іс бойынша күдіктілердің қорғаушысы бола отырып, күдіктілердің туыстарын алдау және сенімін теріс пайдалану жолымен қылмыстық іс бойынша мәселені шешемін деп 3 миллион теңге қаражат алған", - деді Бигайдаров.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Жаңалықтар
0