Экономика

Бас банкир халықтың доллармен сақтайтын депозиттері туралы айтты

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, тенге, доллары
Деньги, тенге, доллары - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Шетелдік валютамен жасалған салымдар 15,5 процентке, яғни 1,3 триллион теңгеге артты, деп хабарлады Досаев

НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Депозиттерді доллармен сақтау көлемі артты. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас банкирдің айтуынша, жыл басынан бері депозиттердің жалпы көлемі 20,3 триллион теңгеге дейін жетті. Соның ішінде шетелдік валютамен жасалған салымдар 15,5 процентке, яғни 1,3 триллион теңгеге артқан. 

"Ал ұлттық валютадағы салымдар 0,2 процентке аздап қысқарды. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі өткен жылғы желтоқсандағы 43,1 процентпен салыстырғанда, биылғы жылы наурызда 46,7 процентке ұлғайды", - деді Досаев үкіметтің бүгінгі отырысында.

Осы орайда банк төрағасы карантин жағдайында қазақстандық қор биржасындағы сауда-сауттыққа да тоқталды. Оның айтуынша, көптеген кәсіпорындар шектеулі режиммен жұмыс істегенннен кейін шетел валютасына деген сұраныс төмендеді. Осы жағдай биржадағы сауда-саттыққа да әсер етті.

"Мәселен, "теңге-доллар" валюталық сауда-саттықтың көлемі 3,5 миллиард АҚШ долларынан 1 миллиард 720 миллион долларға дейін екі есеге төмендеген", - деп атап көрсетті Досаев.

Оның сөзіне қарағанда, ұлттық қордың ақшасын бюджетке аударғанда шетелдік валюта сатылды. Оған қоса, квазимемлекеттік компаниялардың доллармен түсетін табысының бір бөлігі теңгеге аударылды.

"Биылғы жылы сәуірде квазимемлекеттік компаниялардың іске асырған көлемі 232 миллион АҚШ долларын құрады. Көбісі "Самұрық-Қазына" қорының кәсіпорындарынан келді", - дейді Досаев.

Жаңалықтар
0