Экономика

Коронавирустың екінші толқыны: елдің жағдайы не болады?

© Sputnik / Илья Питалев / Медиабанкке өтуОператор по добыче нефти, архивное фото
Оператор по добыче нефти, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Індеттің екінші толқыны басталса, мұнай бағасы қатты төмендейді, 20 долларға дейін қайта түсіп кетуі әбден мүмкін, дейді сарапшылар

НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Үкімет пандемияның жаңа толқынына дайындалуға кірісті. Себебі күзде індет тағы өршіп кетуі мүмкін. Премьер-министрдің өзі дәрі-дәрмек қоймасына барып, екі айлық резервті тексеріп қайтты. Ал коронавирустың екінші толқыны қаншалықты қауіпті болады? Ел экономикасына және халықтың әл-ауқатына қалай әсер етеді? Не істеу керек? Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар осы сұрақтарға жауап берді.  

Теңгенің тағдыры қалай болмақ?

Қазақстанның негізгі кіріс көзі – мұнай. Осы шикізаттың әлемдік бағасы төмендесе, бюджет кірісі азаяды. Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының басшысы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, қазірдің өзінде бюджетке тым аз қаржы түсіп жатыр. Ал пандемияның екінші толқыны болса, тағы карантин шаралары қолданылады. Сол кезде бюджетке одан да аз кіріс түседі. Оған қоса, қиын жағдайға тап болған кәсіпкерлер өз табысын жасыруға тырысады, салық төлеуден жалтарады.

"Біз екі нәрсені тілеп отырмыз. Біріншіден, осы індетке қарсы вакцина тезірек шықса екен дейміз. Сол кезде адамдар бұрынғы өміріне қайта оралады. Екіншіден, мұнай бағасы құламаса екен деп тілеп жатырмыз. Өйткені екінші толқын жүріп, тағы да жабылатын болсақ, мұнай саласы ғана емес, бүкіл экономика құлдырайды", - дейді Жақсылықов.

Сарапшының сөзіне қарағанда, мұнай бағасы түсіп кетсе, ұлттық валютаға қысым артады. Соңғы екі аптаның өзіне теңге ақырындап құнсызданды. Ресей рублі де әлсіреді. Санкциялар күшейіп кетті. Ал пандемияның екінші толқыны келсе, теңгенің жағдайы қиындайды. Себебі мұнай бағасы қатты түсіп кетуі мүмкін.

"Екінші толқын болса, баға қатты төмендейді. 20 долларға дейін қайта түсіп кетуі әбден мүмкін. Неге? Себебі қазіргі кезде тұтынушы мемлекеттер өте үлкен қор жинап алды. Оларға 6-7 айға дейін шикі мұнайды сатып алмаса да болады. Қытай үлкен резервуар салып тастады дейді. Енді ол мемлекеттің мүмкіндігі белгілі ғой. Бірнеше күннің ішінде сала салады. Ал сұраныс төмендесе, біз сияқты мұнайға тәуелді мемлекеттер шикізатын сата алмай, есі шығады", - дейді Жақсылықов. 

Экономикалық кеңес құру қажет

Мұнай өндіруші компаниялар төтенше жағдай кезінде біраз тәжірибе жинады. Енді екінші толқынға дайындалып жатыр. Негізгі мақсат – жұмысты тоқтатпау. Мұнайшылар да өз болжамын жасады.

"Біз вирусолог емеспіз. Дегенмен, қарап тұрсақ, алдағы жылдың ортасы немесе күзіне дейін бұл індет бізді уысынан шығармайтын сияқты. Әлі бір жылдай осындай ауыр жағдайда отыратын шығармыз", - деді Жақсылықов.

Оқи отырыңыз: Мамин коронавирус пандемиясының жаңа толқыны туралы айтты 

Сарапшы қазіргі пандемия жағдайында ұлттық сенім кеңесі үлгісінде экономикалық кеңес құру қажеттігін де жеткізді. Ол үш айда емес, екі аптада бір рет жиналып, ақылдасып отыруы шарт.

"Өйткені экономикалық жағдай күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатыр. Ал дұрыс шешім қабылдау үшін кәсіпкерлермен дұрыс диалог орнату керек. Әр саланы жеке-жеке талдау қажет. Әйтпесе, бүгінде диалог емес, монолог болып кетті", - деп түйіндеді сарапшы.

Негативті болжам басым

GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бүгінде жыл соңына дейінгі экономикалық жағдайға қатысты әртүрлі болжам бар. Соның ішінде негативті жорамалдар өте көп.

"Ел экономикасы минусқа кетеді деп жатыр. Өткенде ұлттық экономика министрлігінің өзі ішкі жалпы өнімнің өсімі минус 0,9 процент деп айтқан. Халықаралық валюта қоры минус 2,5 процентке, ал Дүниежүзілік банк минус 3 процентке дейін түседі деп отыр. Демек отандық экономика 90 жылдары болған жағдайды бастан кешеді", - дейді Халық.

Сарапшы төтенше жағдай кезінде дағдарысқа қарсы бағдарламаның қабылданғанын да еске салды. Экономикаға қыруар қаражат құйылды. 42 500 теңге таратылып, кредиттің төлемдері шегерілді. Алайда пандемияның екінші толқыны болса, қосымша шараларды қолға алуға тура келеді.

"Мысалы, қазір кредиттің мерзімін ұзартқан халық та, компаниялар да қолына жаңа төлем кестесін алып отыр. Ол жерде уақыттың ұзаруына байланысты сыйақы мөлшерлемесі мен проценті ұлғайған. Көбісі соған наразы. Себебі төлейтін ақшасы көбейіп отыр. Сондықтан мемлекет кредиттің үстіне қосылған сыйақының мөлшерін толығымен жауып беруі керек деп ойлаймын", - деді Халық.

42 500 теңге төлене ме?

Пандемияның екінші толқыны кезінде шектеу шаралары енгізілсе, біраз адам тағы жұмысқа шықпай қалады. Сол кезде ең төменгі жалақының мөлшерін, яғни, 42 500 теңгені тағы төлеуге тура келеді. Экономист Мақсат Халық оған дейін ең төменгі жалақының мөлшерін көтеру керек деп санайды. Өйткені қазіргі төлем инфляцияның деңгейіне, экономикалық жағдайға да сәйкес келмейді.

"Біздің есебіміз бойынша ең төменгі жалақы 70 мың теңгеден жоғары болуы қажет. Сондай көлемде төленуі керек. Негізі бас кезінде ондай төлемді барлық азаматқа беру керек еді деп ойлаймын. Ондай мүмкіндік бар. Иә, бюджет біраз шығынға бататын еді. Бірақ ондайда халықтың төлем қабілеттілігі сақталады. Жиынтық сұранысты түсіріп алмайтын едік", - деп түсіндірді Халық.

Сарапшының сөзіне қарағанда, бүгінде кәсіпкерлер банкротқа ұшырап жатыр. Өйткені халықта олардың тауарлары мен қызметтерін пайдаланатын ақша жоқ.

"Әрине, күзде жағдай қайталанса, 42 500 теңге тағы төленуі тиіс. Бірақ менің ойымша, ол ақша аздық етеді. Өйткені ақша құнсызданды, азық-түлік бағасы өсті. Сондықтан осы төлемнің мөлшерін өсіру керек", - дейді Халық. 

Үш толқын болады

Ал экономист Қайырбек Арыстанбеков пандемияның үш толқыны болады деп отыр. Бірақ осыдан кейінгі екі толқынның әсері біртіндеп бәсеңдейді.  

"Ең ауыры және ең тереңі ол – біріншісі. Сосын екіншісі болуы ықтимал. Үшеуі шамамен екі-үш жылды қамтиды. Тереңдігі жағынан біріншісі, одан кейін орташа – екіншісі, ал үшінші толқын бәсеңдеу болады", - дейді Қайырбеков.

Оның айтуынша, осы жолы билік біраз тәжірибе жинап алды. Карантин кезінде өзекті мәселелер де анықталды. Үкімет дұрыс шараларды қолға алса, екінші толқынның ықпалы төмендеу болады.

Жаңалықтар
0