Экономика

"Жер шетелдіктерге сатылмайды": мемлекет басшысы мораторийдің күші жойылатынын айтты

© Sputnik / Vitaly Timkiv / Медиабанкке өтуУборка урожая зерновых в Краснодарском крае
Уборка урожая зерновых в Краснодарском крае - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тоқаев үкіметке ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырды

АЛМАТЫ, 1 қыркүйек — Sputnik. 2021 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Бірақ жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдау барысында мәлімдеді.

"Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет", - деді президент.

Айтуынша, кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ, аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы осы саладағы басты мәселе болып отыр. Сол себепті президент нақты шешім қабылдауды тапсырды.

"Технология жағынан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 проценті далаға кетіп жататын кездер болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын шегіп отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, замануи технологиялармен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру жобаларын әзірлеу қажет", - деді Тоқаев.

Ауыл шаруашылығы қандай бағытта дамиды?

Сонымен қатар мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы дамымай, бәсекеге қабілетті мемлекет құру мүмкін емес екенін айтты.

"Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар: жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін несиенің болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау қажет", - деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін жеті ірі эко-жүйе қалыптастыруға болады. Балық шарушылығына да ерекше мән берген жөн.

"Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс. Жеке шарушылық миллиондаған ауыл тұрғынына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік қаптарын құруға жұмылдыру керек. Біз горизонтальды кооперацияның әлеуетін де ұмытпауымыз керек. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шарушалықтар шын мәнінде өлместің күнін көріп отыр", - деді мемлекет басшысы.

Бұл ретте сапалы әрі мол өнім өндіру үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз екенін айтып өтті.

"Импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында. Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқық сақталады. Кооперация шаруашылыққа шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр еңбегі тым арзан бағаланады. Бұл жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады", - деді Тоқаев.

Осыған байланысты президент субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырды.

Жаңалықтар
0