Экономика

Енді қазақстандықтар үйден шықпай-ақ банктерден кредит ала алады

© Sputnik / Владислав ВодневТеңге, ақша
Теңге, ақша - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жаңа жүйе "бет-әлпетті тану" технологиясы бойынша жұмыс істейді, оның көмегімен төлем картасын да шығаруға болады

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық банк 1 қазаннан бастап қаржылық қызметтерді алуға арналған қашықтан биометриялық сәйкестендіру жүйесін іске қосады.

"Қазақстан ұлттық банкі 2020 жылдың 1 қазанынан бастап қаржылық қызметтерді алу үшін қашықтан биометриялық сәйкестендіру сервисін өндірістік пайдалануға қосады. Бұл сервисте "бет-әлпетін тану" технологиясын қолдана отырып, қаржы ұйымына бармай-ақ, қаржылық қызметтерді алу мүмкіндігі көзделген", - делінген хабарламада.

Енді қазақстандықтар үйден шықпай-ақ, биометриялық сәйкестендірудің көмегімен банкте шот немесе депозит ашып, төлем карталарын шығара алады, кредит алуға да мүмкіндік бар.

"Қашықтан биометриялық сәйкестендіруді енгізу әлемдегі күрделі эпидемиологиялық жағдай аясында жаңа сын-қатерлерге жауап береді. Қаржы қоғамдастығының сервисті пайдалануы халыққа қашықтан көрсету тәсілімен ұсынылатын қызметтер тізімін кеңейтеді", - деді ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов.

Жаңа сервис банктермен қоса, сақтандыру компанияларына, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына, төлем және микроқаржы ұйымдарына да қолжетімді.

Ұлттық банк сервисті қаржы нарығының қатысушыларымен бірлесіп әзірледі. Жүйе осы жылдың сәуірінде пилоттық режимде іске қосылған болатын. Осы уақыт ішінде биометриялық сәйкестендіру екінші деңгейлі 11 банкке халыққа 2,8 миллион қызмет көрсетуге мүмкіндік берді.

Жаңа жүйенің операторы – ұлттық банктің еншілес ұйымы "Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" РМК.

Жаңалықтар
0