АСТАНА, 9 ақп — Sputnik. Үш қабатты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан ТҚКС-сы жанып кетті. Өрттен 30 адам құтқарылды деп хабарлады Алматы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.
Бейсенбі 9 ақпан күні сағат 6:25-те "101" нөміріне Алматы қаласы Алмалы ауданындағы ТҚКС-ның өртенгені туралы хабар келіп түсті. Алғашқы өрт сөндіру тобы шақырылған жерге 9 минуттан соң жеткен.
Өрт сөндірушілер келген сәтте үш қабатты ғимараттың бірінші қабаты от-жалынға оранып, басқа да ғимараттарды шарпып кетуге қауіп төніп тұрды.
Өрт сөндіру барысында үшінші қабаттың терезесінен өрт сөндіру сатысының көмегімен 30 адам құтқарылды. Олардың біреуі улану белгілерімен ауруханаға жеткізілді. Ғимараттан елу литрлік үш газ баллон қауіпсіз жерге шығарылған.
Өрт 06:38-де ауыздықталып, 07:21-де толықтай сөндірілді. Аумағы 150 шаршы метрді құрайды.
Өртену себептері анықталуда.