Оқиға

СІМ: Ресейде пойызға соғылған автобуста Қазақстанның екі азаматы болды

© Photo : 33.mchs.gov.ruАвтобус бен пойыз соғылған жер, Владимир облысы, Покров станциясы
Автобус бен пойыз соғылған жер, Владимир облысы, Покров станциясы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Автобустың екі жүргізушісі Қазақстан азаматы болған, олардың біреуі қаза тапты

АСТАНА, 6 қазан — Sputnik. Ресейде Владимир облысында жол апатына ұшыраған автобуста Қазақстанның екі азаматы болған, олардың  біреуі қаза тапты, деп  хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов.

"Соңғы мәлімет бойынша Ресейде Владимир облысында жол апатына түскен жолаушылар автобусында Өзбекстанның 55 азаматы мен Қазақстанның екі азаматы – автобус жүргізушілері болған. Олардың бірі қаза тапты, екіншісі қазіргі уақытта Покров қаласында уақытша орналастырылғандардың арасында", — деп хабарлады Жайнақов. 

Оның айтуынша, Ресейдегі қазақстандық дипломаттар жол апатында қаза тапқан және зардап шеккен Қазақстан азаматтарының туыстарына қажетті көмекті көрсетеді. 

Бұған дейін хабарланғандай, Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан автобус Өзбекстан азаматтарын тасымалдаған. 6 қазанға қараған түні Владимир облысында трассадағы кептелісті айналып өтіп, темір жол өткелінде қызыл түске жүрген автобус тоқтап қалады. Автобус ішіндегі 50-ден астам адамның ішінде балалар да болған. Жүргізуші келе жатқан пойызды көріп, айқайлап жібереді. 34 жолаушы атып шығып, автобусты итере бастайды. Бірақ пойыз тоқтап үлгермейді. 

Соңғы мәліметтер бойынша автобус ішінде болған 18 адам қаза тапты. Жүгіріп шыққандар аман қалды. 

Жаңалықтар
0