19:44 20 Қазан 2019
Тікелей эфир
  • USD389.98
  • EUR434.01
  • RUB6.10
зорлық-зомбылық

Әйелдерді зорлап, өлтірген: Шымкентті дүрліктірген екі маньяк қалай ұсталды

CC0 / Nino Carè
Оқиға
Қысқа сілтеме алу
5262 0 0

2011 жылы Шымкент қаласында қаныпезер маньяк туралы сыбыстар тарала бастады. "Ол әйелдерді вокзалдың жанынан көлігіне отырғызады да, қаланың сыртына апарып зорлайды. Сосын тонап, өлтіріп кетеді" деген әңгімелер халықты дүрліктіріп қойды. Әйелдер вокзалда таксиге отыруға қорқатын болды

Төрт айда қандықол қылмыскер бір әдіспен төрт әйелді өлтіріп кетті. Оның "қолтаңбасы" анық байқалды. Бірақ құқық қорғаушылар оны бірден ұстай алмады. Sputnik Қазақстан тергеу материалдарына сүйеніп, әйелдердің зәре-құтын қашырған қылмыстар туралы баяндайды.

Қара Mercedes... басқа ақпарат жоқ

2011 жылдың желтоқсан айында Шымкент қалалық полиция департаментіне ерлі-зайыптылар арызданып, туған қызының жоғалғанын хабарлады. Олардың мәліметіне сәйкес, 29 жастағы Екатерина бір күн бұрын Астанадан пойызбен шыққан. Шымкент вокзалында такси ұстағаннан кейін ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Сол күні үйіне келмеді.

Екатеринаның хабарсыз кеткеніне көп уақыт болмаса да, полицейлер тексерісті бастап, іздеу шараларына кірісті. Құқық қорғаушылар алдымен вокзалға барды. Сол жерде жүрген қызметкерлер мен сатушылардан жауап алғаннан кейін маңызды бір нәрсені анықтады. Екатерина перроннан түсіп, қалаға шыққан бойда жеке меншік такси – қара Mercedes-ке отырып кетті. Басқа ақпарат болмады.

Сол күні қаланың сыртымен келе жатқан бір көлік жүргізушісі тас жолдың бойында қыздың өлі денесін тапты. Криминалистер Екатеринаны бір көргеннен-ақ зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын білді. Оны алдымен зорлаған, артынан өзі ұстаған сөмкенің бауымен қылқындырып тастаған. Ал сот-медициналық сараптама оны бір емес, екі адамның зорлағанын анықтады. Қылмыскерлер Екатеринаның алтын сырғасы мен бір шабадан киім-кешегін алып кеткен.

Тағы үш әйел маньяк құрбаны болды

Екі ай өтті. Алайда полицейлер ештеңе таба алмады, қылмыскерлердің ізіне де түскен жоқ. Қара Mercedes-тен басқа іліп алатын нәрсе болмады. Осы кезде полицияға 25 жастағы Әлия есімді қыздың жоғалғаны туралы хабар түсті. Сарыағаштың тұрғыны Шымкентке барамын деп, жолда көлік ұстап кеткен. Сол күйі жоғалды. Куәгерлер бір ғана нәрсені есіне түсірді. Ол – қара түсті шетелдік автомобиль.

Келесі күні сау-тамтығы қалмаған қыздың өлі денесі табылды. Қылмыскер оны жолдың бойында тастап кеткен.

Тергеушілер екі қылмыстың байланысын тексеріп жатқанда тағы бір суық хабар келді. Тас жолдың бойында бір әйелді өлтіріп кеткен. Осы жолы Оңтүстік Қазақстан облысының 50 жастағы тұрғыны қылмыскердің қолынан қаза тапты. Ол да вокзалда қара Mersedes-ке отырған...

Маньяк-қылмыскер әйелді мойнында болған орамалымен буындырып тастады. Сосын 100 мың теңгенің алтын әшекейлерін, сондай-ақ, 35 мың теңге тұратын ұялы телефонды алып, ізін жасырған.

Тағы оқыңыз: Павлодарда балалар үйіндегі үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

Тергеушілер осы қылмыстардың бір адамның мойнында екенін түсіне бастады. Себебі барлық жерде жеке таксист пен қара көлік болды. Ал қаланың ішінде маньяк туралы сыбыстар тез тарала бастады. Әйелдер мен қыздар асығып тұрса да, қара көліктерге мінбей қойды. Алайда тура 8 наурыздың қарсаңында адам мерекелік көңіл-күйдің әсерінен көп нәрсені байқамайды екен...

7 наурызда Тамара жұмыстан шыққасын үйіне қатты асығып тұрған. Өйткені, қонақтар келеді, оған қоса, туған-туыстарға сыйлық алу керек. Сөйтіп, көшеде такси тоқтатып тұрғанда қара Mersedes жетіп келді. Тамара оған мән берген де жоқ, көлікке отырып, мекенжайын айтты. Келесі күні оның мәйіті қаланың сыртында табылды.

Полицейлердің қателігі

Төрт айдың ішінде төрт әйелдің мәйіті табылса да, құқық қорғаушылар қылмыскерді ұстай алмады. Ал ішкі істер министрлігінің лауызымды тұлғалары қалай да болса, маньякты ұстауға тапсырма беріп, күнде есеп сұрап отырды.

Содан тергеушілер вокзалға барды. Сол жерде әрбір таксисті тексеріп, саусақтың ізін алды. Әрқайсысын қылмыстық есеп бойынша қарап шықты. Бірақ одан да нәтиже шықпады. Жол-патрульдік полиция экипаждары болса, қалаға кірген және шыққан қара Mers-терді тоқтатып, тексеріп отырды. Артынан олардың дәл осы тұста қателік жібергені белгілі болды. Полицейлер қылмыскерді Қазақстан азаматы деп ойлаған. Сөйтіп, тек қазақстандық нөмірлері бар қара көліктерді тексерген. Ал көрші елдің тіркеу нөмірлерімен жүрген Mersedes-терге қарамай, өткізіп отырды.

Айтпақшы, осы қателікті полицейлер өзбекстандық әріптестері хабарласқанда бір-ақ білген. Сөйтсе, олар жарты жыл бойы шекараға жақын жерде әйелдерді зорлап, артынан өлтіріп жүрген маньякты ұстай алмай жүр. Қандықол қылмыскер Өзбекстанда осы іспетті 7 қылмыс жасаған екен. Көрші елдің құқық қорғаушылары оның аты-жөнін де білетін болып шықты.

Маньяк қалай ұсталды

Полатбай Бердалиев өзбектің қарапайым отбасында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін ақша табамын деп, Шымкент қаласына келген. Алайда өзіне лайықты жұмыс таба алмады. Содан күн көру үшін адам тонауға көшкен. Бірақ бірден қолға түсті.

Бердалиев түрмеде алты жыл отырды. Сол кезде бір қызбен хат жазысып, сырттай некеге де тұрып үлгерген. Алайда бостандыққа шыққаннан кейін екеуі тіл табыса алмай, ажырасып кетті. Бердалиев Өзбекстанға қайтып барып, ол жақта жаңа сүйіктісін кездестірген.

Жастардың жұбы жазылмады. Бірақ қыздың әке-шешесі Бердалиевтің түрмеде отырғанын білгеннен кейін олардың некеге тұруына қарсы шықты. Жігіттің табандылық көрсеткені соншалық, ақыры қыздың ата-анасы келісімін берді. Осыдан кейін Полатбай қалыңдығын туған-туыстарына таныстырамын деп оны Астанаға алып барады. Дәл осы уақытта Өзбекстаннан қылмыскер туралы хабар түскен екен.

Полатбай Бердалиевті ұстау операциясы Астанада өтті. Тінту кезінде ата-анасының үйінен қылмыскердің қолынан қаза тапқан бір әйелдің орамалы табылды. Ал қалыңдығына дайындап қойған сыйлықтардың ішінен алтын әшекейлер шықты.

Сыбайласы кім?

Тергеу кезінде Полатбай Бердалиевтің 11 қылмыстың көбін жалғыз емес, сыбайласымен бірге жасағаны анықталды. Сөйтсе, Абдусейіт Орманов екеуі мектеп жасынан бірге жүрген. Екеуі оқушы кезінен қыз зорлаған болып шықты. Алайда жасөспірімдерді ұстаған жоқ, тергеудің нәтижесі де шықпады. Қыздардың ата-анасы арыздарын қайтарып алған. Бәлкім, құқық қорғау органдарында жұмыс істеген Бердалиевтің әкесі зардап шеккендермен келісімге келген шығар. Осыдан кейін Полатбай жазаға тартылмайтынын сезініп, жолдасы екеуі қыздарға зорлық көрсетуді тоқтатпады.

Бердалиев қыздармен тез тіл табысып кететін. Алайда келісіммен болған қарым-қатынастан ләззат алмады. Әйелдің тәніне ғана емес, өміріне де иелік етіп, толық үстемдік жасағанда қанағат сезіміне бөленетін. Артынан жазаға ілінбеу үшін қыздарды өлтіріп отырған.

Бердалиев Өзбекстанда 7 қылмыс жасағаннан кейін көрші елде өз "кәсібін" жалғастыруға шешім қабылдаған. Ал туған-туыстары оны табыс тауып жүр деп ойлады. Бір күннің ішінде біраз ақшамен қайтып келетініне де мән берген жоқ.

Тағы оқыңыз: Шымкентте бір отбасыны қырып салған қанішер баланы да аямаған

Ең қатал жаза

Бердалиев өз кінәсін толығымен мойындады. Алайда тергеушілер оның сөзден тайып кететінін білді. Күдікті кез келген уақытта айтқанынан бас тартып, күштеп мойындатты немесе қысым жасады деп шығуы әбден мүмкін. Содан тергеушілер шекара қызметіне сұрау салып, оның шекарадан өткен уақытын алдыртты. Оны тексергенде жасалған қылмыстармен сәйкес болып шыққан.

Бердалиевтың кластасы Абусейіт Орманов та жасаған қылмыстар үшін ең қатал жазаға тартылатыны білді. Сөйтіп, сотта өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасынан құтылу үшін екеуі де айтқан сөздерінен бас тартты. Дегенмен, сот Бердалиев пен Ормановқа ең қатал жаза – өмір бақи бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Тақырып бойынша

Алматыда жұмыстан кеш шыққан қызды пышақтап кетті: қаныпезер әлі бостандықта жүр
Кектенген қаныпезер ауыл тұрғынын зорлап, анасымен бірге өлтіріп кетті
Батыс Қазақстан облысы тұрғыны 13 жасар баланы зорлап тастады
Ұзынағашта қаныпезер бір отбасын ойрандап кетті
Видеоға түсіріп, бопсалаған: Шымкентте оқушы қызды сыныптастары зорлап тастады
Бүкіл елді дүрліктірген оқиға: Абайда зорланған баланың ісі бойынша үкім шықты
Кілт сөздер:
Шымкент
Загрузка...

Басты тақырып