Оқиға

Телефоннан тоқ соққан қыздың сынып жетекшісі: "Ақкөңіл, ақжарқын оқушы еді"  

CC0 / William Iven / Смартфон с наушниками
Смартфон с наушниками - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қарапайым телефон қуаттағыштан қаза тапқан оқушының қайғысы барша мектеп ұжымының қабырғасын қайыстырды

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Бұған дейін Алматы облысындағы Бестөбе ауылында мектеп оқушысы телефонын қуаттаймын деп ажал құшқанын хабарлаған едік. Қайғылы оқиға қыздың ауылдастары мен  барша мектеп ұжымының қабырғасын қайыстырып кетті. 

Марқұм Қаратал ауданындағы Максим Горкий атындағы мектепте оқыған. Былтыр ғана басқа мектептен ауысып келген қызға сыныптастары да тез бауыр басып қалыпты. Құрбылары оны өте ұқыпты, білімді, спортқа жақын еді деп еске алады. Марқұм баскетболдан аудандық қыздар құрамасы сапында ойнаған, деп хабарлады КТК. 

"Баскетболға қатысатын. Анасына қолқанат, сүйікті қызы еді. Ешкімде шаруасы жоқ, пәк қыз. Ешкімнің ала жібін аттамаған", - дейді ауылдасы Аяжан. 

Қарапайым телефон қуаттағыштан қаза тапқан оқушының қайғысы барша мектеп ұжымының қабырғасын қайыстырды. Марқұмның сынып жетекшісі смартфон ұстайтын өзге оқушыларды аса абай болуға шақырады.   

"Ұялы телефон қолданып жүрген балалар өте абай болыңыздар дегім келеді. Сақтаныңыздар, сақтықта қорлық жоқ. Енді Алуаның өзіне келетін болсам, тамаша ақкөңіл, ақжарқын оқушы еді. Біз қайғырып, ата-анасына, тума-туыстарына көңіл айтамыз", - деді марқұмның сынып жетекшісі Гүлнар Жанысбаева.

Тағы оқыңыз: Телефонды суға түсіріп алған. Панкратионнан Ресей чемпионы ваннада көз жұмды 

9-сыныпта оқитын қыз үйінде телефонын тоққа сұғып, әуен тыңдап жатқан екен. Осы сәтте жасөспірімді тоқ соққан. Оқушы оқиға орнында жан тапсырған.  

Оқиғаның ақ-қарасын аудандық полиция қызметкерлері анықтап жатыр. Әзірге ақау шыққан телефонның қайда жасалғаны белгісіз. Оны тәртіп сақшылары сараптамаға жіберген.

 

 

Жаңалықтар
0