Оқиға

Шымкенттегі жұмысшылардың қазасына не себеп болғаны айтылды

© Photo : Комитет по ЧСОбвал грунта произошел при рытье котлована в Шымкенте
Обвал грунта произошел при рытье котлована в Шымкенте - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Полиция еңбекті қорғау ережелерін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, бұл бап жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады

НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша – Sputnik. Шымкентте жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде топырақ опырылып, екі адам қаза тауып, біреуі жарақаттанды. Полиция оқиғаны тергеуді бастады.

Шымкент төтенше жағдайлар департаменті Sputnik Қазақстанға трагедияға жұмысшылардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болуы мүмкін екенін хабарлады.

"Әзірге қарастырылып жатқан негізгі нұсқа – техника қауіпсіздігін сақтамау. Толық ақпарат полиция жүргізіп жатқан тергеу барысында белгілі болады", - деп хабарлады Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Зарипа Тұрысбекова.

Топырақ құлаған кезде тірі қалған жұмысшының жағдайы

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасынан алынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта зардап шеккен қызметкердің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.  

"Дәрігерлер тағайындаған емді қабылдауда. Оның жағдайы қанағаттанарлық", - деді Тұрысбекова Sputnik Қазақстанға.

Топырақтың опырылуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Шымкент қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады.

"Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабы –"Еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бойынша жүргізіліп жатыр", - деп түсіндірді Шымкент полициясының ресми өкілі Әсел Сәденова.

156-баптың 4-тармағында қарастырылған санкцияға сәйкес, еңбекті қорғау ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның абайсыздықтан өлуіне кінәлі деп танылған адам жеті жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылады.

Іс прокуратура мен полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Шұңқырдағы топырақтың опырылуы

8 қараша күні кешке Шымкенттегі Назарбаев даңғылының бойында шұңқыр қазу кезінде топырақ опырылып құлап, жүргізушілер отырған үш техника үйінді астында қалды.

Бес сағатқа жуық уақытқа созылған іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде "ЮгСтройСервис-Н" ЖШС жұмысшыларының біреуі құтқарылып, дереу ауруханаға жеткізілді. Тағы екеуінің мәйіті табылды.

Жаңалықтар
0