НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Алматыдағы апат кезінде троллейбус жаяу жүргіншіні басып кетті. Ол көз жұмды, ал жүргізуші ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жол апаты Сәтпаев көшесінің бойында болған. Оқиға орнына жеткен полицейлер троллейбус жүргізушісінің Розыбақиев көшесіне жетпей, денсаулығына байланысты рөлге ие бола алмай қалғанын анықтады. Қоғамдық көлік жолдан шығып кетіп, алдымен екі көлікті, одан кейін жаяу жүргіншіні соққан. Сөйтіп, ағашқа барып тірелген.
"Жаяу жүргінші троллейбус астында қалып қойған. Оны алып шығу үшін құтқарушыларды шақыруға тура келді. Олар қоғамдық көлікті домкратпен көтеріп, ер адамды алып шыққан. Жас жігіт жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында қаза болды", - дейді полицейлер.
Апат кезінде троллейбус жүргізушісі де қатты жарақат алды. Ол шұғыл ауруханаға жеткізілді. Полиция бірқатар сараптама тағайындады. Соның нәтижесінде жол апатының себебі анықталады.
"Алматыэлектротранс" компаниясы да түн ортасында болған апаттың мән-жайын түсіндірді.
"Кеше, 5 қаңтарда, шамамен сағат 23:20-да троллейбус жүргізушісі Сәтпаев көшесімен саябаққа қарай жүріп бара жатқан. Розыбақиев көшесіне жетпей жатып, оның қан қысымы көтерілген. Содан есінен танып қалған. Троллейбус бірден оңға қарай бұрылып, тұрақта тұрған Lexus GS300 пен Honda Accord көліктерін соққан. Одан кейін тротуарға шығып, жаяу жүргіншіні басып кеткен", - делінген компанияның әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оқиға орнына полиция, төтенше жағдайлар мен жедел жәрдем қызметкерлері барған. Компания өкілдері де болыпты. Дәрігерлер жаяу жүргіншіге шұғыл медициналық көмек көрсеткен. Алайда ол алған жарақатынан қайтыс болды.
"Қаза тапқан ер адамның отбасына өтемақы төленеді. Компания атынан оның отбасына және жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз", - дейді компания өкілдері.
Тағы оқыңыз: Автобус жүргізушісі жолақысын алып жатып, троллейбусқа соғылған
Жас жігіт Honda Accord жүргізушісі болған. Ол өз көлігіне бара жатқан. Бірақ, бірнеше метр қалғанда троллейбус қағып кеткен.