Оқиға

Қордайда 47 адам ұсталды

© Sputnik / Абзал КалиевДрака, иллюстративное фото
Драка, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тұрғымбаев жаппай төбелес кезінде екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрғанын айтты. Тіпті, қару да қолданған. Соның салдарынан 8 адам қаза болды

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордайдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қанша адамның ұсталғанын айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазіргі кезде 47 адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардан екі аңшы мылтығы тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу шаралары Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр", - деді Тұрғымбаев астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оқи отырыңыз: Қырғызстан Қордайдағы жаппай төбелеске байланысты шара қолданды

Министрдің айтуынша, қақтығысқа Ауқатты және Бұлан батыр елді мекендерінің тұрғындары да араласып кеткен. Осыған байланысты автожолдарда арнайы бекеттер қойылды. Төбелеске қатысқандар металл таяқ, тас пен атыс қаруын қолданған.

"Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде полиция қызметкерлері де жарақат алды. Екеуіне оқ тиді. Бұзақылар үйлерді өртеді. Қазіргі мәліметке сәйкес, 30-дан астам жеке үй, 15 сауда үйі мен 23 көлік зақымданды. Бұл ақпарат әлі нақтыланады", - деп атап өтті Тұрғымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, жаппай төбелес кезінде екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған.

Бұған дейін министр 8 адам қаза болып, 40-тан астамы жарақат алғанын мәлімдеген болатын.

Қордай ауданында не болды?

Кеше, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Сортөбе ауылында патрульдік полиция "Honda Odyssey" көлігін тоқтатқан. Ресми мәліметке сәйкес, көліктің мемлекеттік нөмірі талаптарға сай болмаған. Ал құжатты тексеру кезінде өзге де заңбұзушылықтар анықталған.

Ер адамдар полиция қызметкерлерінің учаскелік бекетке бару талабына құлақ аспаған. Біреуі көлікпен қашып құтылмақ болған. Полиция оны өз үйінің ауласында тоқтатқанда ер адамның туған-туыстары полицейлерге жабыла кетеді. Салдарынан тәртіп сақшылары жарақат алып, қызметтік көлік зақымданды. 

Осы оқиға бойынша екі әкімшілік хаттама рәсімделді. Бұдан бөлек, қызметін атқарып жүрген билік өкіліне күш қолданғаны үшін қылмыстық іс қозғалды.  Екі адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от jasstar (@jas_star.kz)

Ал көрші Масанчи ауылында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес болды. Жамбыл облысы полиция департаментінің тергеу басқармасында қылмыстық кодекстің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Мемлекет басшысы оқиғаны бақылауда ұстап отыр

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады", - деп жазды президент өзінің Twitter парақшасында.

Сортөбе мен Масанчи ауылдары Қазақстан-Қырғызстан шекарасына жақын орналасқан. Кешегі оқиғадан кейін көрші мемлекет шекарашылары күшейтілген режимге ауысты.

Жаппай төбелес болған Масанчи ауылында 2009 жылғы халық санағы бойынша 13 606 адам тұрады. Соның ішінде 90 проценті – дүнгендер, 5 проценті – қазақтар және 5 – орыстар. Масанчиде дүнген халқы тарихының музейі орналасқан.

Тоқаевтың мәлімдемесі

Бүгін Ақорданың ресми сайтында президенттің мәлімдемесі де жарияланды.

"Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды. Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды. Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін", - деп атап өтті Тоқаев.

Қазіргі кезде полиция мен ұлттық ұлан жағдайды бақылауға алды. Ал үкіметтің жанынан комиссиясы құрылды. Оған премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев төрағалық етеді. Комиссиясы оқиғаның себебін анықтайды.

"Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады", - деп түйіндеді Тоқаев.

Жаңалықтар
0