НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Ақтөбе облысындағы Қарабұтақ-Қостанай тасжолында жолаушылар автобусы аударылып кетті, оның салонында 45 Тәжікстан азаматы, сонымен қатар үш қазақстандық жүргізуші болған.
Жол апаты 26 ақпанда сағат 20:00-де Қарабұтақ елді мекенінен 20 шақырым жерде болды, деп хабарлайды өңірлік "Диапазон" басылымы.
Полицияның мәліметінше, тайғақ жол учаскесінде автобус жыраға түсіп кетіп, бір бүйіріне құлаған.
Автобус Шымкенттен Екатеринбургке бара жатқан. Салонда 48 адам: үш қазақстандық жүргізуші мен 45 тәжікстандық жолаушы болды.
Жол апаты салдарынан зардап шеккендер жоқ. Патрульдік полиция мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жолаушыларды кемпингке (автотуристердің лагері) эвакуациялады.