Оқиға

Бес рет қастандық жасалған: Алматы облысында кәсіпкерді өлтіріп кетті

© Sputnik / Владислав ВодневАвтомобиль скорой помощи в Нур-Султане
Автомобиль скорой помощи в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ауыл тұрғындары жиналып, полициядан қылмыскерді анықтап, оны жауапқа тартуды талап етті

ТАЛДЫҚОРҒАН, 17 тамыз – Sputnik. Алматы облысында кәсіпкер Нұрлан Ахметов кісі қолынан қаза тапты. Бұған дейін оны бірнеше рет өлтірмек болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алматы облысы Ащысай ауылында тұратын кәсіпкер Нұрлан Ахметовтің қазасы туралы хабар 16 тамызда әлеуметтік желіде тарады. Ауыл адамдары жиналып, қылмыскерді анықтап, оны жауапқа тартуды талап етті.

Жиналған кісі қарасы көбейген соң Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғат Сейілханов тұрғындардың үйді-үйіне тарауын, ал істі құқық қорғау органдарына қалдыруды сұрады.

Оқиға орнына келген Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов арнайы құрылған жедел-тергеу тобының кісі өлімін ашумен айналысып жатқандығын растады. Тергеу ерекше бақылауға алынды.

Полиция не дейді?

Ішкі істер министрлігі 15 тамызға қараған түні кәсіпкерді өз үйінде пышақтап кеткенін хабарлады.

Ол Шелек ауылындағы ауруханаға жеткізілген, бірақ алған жарақатынан қайтыс болды.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілерді қамауға алу үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Жағдай жергілікті атқарушы органдар және құқық қорғау органдарының бақылауына алынды.

Кәсіпкерге бірнеше рет шабуыл жасалған

Нұрлан Ахметов 1969 жылы туған, Еңбекшіқазақ ауданындағы Ащысай ауылының тұрғыны. Ол ауылдағы дүкен мен қоғамдық моншаның иесі. Бұған дейін де кәсіпкерге бірнеше рет шабуыл жасалған. 2018 жылы оны екі рет өлтірмек болды. Қаңтарда автокөлігінің астына қолдан жасалған жарылғыш зат орнатылып, салдарынан компания қызметкері жарақат алған. Дәл осы жылы желтоқсанда жеке үйінің кіреберісіне белгісіз біреулер тағы да жарылғыш зат қойып кеткен. 

Кейін кәсіпкер 2010 және 2012 жылдары да өзіне және ағасына қастандық жасалғанын айтты. Қылмыс фактілері сол күйінде ашылмай қалған.

Жаңалықтар
0