06:01 15 Желтоқсан 2018
Тікелей эфир
  • USD371.31
  • EUR419.32
  • RUB5.59
Смағұл Елубай

Смағұл Елубай: Құдайын ұмытқан қазіргі қоғамнан қорқамын...

© Foto : ҚМДБ сайтынан алынды
Сұхбат
Қысқа сілтеме алу
51110

Белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді

АСТАНА, 1 тамыз — Sputnik, Айгерім Таубай. Яссауидың сопылық ілімі мен бүгінгі әдебиеттің жай-күйі жайында, қатыгез қоғам мен қазақ тілінің ахуалы төңірегінде белгілі жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай ой толғайды. 

- Сұхбатымызды Ясауи ілімінен бастасақ. Жалпы ислам әлеміне Ясауидың қосқан жаңалығы қандай?

— Біздің  пайымымызша, Құл Қожа Ахмет Ясауидың сопылық ілімге қосқан жаңалығы Ұлы даланың рухынан келіп шығады. Ұлы даланың мыңдаған жылға созылған өзіндік дүниетанымы, қалыптасып қалған салт-дәстүр, әдет жүйесі болғаны белгілі. Табиғатқа табыну, Тәңірге табыну, шаманизм секілді  дәстүрлері болған. Ұлы даланың жергілікті халқының дүниетанымы Құл Қожа Ахметті осыған бейімделуге алып келді. ХІІ ғасырда Сыр бойындағы Түркістан, Сайрам, Сығанақ ислам дініне кірген отырықшы аймақ болатын. Ал Қыпшақ даласын ислам дінін қабылдамаған, әлі де сол тенгрияндықпен, шамандықпен келе жатқан қыпшақ түркілер мекендеді. Түркі қыпшақтарының, яғни қазақ халқының негізі сол жерде жатыр.

Түркістан облысында көне дәуірлердегі таңбалы тастар табылды
© Foto : Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ясауидың жетінші атасы Ысқақ баб Орта Азияны, яғни сол кездегі Түркістанды бағындыруға Бағдадтан қырық мың әскермен келген қолбасы болған. Бұл кезде Ислам халифатының орталығы Бағдад  қаласы еді. Ысқақ баб Сайрамға келіп сол жерде түркілердің үлкен қарсылығына кездеседі, екі жақтан жиырма мыңдай адам қырылады. Содан кейін Ысқақ баб "Бұл елді қылышпен бағындыруға болмайды екен. Тек үгіт-насихат арқылы ғана бағындыру керек екен" деп қылышын тастап, сопылық жолмен иманға шақыруға кірісіп кетеді. Ол – Қожа Ахмет Ясауидың жетінші бабасы. Құл Қожа Ахметтің заманынан дейін қанша уақыт өтсе де, сол кездегі Қыпшақ даласы ислам дініне кірмейді, қарсылық  танытады. Ысқақ бабпен болған қырғын соның айшықты көрінісі болды.  

"Ясауия тарихаты исламтануда прогрессивті рөл атқарды"

Құл Қожа Ахмет алдымен әкесі Ибрагимнен, одан кейін тарихтан белгілі Арыстан бабтан білім алған. Бұхарада білім алып, Ислам әлемін аралап,  жас кезінде білім жинаған. Түбінде бірақ қайтып келіп, Яссыға тұрақтайды. 

Исламды насихаттауды жас кезінде бастаған Қожа Ахметті 30 жыл халық қабылдамай, тас атып, қуды деген аңыз бар. Рас шығар. Мінекей осындай қарсылықты білгеннен кейін, көзбен көргеннен кейін, исламды насихатттауды жергілікті  халық дүниетанымына  ыңғайластыру қажет екенін түсінсе керек. Қыпшақ даласының дүниетанымын  жақсы білген Құл Қожа Ахмет тәңірлік дінді, яғни Тәңірді Құдайдың бір аты деп насихаттай бастайды. Ол Алла мен Тәңірдің айырмашылығы жоқ дегеннен кейін оны Қыпшақ даласы түсіне бастайды. Исламға бет бұра бастайды. 

Өзі Түркістанның жанында медресесін ашады. Сол медреседе  ең алғаш болып қыздарды оқыта бастайды. Мұны естіген Самарқан, Бұқараның фундаменталистері шошып, Құл Қожа Ахметті сынап, "ислам дінін бұза бастады, қыздарды медресеге ала басады" деп қарсы қозғалыс бастайды.  Самарқаннан келген бір ишан Құл Қожа Ахметкке  фундаменталистердің көзарасын алып келіп, екеуі  айтысқа түседі. Ол тарихта бар адам. Ясауи бүкіл елді, шәкірттерін жиып, онымен айтысады. Не себепті  әйелдерді медреседе оқыта бастағанын айтады. Айтыста  Құл Қожа Ахмет жеңеді. Айтысқан  кісі өзінің жеңілгенін мойындап, Қожа Ахметке шәкірт болып қалады. 

Тағы бір деректерде Әзірет Сұлтанның уағызын мұсылмандармен қатар христиандар да, буддистер де тыңдаған. Өйткені суфизмді (сопылықты) Әзірет Сұлтан діндердің шыңы деп білген. Осы ретте буддистер де, христиандар да Қожа Ахмет Яссауиды  аса құрметтеп, пір тұтқан.

Бізде көп айтыла бермейтін тағы бір мысал бар. Мұны Лондонда тұрған, қазір дүниеден өткен суфизмнің үлкен насихатшысы тегі ауғандық, бірақ ағылшын тілінде жазатын Ыдырыс Шах кітабында келтіреді. 

Жасы келіп қалған  Әзірет Сұлтанның Яссы қаласында  қанат жайып өркендеген кезі екен. Яссының өзінде Әзірет Сұланның 30 ханакасы болған. Әзірет Сұлтан байлығы да, беделі де өзіне жетерлік, сол аймаққа,  Ислам әлеміне танылған тұлғаға айналған. Бір күні Қожа Ахметке сәлем беруге, дидарын көруге  құрамында 82  адамы бар Сириядан, Дамаскіден делегация келеді. Олар келген соң ханакаларға орналасқан соң, Қожа Ахмет тек 12 қонақты қабылдап, уағыз айтқан. 

Шыққан соң  айлап, жылдап жол жүріп, уағыз тыңдауға келген жамағат наразылық танытқан. "Неге бізді қабылдамадың?" деп. Сонда Яссауи: "Мысалы, кәмпит  дүкеніне балалардың бәрін бірден кіргізсек, у-шу болуы мүмкін.  Одан да аз баланы кіргізіп, қолдарына кәмпит беріп, қалғанына тарат десең жөн болмай ма?" деп көпшіліктің көңілін тапқан көрінеді. Яссауия тарихаты исламтануда бүгінгі тілмен айтқанда прогрессивті рөл атқарған. Қожа Ахметтің шәкірттерінің айтуынша, Әзірет Сұлтан ғылымның жетпіс екі түрін оқытқан. Оның ішінде сол заманға керек ғылымның бәрі болған. 

Қазақстан Ясауиден айырылып қалуы мүмкін

- Білуімізше, сіздің "Ясауи" атты киносценарийіңіз бар. Осының жай жапсарын толығырақ айтып берсеңіз. 

— Тәуелсіздік  алған кездегі алғашқы мақалаларымыздың бірі Ясауи жайында болды. Содан бері Яссауия тарихатын шамамыз келгенше зерттеп жүрміз. Экранда  Ұлы даланың рухани тарихындағы осынау  пір тұлғанын орны туралы кең аудиторияда айтайық, насихаттайық деген оймен соңғы екі жылда Ясауи жайлы сценарий жазып едік. Сол сценарий өкінішке орай тоқтап тұр.  Қазақстанда әртүрлі ислам дінінің ағымдары бар. Солардың арасында айтыс туып кете ме деген қауіп болды билік тарапынан. Ал біз болсақ Ясауи тақырыбы өзге елдердің қанжығасында кете ме деп қауіптенеміз. Өткен жылдың өзінде Түркияның бір киностудиясы, бір телеарнасы қазақ кинодраматургтерінен Ясауи туралы сценарий сұратқанын білемін. Егер ол жоба іске асса, Қазақстан әлем алдында Ясауиден айырылып қалуы әбден мүмкін. 

Құдайсыз қоғамның сорақы салдарын көріп отырмыз… 

 — Өздерін сопылық жолды ұстанушылар һәм таратушылармыз деп санайтын кей адамдарды көпшілік айыптап тастағаны біз бен сізге мәлім. Соған байланысты жамағаттың көңілінде сопылық адасушылардың жолы деген күдік қалды. Осыған байланысты өз көзқарасыңызды білдірсеңіз. 

— Біз кешегі Кеңестік  дәуірден түгел діни сауатсыз болып шықтық. Діни сауат беретін медреселер, мектептер жоқ болды, тіпті оны насихаттауға тыйым салынды. Біз Тәуелсіздік алғаннан бастап мешіттеріміз молайып жатыр, діни сана-сезімге кеңістік беріліп жатыр. 

Алайда осы суфизм деген өзіміздің ата жолымызға көзқарас дұрыс болмады. Қудаладық, қазір олардың ірі өкілі түрмеде отыр. Бір жақсысы профессор Саят Ыбыраев бостандыққа шықты. Ол шын айтқанда кінәсіз қамалған болатын. Ал Ауғанстаннан келген қарапайым адам, біздің Қазақстанның заңы мен ішкі саясатынан хабарсыз, бірақ діни өте сауатты адам Исматулла Максум түрмеден шыққан жоқ. Оны жеке білмесем де, жазғандарынан өте діни сауатты екенін білемін. Ол  Шәкәрім, Абайлар ұстанған, Ясауи жолын жалғастырушы сопы болатын. Оған нашақорлар мен беті бері  қарамайтын маскүнемдерді байлап ұстады, адам құқығын бұзды деген айып тағылды. Шынтуайтына келгенде, маскүнемдер мен нашақорларды кез келген емханада байлап  ұстайды. Оларды еркіне жіберсең, қашып кетеді ғой. Сопыларға қарсы сол сот бір келеңсіз сот процесі болды  деп білемін. Қиянат болды деп білемін. Бұл салада әділет орнауы керек. 

Тоқсаныншы жылдары жұрттың бәрі атеистік дүниетанымда болды, оның ішінде бәріміз бармыз. Сол кездері сопылық бағытқа түскендер зікір салады деп, телеарналардан көрсетіп жұртты шошытты. Халық ондай ритуалдардан шошитын. Бұл сол сезде  фанатизм жолына  түсіп кеткен топ болып көрінді. Шынтуайтына келгенде, Алланың атын айту Құраннан басталған. Қайталап айту, теңселіп айтқанда, басын изеп айтқанда не тұр? Оныменен  құлшылықтың мағынасы өзгермейді.

Суфилар – Алланы  күндіз-түні ұлықтайтын әулиелік жолда жүрген дәруіштер. Бұлар тазалықты, имандылықты ту қылып көтерген, Аллаға, адамға, қоғамға, Отанға деген адалдықты ту қылып көтерген дін адамдары. Олардан  жамандық іздеудің  өзі надандық еді. Суфизмнің тарихын білмеу еді. Суфизмді бүкіл әлем төбесіне көтереді. Әлемге әйгілі үндістандық теолог Хазреті Инаят Хан суфизмді "Ислам ағашының соңғы бұтағына өсіп шыққан миуасы" деп дәл баға береді. 

Ал құдайсыз коммунистік сана болса, кез келген діни қоғамнан қорықты. Шынтуайтына келгенде, дін емес, ең қорқынышты нәрсе құдайсыз қоғам еді. Бүгін біз сол құдайсыз атеистік қоғамның сорақы салдарларын көріп, біліп отырмыз. Құдайын ұмытқан қоғамнан туған ұл-қыздардың ұждансыздықтарын күнде көріп отырмыз. Соның бәрі қайдан шықты? Бәрі имансыз, құдайсыз қоғамнан  шықты. Дәстүрлі отбасы құндылықтары құрдымға кете бастады. Өйткені жастарымыз Құдайдан қорқуды білмейді. Ал халқымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Өз басым қазіргі қоғамнан қорқамын. Құдайын ұмытқан қоғамнан әрнәрсе күтуге болады. 

"Жаратушыны ұмыту – азғындықтың ең асқынған  түрі"

- Түркияның тұңғыш президенті Ататүрік бүкіл мешітте түрік тілінде азан шақыртқан екен. Оның сыры жалпыға белгілі. Бірақ қазақ тілінде «Алла  ұлық» деп азан айтып жүргендерге имамдар "адасқандар" деп айдар тағып, пәтуа шығарғыш. Арғы-бергі тарихымызда ана тілімізде азан шақырғандар болған ба? Жалпы бұл жағдайға көзқарасыңыз қандай? 

— Азан ана тіліміде шақырылмады деп ойлаймын. Мұны мен естіген жоқпын. Алайда мынаны түсінуіміз керек: Алланы ұлықтау қай тілде жасалынса да, ешқандай айыбы жоқ. Шынтуайтына келгенде, Алла менен адамның арасында тіл кедергісі жоқ. Кейбір дұғаларды мен қазақша оқи беремін, ал кейбірін дәстүрлі араб тілінде оқимын. Бұл жерде үлкен қателік  жоқ деп ойлаймын. 

Дінсіз өмір сүруге бола ма?

— Дінсіз  өмір сүруге болмайды. Адамды Алла жаратты. Бүкіл адамзат жиналып осы уақытқа дейін адамның бір тырнағын да жаратқан жоқ. Сондықтан өзімізді жаратушыны құрметтеу, ұлықтау – парыз. Біз ата-анамызды ұлықтаймыз ғой. Шынтуайтына келгенде, бізді ата-анамыз жаратқан жоқ.  Ата-анамыз Алланың бұйрығын орындады. Сондықтан Алла тағаланы ұмыту, өзіңді Жаратушыны ұмыту – азғындықтың ең асқынған  түрі.

"Ананы балаларымен қатар қоюға бола ма?" 

- Сұхбатымызды әдебиетке ойыстырсақ. Бүгінгі әдебиет ардың ісінен бір сәттік қарын қамының ісіне ауысып кеткен секілді. Осы орайда Тәуелсіз Қазақстан жазушылары төл әдебиетімізге қандай жаңалық қосты деп ойлайсыз?

— Бір ақиқат бар: әдебиетсіз халық халық болмайды, әдебиетсіз ұлт ұлт болмайды, әдебиетсіз мемлекет мемлекет болмайды. Әдебиетін алып тастасаң, ақша санауды ғана білетін қара тобыр ғана қалуы мүмкін. 

Әдебиеттің осынау құдіретті қасиетін білген кешегі Кеңес өкіметі әдебиетшілермен санасып, оларға үлкен мәртебе берді. Қандыбалақ Сталиннің өзі жазушылардың кабинеті үйінде ғой деп, үй алған кезде 20  шаршы метр артық беретін. Әдебиетті өнердің өзге түрлерімен тең қою үлкен қателік. Әдебиетті совет заманындағыдай ешқандай өнермен араластырмай, әспеттеп, жоғары қоюымыз керек. Жазушының қаламақысын да, беделін де көтеруіміз керек. Және сол жазушыларға жұмыс істеуге мүмкіндік жасауымыз керек. Біз осы жерден қателік жібердік. Мысалы, алдыңызда отырған жазушы Совет заманынан кейін жарытып қаламақы алған емес. Символикалық бір нәрселер береді, оны айту ұят. Қазір қаламақы мәселесін жөндейміз деп жатырмыз. Соның өзі аз.

Әдебиетті жүздеген қоғамдық ұйымның қатарына қою – қателік. Әдебиет — шынында жалпы мәдениеттің анасы. Ананы балаларымен қатар қоюға бола ма? 

Әдебиет дегенде түгел, қопырап шығып жатқан қадірсіз, кітаптың қадірін кетірген кітаптарды айтып отырған жоқпын. Қазір кітаптың қадірі кетіп жатқан заман. Кез келген адам кітап шығара алады. Шығара берсін, бірақ әдебиет бөлек қой. Әдебиет өлмейтін сөз өнері ғой. 

- Сонда жазушылардың төл әдебиетімізге жаңалық әкелуі, тың дүниелер жазуы қаламақыға байланысты ма?

— Жоқ, қаламақыға байланысты емес, бірақ қаламақы  жалпы стимул ретінде қажет. Кезінде  Толстойдың өзіне қаламақы төленбеген болса, ол Толстой бола алмаған болар еді. Ол өйткені басқа шаруамен айналысатын еді де, "Соғыс және бейбітшілік", "Анна Каренина" секілді шығармалар өмірге келмеуші еді. 

- Жастар  әдебиетіне қандай баға бересіз? Кімдерді оқыдыңыз? Не жетіспейді? 

— Біздің поэзия қатты өркендеу үстінде. Проза кенжелеп келеді. Осы ретте жастарды қолпаштау керек дегім келеді. Олардың арасында таланттар жетіп жатыр.  Өлең сөздің туын көтеріп келе жатқан жастар қаншама?! Адам таң қалатын өлеңдер келіп жатыр өмірге. Бұл қазақ халқының әдебиеті әлі құлпыру, даму үстінде деген сөз.  Проза  көп уақытты талап етеді. Мысалы бізге қазіргі заман туралы роман жаз деген тілектер болып  қалады. Олай істеуге болмайды. Қазір болып жатқан нәрсенің өзін қорыту керек. Кейде бағаны уақыттың өзі береді. Мысалы, "Соғыс және бейбітшілікті" Толстой сол соғысқа қатысса  да,  50  жылдан кейін жазды. Көшпенділер мәдениетінің тал бесігінде тербелген Әуезов "Абай жолын" жарты ғасыр өткеннен кейін жазды. Сондықтан бұл заманға кең көлемде, кең тынысты баға беретін алыптар болады деп дәметеміз. Бірақ күмән, күдігіміз де жоқ емес.

"Мүйізі қарағайдай үкіметтің 15 мүшесі орысша көстеңдейді"

- Қандай күдік?

— Дәл бүгінгі таңда мынау ақшаға табынған қоғамда күн көрісті ойлап зыр жүгіріп жүрген ұл мен қыздың тілі адам шошырлық жүдеу деңгейде. 

 Тіпті дардай басшылардың да тілі жетісіп тұрған жоқ. Жалпы, халықтың сөзі сұйылып барады. Бұл – үлкен прозаның өмірге келуіне үлкен кедергі. Тілдің сұйылуы ұлттың сұйылуына алып баруы мүмкін. Сондықтан бізде мемлекеттік тілдің жағдайын жақын арада жөндеуіміз керек. Тіл Тәуелсіздікке сай болмай тұр. Тіл Тәуелсіздік ала алмай тұр. Шын тәуелсіз тіл өзінің елінде 100 пайыз өркен жайып  отыруы тиіс. Біз дәл қазір күнделікті тұрмыста  қазақ тілінің тек 30 пайызын ғана пайдаланып жүрміз. Шалқар мұхит, аласапыран теңіздей толқыған  құдіретті қазақ тілі түгел іске қосылмай, оның мол нобайы қаңтарылып тұрғандай көрінеді. Бұл – қатерлі  құбылыс. Тілді пайдаланбаса, күнделікті өмірде қолданбаса, жан-жақты айналымға түсірмесе, ол ақпаған су тәрізді борсып немесе жерге сіңіп кетуі ықтимал.

Мінекей, бұл келеңсіздік жөнделуі керек.

Қазақстандағы өзге ұлттарды өкпелетіп алмайық деп жүріп, өзімізді өшіріп алмауымыз керек. Эфирге шығып алып, мүйізі қарағайдай 15 үкімет мүшесі орысша көстеңдеп, ұрпаққа теріс үлгі беріп отырады. "Бұлай істеуге болмайды" деп ойбайлаумен келе жатырмыз. Үлгі беретін басшылар ел алдына шыққанда осылайша орысша көстеңдей беруін доғармаса, Қазақстан ешқашан толық қазақшаға көшпеуі мүмкін.

Бір орыс отырса бітті, 100 қазақ  орысша көстеңдей жөнеледі. Сонда мен өңшең құлдарды көргендей боламын. Құл халық қалай азат халық болады? Ендеше, шапшаң жаңғыруымыз керек. Бәрін жаңалауымыз қажет. Жаңа заң қабылдауымыз керек. Әйтпесе, қазақтың орыстану үдерісін ешқашан тоқтата алмас сызықтан өтіп кетуіміз мүмкін. Шұғыл мектеп реформасы болуы керек. Ол жерде бесінші класқа дейін сабақтар түгел қазақ тілінде жүруі тиіс. Бүкіл әлемде солай. Неге Ресей, Жапония, Қытай, Франция бірінші кластан бастап оқушыларын үш тілде тәрбиелеп жатқан жоқ? Неге соны ойламаймыз?

- "Адалдық бәйгесіне атыңды қос, озсаң да олжалысың, қалсаң да олжалысың" дейді Төлен. Бұл күнгі бәйгелерден адалдық иісі аңқи ма? Тура билер туғанына бұрылып, шекпенділердің алдын ала белгілеп қойғанына  мойынсұнып кеткен жоқ па?

— Сыйлық беру, тарату немесе ол үшін күресу деген нәрседен аулақ жүрміз. Өкінішке орай, пендешілдік барлық салада бар. Алысып, арпалысып, жүгіріп, шырылдап жүргендерге бәйге  бірінші тиіп қалуы мүмкін. Оны мен жоққа шығармаймын. Ал бірақ бәйгелердің көбеюіне қарсы емеспін. Оның бәрі жіптіктей тап–таза  болуы мүмкін емес. Ол өмір ғой. Бірде ары болса, бірде бері болады. Бірақ әйтеуір қалам ұстаған қауымға бәйгенің көбейгені өте дұрыс. 

Тағы оқыңыз: Қай министр депутаттардың қазақша сұрағын түсіне алмай сасқалақтады?

Тіліміздің тұнығын шайқап алдық

- Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры 20-ғасырдың өңешінде кетті дегенге келісесіз бе? Әлде енді туа ма?  

— Мен келісемін. Оның себебі, ол әдебиет біз өзіміздің ұлттық болмысымыздан әлі алыстамай тұрғанда жасалынған болатын. Жамбылдың тіліне қараңыз, Әуезов, Майлин, Мүсірепов, Нұрпейісовтың тіліне қараңыз. Олар қазақ тілінің тұнығы шайқалмай тұрғанда жазды. Ал бүгінде қазақ тілінің бай қорын, мүмкіндігін, қазынасын айналымнан шығарып алдық. Мұндай жағдайда әдебиеттің алтын ғасырын қалай жасауға болады? Алтын ғасыр ұлттың рухани болмысы шайқалмай, тұнығы бұзылмай тұрған кезде жасалынады. Рас, жиырмасыншы ғасыр біздің тұнығымызды шайқады, бірақ төгіп тастаған жоқ еді. Жиырмасыншы ғасырда қазақтың рухы қазақтықтан алыстаған жоқ еді. Оны алтын ғасыр әдебиетінен көруге болады. Ал бүгін Тәуелсіздік алсақ та, тіліміздің тұнығын шайқап алып отырмыз. Осындай қатыгез ғасырға бетпе-бет келіп отырмыз. Бірақ жылай беру орынсыз. Ұлттың ұлы ықтиярын жұмылдырып, бәрін қалыпқа келтіруге болады. Ол үшін саяси, мәдени элитамыз бірігіп, тіл болашағын шешетін үлкен тарихи шешімдерді қолға алуымыз керек. Шындығына келгенде, шешілмейтін проблема жоқ. Бәрі өзімізге байланысты. 

Әңгімеңізге рақмет! 

Қазақ тілінде сөйлемеген шенеуніктер үшін депутат намыстанды

Тақырып бойынша

Үкімет енді тек қазақша сөйлей ме?
Екі тілде баяндама жасаған министр: келесі жолы 100% қазақша сөйлеймін
Атышулы Байзақова: қазақша боқтап сөйлеген соң инстаграмда жұлдызға айналдым
Қазақша сөйлемеген Көшербаевқа Елбасы ескерту жасады
"Жарайсың!" Нығматулин қазақша баяндама жасаған депутатты шенеуніктерге үлгі етті
Ұлттық банк басшылығы депутаттың сұрағына қазақша жауап бере алмады
Орыс мектебінде оқитын жарты миллион бала қазақша сөйлемейді
ҚР-дағы АҚШ-тың бұрынғы елшісі: балам қазақша сұхбат берген
Кілт сөздер:
қаламақы, атеистік қоғам, сопылық, ислам діні, жазушы, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қожа Ахмет Ясауи, Смағұл Елубай
Загрузка...

Басты тақырыптар