07:38 21 Мамыр 2019
Тікелей эфир
  • USD378.90
  • EUR422.74
  • RUB5.87
Сергей Цырульников

"Супермен боласың": танымал балуан алып күшке ие болудың құпиясымен бөлісті

© Sputnik / Владислав Воднев
Сұхбат
Қысқа сілтеме алу
88561

Бес рет әлем рекордын жаңартқан алып күш иесі Сергей Цырульников Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді

Астана, 24 ақпан – Sputnik, Дәурен Ерболат. Сергей Цырульников – танымал қазақстандық спортшы, қазақ балуандарының дәстүрін жалғастырушы, темірді саз балшықша илейтін алып. Ол 7 рет Қазақстан, 5 рет әлем рекордын жаңартқан. Оның есімі Гиннес рекордтар кітабына енген.

Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында Сергей балалық шағы, 21 күнде кез келген азаматтың алып күшке ие бола алатынын, қазақ батырларының дәстүрін жалғастыруға не себеп болғанын әрі алдағы уақытта қандай рекорд жаңартуды жоспарлап жүргенін айтты.

Барлығы балалық арманнан басталды

Халық арасында темірді саз балшықша илеп, 180 тонналық пойызды сүйреп, танымал болған балуан 1985 жылы Ақмола облысы Шортанды ауданы Новокубанка ауылында дүниеге келген. Оның айтуынша, үлкен спорттағы жолы ауылдағы волейбол секциясынан басталған.

Четырехкратный рекордсмен мира по силовым номерам Сергей Цырульников
© Sputnik / Владислав Воднев
Қазақ балуандарының ізін жалғастырушы Сергей Цырульников

"Ауылда жұмыс бітпейді ғой. Үй шаруасына араласып, шымыр болып өстім. Бала кезімнен маған алып күш иелері ұнайтын. Жан-Клод Ван Дамм, Арнольд Шварценеггердің фильмдерін көріп өстім. Ашығын айтайын, сол уақытта Қажымұқан Мұңайтпасовтың кім екенін білген жоқпын. Кейін оның қазақ елінің мақтанышы, теңдесі жоқ кәсіпқой балуан екенін кітаптан оқыдым. Қажымұқанның жасаған ерліктеріне тәнті болдым. Есейгенде мен де жасаймын деп өз-өзіме серт бердім. Бұл маған күш беріп, балалық арманымның орындалуына себеп болды" - дейді ол.

Өмірдегі өзгерістер

Сергей Цырульников  –  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Мамандығы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Сондай-ақ, Қарағандыдағы университетте "Қаржы және кредит" пәні бойынша білім алған. Оны тәмамдаған соң, әскери борышын өтеп, келісімшарт негізінде 12 жыл Ұлттық ұланда, 4 жыл мемлекеттік күзет қызметінде жұмыс істейді. Майор шеніне дейін көтерілген. Алайда 2018 жылы әскери қызметін аяқтайды.

"Өткен жылы әскер қызметтен біржола кеттім. Басшылық не әскери қызметті, не хоббиді таңда" деп талап қойды. Мен екіншісін таңдадым. Себебі, ол кезде торға қамалғандай күйде жүрген едім. Өзімді дамытуға мүмкіндік болған жоқ. Франция, Перу, АҚШ, Украина, Түркия елдерінен шақырту келіп жатты. Ал мен Қазақстанның өңірлеріне шыға алған жоқпын. Сөйтіп, қазақ балуандарының дәстүрін жалғастырамын деп шешім қабылдадым. Оған еш өкінбеймін", - деді балуан.

Таңғажайып ерліктер

Ол осы күнге дейін 7 мәрте Қазақстан, 5 мәрте әлем, 2 мәрте Гиннес рекордын орнатқан. Осы орайда Сергей Цырульников есінде қалған трюктеріне тоқталды.

Оның айтуынша, күш атасы Қажымұқанның 2 атты ұстап, елді тәнті еткені оған қатты әсер еткен. Мұны 100 жыл өтсе де, ешкім қайталай алмаған. Себебі, бұл трюк – адам өмірі үшін қауіпті.

"Аты аңызға айналған балуан атамыздың ерлігін мен де қайталаймын деп тәуекелге бардым. Қателеспем, 2017 жылы 2 аттың басынан ұстадым да, бар күшімді салып, оларды 3 минут ұстап тұрдым. Кейін халық тарапынан  "бұрын аттар ірі болған, ал сенің атың кішкентай"  деген сын айтылды. Сөйтіп, 2 айдан соң, тағы рекорд орнатуға шешім қабылдадым. Осы жолы 4 атты ұстап тұрамын дедім. Оларды ұстап тұруға 12 мәрте талпындым. Нәтижесінде аттарды 50 секунд ұстап тұрдым. Сондай-ақ, 180 тонналық пойызды 20 метрге сүйреуімде есте қалыпты. Алғашында локомотивті 10 метрге сүйреген соң, өзімді жайсыз сезіне бастадым. Бірақ мақсатыма жетуім қажет болды. Пойызды 20 метр сүйреген соң, есеңгіреп қалдым. Біраздан соң есімді жинадым ̎, - дейді қазақ балуандарының дәстүрін жалғастырушы.

Тау қопарар талап

Әңгіме барысында балуан неге мұндай жанкештілікке барғанын, рекордтарды жаңартқаннан пайда таппағанын атап өтті.

"Қазақ балуандарының дәстүрін жаңғыртуға тиісті деңгейде көңіл бөлінбейінше ісімді жалғастыра беремін. Мен рекордттарды Сергей Цырульников ретінде ғана емес, оны қазақ балуандарының дәстүрін жалғастырушы және Қазақстан азаматы ретінде істеп жүрмін. Рекордтарға шоу ретінде қарау дұрыс емес. Мені рекорд орнатудан қомақты ақша тауып жүр деп ойлайтындар бар. Бұл – қате пікір. Себебі, әлем рекордын орнатардың алдында ұйымдастыру шараларына аз дегенде 500 мың теңгеден 2 млн теңге аралығында қаржы жұмсалады. Оны өз қалтамнан шығарамын. Пайда тауып жүрген жоқпын", - деді Сергей Цырульников.

Осы орайда ол тойларда өнер көрсететін жасырған жоқ.

"Менің шағын бизнесім бар. Бірақ онымен әйелім мен 2 баламды асырап отырмын деп айта алмаймын. Тойға шығып өнер көрсетемін (күліп). Мұнда да мен әншілер сияқты қомақты қаражат таппаймын. Менің бір рет сахнаға шығуым – 100 мың теңге. Қазақстандық жұлдыздармен бірге өнер көрсетемін, 30 минут бойы адамдардың көңілін көтеруге барымды саламын. Темір шынжырды үземін, адамдарды көтеремін. Кейін сахнаға әнші флешкасымен шығады да, фонограммамен ән айтады. Оған 1,5 – 2 млн теңге алады. Оны көргенде ішің ашиды. Кезінде ән айтуды да үйрену керек еді деп қынжыласың", - дейді балуан күліп.

Сергейдің құпиясы

Сонымен қатар Сергей Цырульников алып күшке ие болудың құпиясымен бөлісіп, кітап жазып жатқанын атап өтті.

"Менің жаттығуым изометриямен байланысты. Қарапайым тілмен айтқанда, изометрия арқылы мұрынмен дұрыс демалып, сіңірмен дұрыс жұмыс істеуді үйренесіз. Адам бойындағы негізгі күш бұлшық етте емес, cіңірде. Бағдарламамның негізгі мақсаты – адам бойындағы жасырын күшті пайдалануды үйрету. Қиын жағдайда адамның бойында адреналин бөлінеді. Осылайша, ол қолынан келмейтін әрекеттер жасауы мүмкін", - дейді Сергей.

Алып күш иесі осы орайда адамның бойында орасан зор жасырын күш барын мысалмен дәйектей өтті.

"Мысалы, Құдай сақтасын, жер сілкінді делік. Бала үйінділердің астында қалды. Анасы 100 келі бетонды орнынан жылжытып, баласын құтқаруы мүмкін. Міне, аталған жаттығу сізге адреналинсіз адам сенгісіз әрекеттер жасауға мүмкіндік береді. Өз организміңізді "супер" адам болуға дайындайсыз. Бұл әдіс кезінде КСРО КГБ-ның қызметкелерін дайындауға пайдаланылға. 21 күн бойы 15 минут сайын үзбей менің жаттығуымды жасасаңыз, бойыңызда күш-қуаттың артқанын байқайсыз. Жоқ дегенде шегені еркін майыстырасың. Қазіргі таңда кітап жазып жатырмын. Құпияларымның бір бөлігі сонда жазылады", - деді ол.

Оның айтуынша, кітапты қазақ тіліне аудару жоспарда бар. Ол 2019 жылдың соңында баспадан шығады. Оған қытайлық промоутер үлкен қызығушылық танытып отыр екен.

Табыстың кілті – табандылықта

Сондай-ақ балуан табысқа жетудің жолымен бөлісіп, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

"Наурызда жаңа рекорд орнатуды көздеп отырмын. 2011 жылы австриялық азамат 103 келілік адамды 1 қолымен 1 минутта 7 рет көтерді. Бұл Гиннес рекордтар кітабына ресми түрде тіркелген. Мұны 8 жыл бойы ешкім жаңарта алмай келеді. Сондықтан мен 110-115 келі адамды 1 қолмен көтеріп, 7-ден асыруды жоспарлап отырмын", - дейді Сергей.

Оның айтуынша, табысқа жетудің құпиясы өте қарапайым. Ең бастысы өз ісіңе адал болуың керек.

Қазақстандық балуан екі ұшақпен күш сынасты - видео
Видео предоставлено Sputnik Сергеем Цырульниковым

"Алдыңа қандай қиындықтар кездессе де, оған мойымай мақсатыңа жет. Өз жеңісіңе, өз мақсатыма сенімді бол. Мен изометриямен шұғылдана бастағанда көбі "сен болмайтын іспен айналысып жүрсің. Бұдан нәтиже шықпайды. Мақсатыңа жете алмайсың! Күшіңді шахтаға пайдалану керек" деп айтатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің алдында тұрғанда бойымды қуаныш кернеді. Маған сенбеген адамдар "бауырым, мұндай алып күшке қалай ие болдың?" деп сұрап жатады. Ал ол - талай жылғы еңбегімнің нәтижесі", - деді Сергей Цырульников.

Сөз соңында балуан жарты қойдың етін бір отырыста жейтінін, Fast food-пен тамақтанбайтынын, әрі кола ішпейтінін атап өтті.

Кілт сөздер:
қазақстандық балуан, сұхбат, Сергей Цырульников
Загрузка...

Басты тақырып