Қаллеки театрының директоры актерлердің жалақысы қанша екенін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневҚалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Айболат Сексенбаев
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма 
театрының директоры Айболат Сексенбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Айболат Сексенбаев бірден жұлдыз болуды армандайтын жас актерлер мен театрдың тұрақты көрермені жайлы ойымен бөлісті

НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз  — Sputnik, Инеш Есімсейіт. Наурыз театр айы саналады. 27 наурызда Дүниежүзілік театр күні аталып өтті. Осы мерекеге орай Sputnik Қазақстан тілшісі елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Айболат Сексенбаевпен сұқбаттасты. Ол жас актерлердің кәсіби шеберлігі, қызметкерлердің жалақысы, билет құны мен үнемі аншлаг жинайтын қойылымдар жайлы айтып берді.

-  Айболат Жанғалиұлы,  сіз Қаллеки театрында билет сату әкімшісі қызметінен директор лауазымына дейін жеттіңіз. Өнер ошағы жайлы сағаттап әңгімелесе аласыз. 30 жылдай тарихы бар театрды басқару қаншалықты қиын екенін айтып берсеңіз.

Қаллибек Қуанышбаев атындағы театр - Sputnik Қазақстан
Дерекқор
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры

-  Театр басшылығына келгеніме 3 жылдай болды. Расында да, өз қызметімді 21-22 жасымда билет сату әкімшісі ретінде бастаған болатынмын. Әзірбайжан Мамбетов ағамыздың кезінде жұмысқа орналастым. Сондықтан ұжыммен жұмыс істеу мен үшін қиын болмады. Осы жолда қызмет ету мені бақытқа бөлейді.Театрымыз кішігірім , 200 адамға арналған залымыз бар. Шамамен 35 қойылым сахналаймыз. 

-  Актерлердің бірнеше жобада қатар жұмыс істейтіні белгілі. Қойылымдарды жоспарлау кезінде олардың жұмыс кестесі ескеріле ме?

-  Актерлермен ұжымдық келісім-шарт бар. Жұмыстың бәрі ашық түрде өтеді. Келесі айдың репертуарын алдын ала айтамыз. Олардың қажеттіліктерін бірінші орынға көтереміз. Өйткені актер – театрдың негізгі күші. Қазір бәрі киноға түсіп, танымал болғысы келеді. Біз бұған мүмкіндік жасауға тырысамыз. Алайда театрдың жұмысы ақсап қалмауы тиіс.

Тағы оқыңыз: Министр әртістердің жалақысы жайлы айтты

- Қазір жас мамандардың біліктілігіне байланысты түрлі сын айтылып жүр. Жас әртістердің кәсіби деңгейіне сіздің көңіліңіз тола ма?

- Театрда тек жанкештілер жұмыс жасайтын сияқты. Аз айлыққа, үйдің жоқтығына қарамай, бар өмірін өнерге  арнайды. Кейде қазіргі жас актерлер бірден жұлдыз болу үшін  оқуға түседі деп ойлаймын. Әп-сәтте жетістікке қол жеткізгісі келеді. Ұйықтамай, күні-түні еңбектеніп, тер төгу процестерін тез өтіп кетуді армандайды. Сондай бір айырмашылық бар. Бірақ өнер ошағында театрды жаны сүйетін , отымен кіріп, күлімен шығатын жастарымыз ғана жұмыс істейді. Ал қалғандары уақыт өте келе "жағаға шығып" қалады.  Актер болу үшін, ең алдымен,  театрды сүю керек. Өнер жолы өте қиын жол. Сондықтан бұл кәсіпті таңдаған кезде асықпай ойланып алған жөн.

- Танымал актердің еңбекақысы да жоғары болады ғой. Мүмкін осыны көздейтін шығар. Құпия болмаса, театр актерінің орташа жалақысы қандай?

-  Актерлердің жалақысы өте аз. Еліміз еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшкенін білесіздер. Бұрынғы жүйе бойынша "академиялық" мәртебесі бар театр актерінің айлығы екі есе жоғары болатын. Жаңа жүйеде осы ерекшеліктің болмауы бізді қатты қынжылтады. Жалақы тек  "ұлттық" мәртебесі  бар театрларға ғана қосылады. Бұдан шығудың жолы - театрларға "ұлттық" атауын беру. Бұл құпия ақпарат емес,  театрымыздағы жалақы - 42 мың мен 110 мың теңге аралығында.

- Театр қызметкерлерінің еңбекақысына билет құны да әсер ететін шығар? Театрда премьера мен репертуардағы қойылым бағасында ерекшелік бар ма?

Мұрат Ахманов - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
"Түрімді ұмытып қалды" Назарбаевтың рөлін сомдаған актер көрген қиындықтары туралы айтты

- Қазір театр билеттері өте арзан. 600-1200 теңге аралығында. Егер қойылымдарды тауар деп қарайтын болсақ, оның бағасы көтерілгенін қалаймыз. Себебі бәрі күнде өсіп жатыр ғой. Мұның астарында көрермен өнер құнының жоғары екенін түсінсе деген пәлсапалық ой да бар. Театр билетінің бағасын қалалық әкімдік бекітеді. Қазір оның құнын өсіруді қолға алып отырмыз. Әрине, уақыт қажет ететін жұмыс. Жыл соңына дейін аяқталады деп ойлаймыз. Барлық комитеттер тарапынан қаралатын болады.  Қазір көрермен өзі іздеп,  билет сатып алады. Актерлеріміз киноларда көрініп, біраз үлкен атақтарға иеленсе, солар үшін келеді.  Көрермен талабы – сахнадан кәсіби деңгейі жоғары шығармаларды көру. Сондықтан біздің қиялымыз бен  режиссерлік құрам жақсы жұмыс істесе, театр үнемі көрерменге толы болады.  

- Расында да, театр өнері көрерменсіз өмір сүре алмайды. Қаллеки театры көрерменінің портретін қалай сипаттар едіңіз?

- Көрермен портреті, жалпы алып қарағанда, спектакльдің тақырыбына байланысты екен. Бұл процентпен айтатындай дүние емес. Мәселен, кейбір адамдарға өзіміздің тарихи туындыларымыз қатты ұнайды. Қазақ көрермені патриот болып келеді ғой. Өзіміздің автор мен режиссердің қойылымын ерекше ықыласпен тамашалайды.  "Абылайханның арманы", "Шәмші"  спектакліне жиі келеді. Адамның жүрегіне тиіп, жылататын қойылымдарды жақсы көреді.  Әлемдік классиканы тамашалайтын көрерменіміз де бар. Бірақ кейде философиялық тұрғыда деңгейі биік спектакльдерге кейбір көрермен келмей қалады.

Дулыға Ақмолда - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Дулыға Ақмолда: Актер деген мамандықты төменге түсіріп жібердік...

- Қарапайым көрермен ретінде өзіңізге қандай қойылым ұнайды? Философиялық ойға толы болуы керек пе, әлде сахнаны безендіру мен костюмге мән бересіз бе?

- Маған театрдың жандылығы ұнайды. Жарқ-жұрқ еткен жылтыр, арзан дүние қойған кезде менің ішім қан жылап қалады. Ал мағынасы терең, өмірден сыр шертетін дүниелер сахнаға келіп жатса, қуанамын.  

- Сұхбатыңыз үшін рахмет. Мереке құтты болсын!

Жаңалықтар
0