17:00 11 Желтоқсан 2019
Тікелей эфир
  • USD386.19
  • EUR427.71
  • RUB6.07
Ержан Есімханов

"Ешкімге қызық емес секілді": Ла-Маншты жүзіп өткен тұңғыш қазақ жігітінің әңгімесі

© Sputnik / Абзал Калиев.
Сұхбат
Қысқа сілтеме алу
114710

Алматылық Ержан Есімханов 34 шақырым Ла-Манш бұғазын 14 сағат 21 минутта жүзіп өткен

НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik, Дәурен Ерболат. Заңгер Ержан Есімханов Ла-Манш бұғазын қалай жүзіп өткенін және спорт өмірін қалай өзгерткенін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.

Ла-Маншты бағындыру – кез келген адамның қолына келе бермейтін іс. Тарихқа көз жүгіртсек, 1875 жылы ағылшын Мэттью Уэбб бұғазды алғаш рет жүзіп өткен. 2011 жылы 70 жастағы ұлыбританиялық Роджер Оллсоп 17 сағат 51 минутта жүзіп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Франция мен Ұлыбритания арасын бөліп тұрған Ла-Маншты жалғыз өзі жүзіп өткен тұңғыш қазақ – Ержан Есімханов.

© Sputnik / Абзал Калиев.
Ла-Маншты жүзіп өткен тұңғыш қазақ - Ержан Есімханов

Ла-Маншқа дайындық

Алматылық заңгер 32 жасында жүзумен шұғылдана бастапты. Бұл спорт түріне әбден берілген ол Гибралтар бұғазын жүзіп өтіп, Австрия және Мароккадағы жүзу марафонына қатысып, шеберлігін шыңдайды. Ал 2018 жылдың ақпанында Ла-Маншты жүзіп өтуге бел буады.

"Мен жүзумен үш жыл ғана шұғылдандым. Кәсіби спортшы емеспін, қарапайым кеңсе қызметкерімін. Спортпен кәсіби түрде айналысқан жоқпын", - деп бастады әңгімесін Ержан Есімханов.

Оның айтуынша, адам жүзумен айналысуды кеш бастаса да, жоғары жетістікке жете алады.

"Мен Ла-Манш бұзағына 2 апта бұрын келіп, күн сайын 3 сағат жүзіп дайындалдым. Осылайша, нар тәуекел деп арнайы резеңке гидрокостюммен жүздім. Ол денемді суықтан қорғады. Бірақ резеңке костюм денеңді қысып, жүзуді қиындатады. Соған қарамастан дегеніме жеттім", - дейді Есімханов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Yerzhan Yessimkhanov (@yer_yess)

Ла-Манш бұғазынан 14 сағат 21 минутта жүзіп өткен әуесқой спортшы жүзудің кәсіби техникасын толық меңгермегенін мойындады. Суда жақсы әрі жылдам жүзсем де, өзімді кәсіпқой спортшылармен салыстыра алмаймын, дейді ол.

Ла-Маншты бағындыру қанша тұрады?

Заңгер Ла-Манш бұғазынан жүзіп өту үшін қомақты қаражат жұмсағанын ашық айтты.

"Бұғаздан жүзіп өту үшін 3 мың фунт (1 миллион 400 мың теңгеден астам) төлейсіз. Ла-Маншқа дейін Испания мен Австрияда дайындалдым, себебі Қазақстанда сәуір, наурыз айларында су суық. Сонымен қатар бүкіл командамның жатын орны, ұшақ билеттері, тамағы және жаттықтырушының еңбегін қоса есептесек, шамамен 20 мың доллар (8 миллион теңгедей) жұмсадым", - дейді Ержан Есімханов.

Ержан Есимханов
© Sputnik / Абзал Калиев.
Ержан Есімханов Нұр-Сұлтанда фанаттарымен кездесті

"Елімізде тіркелген жоқ"

Бір қызығы, әуесқой жүзушінің бұл жетістігі Ұлыбританияда ғана ресми тіркеліпті. Ержан Есімхановтың ерлігі жайында Қазақстанның спорт ұйымдары мүлдем бейхабар көрінеді. Заңгер коммерциялық ұйымдардың қаржылық қолдауынан өз еркімен бас тартыпты.

Тағы оқыңыз: "Кімді кінәларыңды білмейсің" Голливудта танылған қазақ жігітінің ашық әңгімесі

"Ла-Маншты бағындырған тұңғыш қазақстандық екенім елімізде тіркелген жоқ. Меніңше, бұл ешкімге қызық емес сияқты. Алайда жетістігім Ұлыбританияда ресми тіркелді. Онда Ла-Манш бұғазы арқылы жүзуді ұйымдастыратын 150 жылдық тарихы бар CSNPS деген қауымдастық жұмыс істейді. Олар бұғаздан жүзіп өткенімді дәлелдейтін арнайы сертификат берді. Қазақстандық спорт ұйымдары бұл жаңалық туралы әлі білмейді ғой деймін", - деді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Yerzhan Yessimkhanov (@yer_yess)

"Денсаулығым нашар, әлсіз едім"

Ержан Есімханов жүзумен айналысқанға дейін қандай болғанын айтып берді. Анда-санда ішімдікті ұрттап қоятын әдеті болғанын да жасырмады. Спортқа бет бұрған соң жаман әдеттен арылыпты.

"Ішімдік ішкім келмейтін болды. Себебін түсіндірейін. Дене-бітіміңіз шымырлап, өз-өзіңізді жақсы сезінген кезде сол қалпыңызды сақтап қалғыңыз келеді. Мысалы, 2016 жылы денсаулығым нашар, әлсіз едім. Салмағым 100 келі, қан қысымым жоғары болды, демікпемен ауыратынмын. Мұндай күйге қайта түскім келмейді. Майлы, тәтті тағамдарды көп жемейтін болдым. Спорт төзімімді шыңдап, өзіме деген сенімімді арттырды", - дейді алматылық заңгер.

Сонымен қатар ол спорт адамдар арасындағы байланысты нығайтатынын атап өтті.

"Бәрін уақыт көрсетеді"

Әңгіме барысында әуесқой жүзушінің келешекке қандай жоспары барын сұрап көрдік.

"Жыл соңына дейін демаламын. Себебі сол қолымнан жарақат алып қалдым. Ла-Маншты бағындырған соң қалпыма келуге екі апта уақыт қажет болды. Болашаққа жоспарымды нақты айта алмаймын. Бәрін уақыт көрсетеді. Жоспарыммен орайы келгенде бөлісермін", - деп Ержан Есімханов сөзін түйіндеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Yerzhan Yessimkhanov (@yer_yess)

Кілт сөздер:
сұхбат, жүзу, Алматы
Загрузка...

Басты тақырып