17:04 28 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD426.32
  • EUR496.41
  • RUB5.50
Сұқбат
Қысқа сілтеме алу
980930

Белгілі әнші Мирас Бекжанов Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында өнер адамдарының бүгінгі жағдайы, шығармашылығы және бала тәрбиесі туралы әңгіме өрбітті

АЛМАТЫ, 21 ақпан - Sputnik, Айгерім Таубай. Жұлдызды жұп Мирас пен Құралайды тыңдарман қауым классикалық әндері арқылы танып, эстрада арқылы сүйсіне тыңдап келеді. Мирас Бекжановты Құралайсыз елестету мүмкін емес. Қос әнші ел алдына бірге шығып, содан бері қатар келе жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі Мирас Бекжановпен шығармашылығындағы жаңалықтар мен мәдениет саласы, отбасы жайында әңгімелесті.

Әнші Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтында 10 жылдан бері аға оқытушы болып қызмет етіп келеді.

Ән айту үшін 15 жыл білім алды

"Біздің  біліміміз өнер академиясында жұмыс істеуге жеткілікті. Ақтөбеде музыкалық колледж бітірдік, одан кейін консерваторияда оқыдық. Астанада аспирантураны бітірдік. Ән айту үшін 15 жыл білім алдық. Біздің тікелей мамандығымыз – әнші. Одан бөлек Алматыда "Мирас-Құралай" өнер студиямыз бар. Ол жерде домбыра, пианино пәндері оқытылады. 10 жылдан бері өнер академиясында жұмыс істеп жатырмын. Мүмкін зейнетке де осы жерден шығармын. Кей өнер адамы өмір бойы сахнада жүреді. Ал сұраныс күн сайын өзгеріп жатыр. Қалғанын уақыт көрсетеді", - дейді әнші.

Мирас Бекжанов
© Sputnik / Тимур Батыршин
Мирас Бекжанов

Мирас Бекжанов өзі қызмет ететін академияның елімізде алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі екенін және екінің бірі ол жерде жұмыс істей алмайтынын айтады. Осыдан он жыл бұрын ректор болып тұрған Арыстанбек Мұхамедиұлының шақыруымен осы жұмысқа келген. Ал Алматыға қоныс аударғанына 13 жыл болған.

"Мәдениет қызметкерлерінің алатын айлығы өте аз. Ал сол қызметке келу үшін адамдар көп жыл білім алады. Музыкаға баласын жіберетін ата-аналарға таңғаламын. Концертмейстердің айлығы өте аз. Ал сол мамандықты игеру үшін олар музыка мектебіне барады, музыка колледжіне түседі, консерваторияға, аспирантураға тапсырады.

Мұның бәрі – еңбек. Ал мәдениет екінің бірінің қолы жетпейтін биікте болуы керек. Неге депутаттың балалары музыканы оқымайды? Себебі айлық аз. Керісінше, мәдениет саласының қызметкерлерінің айлығын көбейту керек", - дейді Мирас Бекжанов.

Сондай-ақ, әнші Алматының әр ауданында мемлекеттік музыка мектептері болу керек дейді. Себебі ақылы үйірмелерде тек бір бағытта ғана сабақ өтеді, ал мемлекеттік мектепте музыка тарихы мен теориясы оқытылады.

Мирас пен Құралай Бекжановтар
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Мирас пен Құралай Бекжановтар

"Ұлымды музыкалық мектепке бергім келді. Алайда мен тұрған Наурызбай ауданында бірде-бір мемлекеттік музыка мектебі жоқ. Әр ауданда музыка мектебі болуы керек. Ақылы үйірмелер бар. Мемлекеттік мектепте балалар музыка тарихы, музыка теориясы, фортепиано сабақтары, домбыра пәнін оқиды. Ал ақылы үйірмеде тек берген пәніңді оқып шығады. Домбыра ма? Тек домбыраны үйретеді. Мәдениет – елдің айнасы. Әр ауданда музыка мектебі болса ел өседі, мәдениет дамиды", - деген ойын білдірді ол.

Алайда өнер адамы бұл идеяны қала әкімдігіне, аудан әкімдеріне жеке барып айтпаған.

Қатал әке

Мирас пен Құралай Бекжановтар 3 қыз, 1 ұл өсіріп отыр. Әншілер қыздарын өнерге жақындатқысы келмейді. Ал ұлдарының ізін жалғап, ән салғанына қарсы емес.

Мирас пен Құралай Бекжановтар 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр
© Photo : Бекжановтар отбасының жеке архивінен
Мирас пен Құралай Бекжановтар 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр

"Қыздарды өнерге жақындатқан жоқпын. Қандай жар, қандай ата-ене жолығатынын білмейміз. Өнерге олардың көзқарасы қалай болатынын да білмейміз. Болашақта отбасына кедергі келтірмесе екен деген ой болды. Бәріне Мирас сияқты күйеу бала қайдан табылады береді. Бастапқыда қыздарым өнерге баруды қалады. Таланты асып-тасып жатса, әрине, қолдаймыз. Өнер жолы – қиын жол. Ұлымыз 8 жаста. Домбыра үйірмесіне барады. Таңнан кешке дейін дайындалады. Өзіне де, маған да ұнайды. Қонақ келсе, домбырасын алып шығады. Ән салып, арасында бізбен бірге сахнаға да шығып жүр", - деді әнші.

Мінезі жұмсақ әнші қыздарының тәрбиесіне келгенде қатал екенін жасырмады. Оның айтуынша, ұл баладан гөрі қызды тәрбиелеу қиын.

Мирас Бекжанов қыз өсірген оңай емес дейді
© Photo : Бекжановтар отбасының жеке архивінен
Мирас Бекжанов қыз өсірген оңай емес дейді

"Үйленген соң 4 жыл сәби сүйе алмадық. Төрт жылдан кейін сәби дүниеге келетінін естіп, Ақтөбедегі ата-анамыз, туыс-туғанымыз, өзіміз ұл баланың есімін тізіп жазып қойдық. Бір күні Құралай сәбидің қыз екенін айтқанда қатты ұрыстым. "Сенің мұның не? Қызды ертең өсіресің, оқытасың, сосын оны басқа үйге жіберсің" деп айтқаным бар (күледі). Содан Құралай түнімен жылап шықты. Таңертең көзі ісіп кеткен. Екінші сәбиіміз де қыз болды. Ол үйреніп кеткен кезіміз. Үшінші сәбиде тексерілуге барғанда "ұл" деді. Екеуіміз бір-бірімізге қарап күле береміз, күле береміз. Сол жердегі дәрігер "100 пайыз емес, 100 пайыз" емес дейді. Біздің күлгенімізден қорқып кетті", - деп есіне алды әнші.

Бекжановтар отбасы
© Photo : Бекжановтар отбасының жеке архивінен
Бекжановтар отбасы

"Қыз бала өсірген өте қиын екен. Ұл бала да оңай  емес шығар. Ұлымыз кіші болған соң әлі білінген жоқ. Ал қыздарымыз бойжетіп қалды. Олардың көзқарасы, ойы, араласатын ортасы қандай екені маңызды. Мінезім – жұмсақ, ал қыздарыма келгенде қаталмын. Туған күн, жиындарға өзім апарып, өзім алып келемін", - дейді әнші.

Әншінің неге іші ашиды

"Классика – өте қиын сала. Ал  сенің өнеріңді көпшілік түсіне бермейді. Орындаушыларды халық танымайды. Ал ол кісілердің еңбегі зор. Бұрын біз Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жамановаларды білетінбіз. Қазір сұрасаң, ешкімді танымайды. Себебі насихат жоқ. Насихат эстрадаға жасалады. Соны көргенде ішің ашиды", - деді Бекжанов.

Мирас Бекжанов
© Sputnik / Тимур Батыршин
Мирас Бекжанов

Айтуынша, жақында ғана сексеннің сеңгіріне шыққан Ескендір Хасанғалиев жұлдызды жұпқа сый жасады.

"Ескендір Хасанғалиев ағамыз бізге бірнеше ән сыйлады. Ағамыздың "Ескірмеген махаббат" әніне бейнебаян түсіргелі жатырмыз. Алтын той, күміс тойға жеткен үлкен кісілерді насихаттап, сол кісілердің тойы бізге де жұғысты болсын деген ниетпен бейнебаянға дайындалып жатырмыз. Ал күзде Нұр-Сұлтан қаласында концерт береміз", - деп жоспары жайлы айтты әнші.

Тақырып бойынша

Хасанғалиевтің әніне неге тыйым салынды – сексенге толған әнші жайлы қызық деректер
"Таяқ жедім, аш болдым, бірақ ешкімге айтпадым": Сәкен Майғазиевтен 10 кеңес  
Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толды: "Әдемі қартайып келемін"
"Бәрін Тасқынмен салыстырдым": Роза Рымбаева туралы қызықты деректер
Танымал әнші бірнеше рет зорланғанын ашық айтты
Әнші сахнада ән айтып тұрған кезде көз жұмды
Кілт сөздер:
Мирас пен Құралай Бекжановтар
Загрузка...

Басты тақырып