12:48 25 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD426.19
  • EUR496.26
  • RUB5.53
Сұқбат
Қысқа сілтеме алу
5574 0 0

Әнші халыққа сапалы ән тыңдауға мүмкіндік беретін жаңалығымен бөлісті. Мұның арқасында өнер адамының да еңбегі бағаланады, дейді ол

АЛМАТЫ, 29 шілде – Sputnik, Айгерім Таубай. "Жігіттер" тобының әншісі Айдар Тұрғамбек қазақ әндері жүктелетін сайт туралы қуанышты хабарым Sputnik Қазақстан тілшісімен бөлісті. Карантин кезінде әншінің өзі де екі ән жазған.

"Карантин уақытында шығармашылықпен айналыстым. Енді бірнеше күннен кейін сайт та іске қосылады. 2002-2003 жылдары қазақ эстрадасында әндер кассета күйінде сатылатын, яғни өнер, шығармашылық бағаланатын. Қазір интернет арқылы әнді жазып алу тегін болып кетті", - дейді әнші.

Айтуынша, мұндай сайт ашуды ұзақ уақыттан бері ойланып жүрген. Себебі кей ән өзіне жұмсалған ақшаны ақтамайды.

"Той мен концерт өткізуге қашан рұқсат берілетіні белгісіз. Сол себепті біздің өнім сайт арқылы сатылуы керек. Соған сәйкес, қазақ эстрадасында сапалы әндер шығатын болады. Тойдың әндері, сапасыз әндер болмайды. Халық та сапалы ән тыңдайды, өнер адамының да еңбегі бағаланады", - дейді Тұрғамбек.

Әнші сұхбат барысында жас өнерпаздардың эстрадаға қандай мақсатпен келетіні жайлы айтып берді. Айтуынша, жас әншілердің үлкен қателігі – бір ән жазып танымал болуды ойлау.

"Қазір көп адам тойдың әнін жазып, тойға шығып қаржы табамын деп өнерге келеді. Ондай адамдар ұзаққа бармайды. Өнерге ақша үшін келуге болмайды. Біз өнерді университетте оқыдық, магистратураны да бітірдік. "Жігіттер" тобы құрылған кезде қаншама қиындық болды, түрлі байқауға қатыстық. Жетістікке жету үшін тер төгілді. Біз басында ақшаны ойлаған жоқпыз, ән айтқымыз келді", - деп еске алды әнші.

Айдар Тұрғамбек
© Photo : Айдар Тұрғамбектің жеке архивінен алынды
"Тойдың әндері, сапасыз әндер болмайды"

Ол өнер адамы халыққа қандай пайдалы ән сыйлаймын деп келу керек дейді. Алайда біздің қоғамда тойсыз да болмайтынын атап өтті. Тойда айтылатын ән де қажет, бірақ мақсат той болып кетпегені жақсы. Өнерге хобби ретінде қарау керек, негізгі табыс басқа жерден түсіп отырғаны жөн, дейді ол.

Әр адамның жеке қоры болуы керек

"Концерт пен тойдың ертерек басталғанын қалаймыз. Халықпен жүздескіміз келеді, концертке барып, өнер көрсеткіміз келеді. Алайда концерт пен тойдан бөлек қаржы түсіп тұратын жұмыстарым бар", - дейді әнші.

Ол әр отбасының табысы мен шығыны әртүрлі екенін де айтты. Кез келген жағдайға дайын болып, бір-екі жылға жететіндей қаржы қоры болғаны дұрыс, дейді ол.

"Карантин кезінде табысым әдеттегіден айтарлықтай азайды, бірақ білімге инвестиция құйып, қаржылық сауаттылық жағынан дамыдым. Қандай кәсіппен айналысу керек екені жайында көп оқыдым. Карантиннің арқасында отбасымның жанында көбірек уақыт өткізіп, балалардың қалай өсіп жатқанын көріп жатырмын", - дейді Тұрғамбек.

Әншінің арманы

Сұхбат барысында әнші той жасау мәселесі мен бағасына да тоқталды. Әнші өзін тойға шығатын танымал әншілердің ішінде ең арзан бағаны айтатын өнерпаз деп есептейді.

"Халық қай әншіні ұнатса, сол адамды тойына шақырады. Ұнамаса, қинап ешкім шақырта алмайды. Менің қойған бағам қымбат емес. Тойға шығып жүрген танымал әншілердің ішіндегі ең арзан баға десе де болады. Өйткені "Жігіттер" тобымен де тойға шығамын, жеке де өнер көрсетемін. Жеке шығатын бағам халыққа қолжетімді. Ол карантиннен бұрын да солай болды, карантиннен кейін де солай болып қала береді", – дейді Айдар Тұрғамбек.

Ал тойды әркім өз шама-шарқына қарап жасау қажет деген әнші өзінің де қыздарын ұзатып, той жасағысы келетінін жасырмады.

"Тойды шамасы келетін адам жасауы керек. Барлық ата-ана баласын үйлендіріп, қызын ұзатқысы келеді. Мен де қызымды қолымнан ұзатқым келеді. Сондықтан басқа адамға балаңды үйлендіргенде той жасауға болмайды деп қалай айтасың?", - дейді әнші.

Қазір бәсекелестік кезеңі, біреудің тойы үлкен мейрамханада өтті, менікі де солай өту керек деп ойлайды. Кредит алып, қарызға той жасаудың қажеті жоқ. Шамасы келетін деңгейде өткізу дұрыс деп санаймын, деп толықтырды Тұрғамбек.

Кілт сөздер:
ән, той, әнші
Загрузка...

Басты тақырып