Қыдырәлі Болмановпен сұхбат: Бізге дейін бірін-бірі сүйіп қосылған дуэт болған жоқ

© Sputnik / Болат ШайхиновПресс-конференция с участием Кадырали Болманова, 27 июня 2018 г.
Пресс-конференция с участием Кадырали Болманова, 27 июня 2018 г. - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Құрмет" орденінің иегері, әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов жары Қарақат Әбілдинамен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Жұлдызды жұп өнерде де, өмірде де бір-бірінің бағын жандырып, елдің сүйікті дуэтіне айналған

АЛМАТЫ, 19 тамыз — Sputnik. Бүгінде өнерді бизнеске айналдырып отырған тәжірибелі продюсер елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан жоспарлап жүрген жобаларын жүзеге асырып жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында Болманов кейінгі 20 жылдағы еңбегі мен Қазақстандағы шоу-бизнес, отандық продюсерлер жайлы ойын айтты. 

Бизнесте жүргеніңізде, оның ішінде өнерді бизнеске айналдырып, осы кәсіпті дөңгелетіп отырғаныңызға 20 жылдай уақыт болды. Әншінің барлығы бизнесмен болып, кәсіпкерлік саласында табысқа жете ала ма?

Продюсер деген – бизнесмен. Бірақ ол басқа кәсіпкерлерге қарағанда өнерімен ерекшеленеді, яғни талантты бизнесмен. Мысалы, "Ұлытау" тобын құру үшін 7-8 музыкант алдым. Есебін жүргізіп, айлығын беріп отыратын бухгалтер бар. Концертке шығатын киімін қарап жүретін бір адам керек, топтың жеке директоры болады. Жалпы алғанда 12-13 адам бір топтың мүддесі жолында жұмыс істейді. Топтың құрылғанына 20 жыл болса, сол уақыттан бері жұмыстың бар-жоғына қарамастан, топ мүшелеріне ай сайын жалақы төлеп отырмын.

Оны да жақында есептеп көрдім, топтың бейнебаяны, қосымша шығындарын есептемегенде, топ мүшелеріне 2 миллион доллар көлемінде айлық төлеппін. "Ұлытау" коммерциялық топ емес, олар тойдан ақша көрмейді. Олар тойға бармайды, тек шетелдік концерттерден, дискілерінің сатылымынан табыс табады. Шетелде де ай сайын концерт бола бермейді. Сол себепті келісімшарт жасағанда, айлық төлейтін болып келістім. Бұл – бизнес. Осының бәрін 20 жыл арқалап жүру үшін қаласаң да, қаламасаң да бизнесмен боласың. Бизнесмен бола алмайтындар жай әнші болып кетеді.

Білуімізше, жарыңыз Қарақат Әбілдинаның сахнаға шығуы – осындай бір жобаңыздың нәтижесі. Ел танитын, сүйіп тыңдайтын әншінің жұмыстарын әлі күнге дейін өзіңіз жүргізесіз бе?

Иә, Қарақат – менің жобам. Қарақаттың мектеп студияларын ашып, нарыққа шығарып, франшизаға шығарып беріп отырған да мен. Қазір Қазақстан бойынша 10 қалада "Қарақат мектеп студиясы" бар. Олар филиал емес, франшизаға ашылды. Бізде, Қазақстанда франшиза деген жоқ, білім саласында тіпті болған емес. Біз шетелдің кофесін Қазақстанға алып келіп, сауда жасағанға құмармыз.

Ал Қазақстан өзі бір дүние шығарып, оны шетелге шығармақ түгілі, өзіне өзі франшиза сата алмайды. Ал білім саласында тарихта бірінші рет осыны біз жасадық. Оған менің 10 жыл уақытым кетті, мектеп студия да бірден сатылып кете қойған жоқ, 7 жыл дегенде сатыла бастады. Ешкім жол салмаған жерден бірінші болып бастау әрқашан да қиын.

Өнерден бөлек жаңа бизнес жобаны қолға алып жатырсыз, сонымен қатар ойыншық шығару ісі де тоқтаған жоқ. Қандай іс бастап жатқаныңызды толықтырып айтып берсеңіз.

Иә, қазақ өнеркәсібі тарихына үңіліп қарасақ, ойыншық өндірген ешкім жоқ. Соны бірінші болып қолға алған да мен. Ойым ойыншық жасау мәселесін көтеру ғана емес, елдің есіне салып, осыны әрі қарай алып кете алатын адамдарға ой салу. Өйткені ұрпағына қарамаған ел ешқашан өсе алмайды. Сонымен қатар ұлттық аспаптарды, ұлттық музыканы насихаттап, екі миллионнан астам дискі сатқан да біз. Қазір домбырамен ән салып, альбомын жасап, бірден сатылымға шығару мүмкін емес. Ол домбыра дискісін шетел түгіл, қазақтың өзі сатып алмайды.

© Sputnik / Владислав ВодневҚыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина
Қыдырәлі Болмановпен сұхбат: Бізге дейін бірін-бірі сүйіп қосылған дуэт болған жоқ - Sputnik Қазақстан
Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина

Ұлттық мұраны әлемді аралап насихаттап, концерт беріп жүрген ешкім жоқ. Жалпы алғанда, ұлттық құндылықтар – коммерцияға жатпайды. Ал соны коммерцияға айналдырып, екінші жағынан идеологияны насихаттап жүргенімізге біршама уақыт болды. Жұрт киім-кешек саудасында жүріп, оны сата алмай жатады. Ал мен идеологиядан коммерция жасап, пайда тауып отырмын.

Сондай-ақ, мен тек продюсер емеспін, осы айтылған жобалардың авторымын. Өзім ойлап табамын, жоспарын құрамын, ақшаны құямын, өзім іске асырамын.

Енді қолға алып жатқан жобам – сауда. Нұр-Сұлтан қаласында 25 гектарға жуық жеріміз бар. Сол жерде қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Үш адам серіктес болып, жылыжай, өнімді сақтайтын қойма, цех ашқалы жатырмыз. Ішіне лаборатория салынады. Сол жерде өнімнің құрамын тексеріп алуға болады. Өнім болған соң, оны сату керек, ертең әр базарға барып, тауарымызды сатып жүрмес үшін сататын арнайы жер де бар.

Қанша жыл бизнесте келе жатырмыз, бір нысанды жалға алу адамның адымын аштырмайды. Сол себепті барлығын бір жерге жинадық. Бұған карантиннің әсері болды деп айта алмаймын, себебі бұл істі біраз ойланып-толғанып, бизнестің дамуы үшін не істеу керек екені талқыланып барып қолға алынды.

Шоу-бизнес тақырыбына қайта оралсақ, жаңа әртістерді сахнаға шығару ойыңызда бар ма?

Қазақстанда жаңа жобаларды ашуды айтпас бұрын, 20 жылдан бері осы шоу-бизнесті қазақыландырып, іргесін қалап бергенімді айта кеткенім жөн. Себебі мұны екінің бірі біле бермейді. Қазақ эстрадасындағы ең бірінші топ – "АБК" тобы. Оның мүшесі әрі бас продюсері болдым. Содан тұп-тура бес жылдан кейін "Музарт" құрылды, дәл сол форматта шыққан олар "АБК" тобын қайталады. Одан кейін "Бәйтерек" тобы шықты. Сол кезде кілең үш жігіттен құрылған топ көбейіп кетті. Сонда бір үлгі жасап, нарыққа жіберіп, жұмыс істей бастаған кезде оның өзінен өзі көбейетінін түсіндім. Басқалар қайталайтынын ұқтым. Осы механизмді мықтап ұстанып, есеппен жұмыс істейтін болдым.

Бір күні Дәулет Тұрлыханов шақырып, Рахатты 16 жасында жұлдыз қылуымды өтінді. Жұртқа танымал бола берсін, бір жерге жұмысқа барғанда танымал болғаны керек деген соң, келістім. Бір жарым жылдың ішінде жас әнші танымал бола бастады. Ол Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлінің форматындағы әнші еді.

Одан кейінгі жобам – Қарақат. Себебі қазақ эстрадасына дауысы әдемі, өзі де келбетті, экраннан көрсетуге болатындай қыз бала керек болды. Қарақат негізі дәстүрлі әнші, сосын ол эстрадаға кетті. Бұл жоба да сәтті шыққан соң, дуэт құру керек екенін түсіндім. Содан Қыдырәлі мен Қарақат сахнаға топ болып шықты. Бізге дейін бірін-бірі сүйіп қосылған дуэт болған жоқ. Одан кейін үйленсе дуэт құрып, сахнаға шығатындар қаптап кетті.

Осылайша мен бастаған жобалар, менің қадағалауымсыз-ақ қайталанып жатыр. Ал жаңа жобаларға келер болсақ, қалталы азаматтар, белгілі тұлғалар ұл-қызымды әнші қылып шығар деп өте жиі ұсыныс тастайды. Көп адамның ұсынысын қабылдаған жоқпын. Таланты жоқ болса, кімнің баласы болса да, ол жобаға кіріспеймін. Себебі, оған уақыт кетеді. Менің ең қымбат дүнием – менің уақытым. Ешкімді екі әнмен жұлдыз қылып жіберу мүмкін емес.

Бір жылдары елдегі той-томалақ, концерттерге шетел әртістері көп шақырылатын. Қазір жағдай өзгерді ме? 

Бұрын бар қазақ орыстың әнін тыңдап, тойға да Филипп Киркоров, Дима Биланды шақырды. Олар кем дегенде бір тойдан 3-5 мың доллар алып кететін. Радиодан да қазақша әндер түнгі сағат он екіден кейін қойылатын. Тойда да, концертте де ресейлік әншілер жүрді. Соған намыстанып кеттім. "АБК" тобының гонорары бірден 3 мың доллар болды. Ол кезде Роза Рымбаеваның өзі 500 долларға тойға шығатын. Сөйтіп мен нарыққа да өзгеріс алып келдім. Нарықтағы әншілердің бағасының қымбаттауына үлес қостым, себебі бұл – шоу-бизнес.

Сол жылдары "АБК" тобының "Тамшылар" әні радиода айлап, тіпті жылдап үзілмей беріліп тұрды. Содан қазақ әніне деген қызығушылық пайда бола бастады. Қазақ сол кезде қазақ әндерінен шабыттанып, қазақша әндерді сағынғанын көрсете бастады. Әрі қарай ақырындап қазақ әншілердің көбейе бастағанын көріп телеарналар қазақша бағдарламалар ашты, музыкалық арналар құрылды. Орыстың қыздары қазақша сөйлеп, тележүргізуші болып кетті.

Қазір афроамерикалықтар да тойда қазақша "аспанға қараймын" деп ән айтып жүр. Кейінгі он жылда Киркоров та, Дима Билан да қазаққа керек болмай қалды. Бұл – мәдени кеңістікті жауып алу деген сөз. Барлығы мұны өзінен өзі болды деп санайды.

Қазіргі әндердің сапасы қандай? Қазақ шоу-бизнесінде мықты продюсерлер бар ма?

Әншілерді, әнді екіге бөліп қарайық: қазақтың идеологиясына сай әндер және ұлттың болмысына жат дүниелерді насихаттап жүргендер. Мысалы, Ninety One идеологияға жат дүниені дәріптеп жүр. Сөздері ұғынықсыз, екі әріптің басын қосып, ән деп шығып жатқан әннің бәрі осы тізімді толықтырады. Егер дәл осы қалыппен жалғаса беретін болса, бақа мен шаян болып кетудің алдында тұрмыз. Бәрінің есі кетіп қалған, бәрі хайптың құлы.

© Photo : Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметіҚыдырәлі Болманов
Қыдырәлі Болмановпен сұхбат: Бізге дейін бірін-бірі сүйіп қосылған дуэт болған жоқ - Sputnik Қазақстан
Қыдырәлі Болманов

Қазақстанда мен секілді еш продюсер жан-жақты жобалар жасаған жоқ. Бізде кім көп, продюсер көп. Алуа Қонарова жақсы продюсер, ол "Ринго" тобын құрды. Бірақ бұл топ нарықтан кетіп қалса, ештеңе өзгермейді. Ал Баян Алакөзова жақсы бизнес-вумен. Оның жасаған "Кешью" тобы болмаса да қазаққа келіп-кетер ештеңесі жоқ, ол таза коммерциялық жоба. Ол жерде ұлттық дүние жоқ.

Әлеуметтік желіде елде болып жатқан жағдайларға байланысты басу айтқан жазбалар жиі жариялап отырасыздар. Бұл жоғары жақтан келетін тапсырма ма? Желідегі бір жазбаның құны қанша?

Қарақат та, мен де қазақта қандай мәселе болса да, соның арасында жүреміз. Оған біреудің өтініші, тапсырысына қарамай-ақ пікір айтып отырамыз. Алайда ол коммерциялық емес, яғни Instagram-да жазба жариялау үшін ақша алмаймыз. Мысалы, Қордайдағы жағдайға байланысты маған жоғары жақтан қоңырау шалды. Олар айтса да, айтпаса да мен өз пікірімді білдіретін едім. Себебі ол жағдайдың бәріне қатысы бар.

Кейде өтініш жасаған адамның пікірі менің ойыммен сәйкес келмесе, оны оқырмандарыма ұсынбаймын. Себебі мен үшін ең қымбат дүние – уақыт және абырой. Одан қымбат ештеңе жоқ. Халықтың алдында бірде былай, бірде басқаша сөйлеп тұра алмас едім. Мен тіпті осы уақытқа дейін Nur Otan партиясына кірген жоқпын.

Жарыңыз Қарақат Әбілдина 42 500 теңге әлеуметтік көмек алдым деп елді бір шулатқан еді...

Әйелдердің ісіне араласпаймын. Алайда Қарақат әлеуметтік желіде жариялайтын ойын, жазбасын менімен ақылдасып отырады. Бірақ 42 500 теңге, жәрдемақы жайлы тірлігіне араласпаймын, оны Қарақат өзі біледі.

Қыдырәлі Нұртайұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Ісіңізге береке тілейміз!

Жаңалықтар
0