04:13 27 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD426.32
  • EUR496.41
  • RUB5.50
Сұқбат
Қысқа сілтеме алу
949 0 0

Композитор мәдениет саласындағы басшылық қызметке баруға ниетті екенін жасырмады. Себебі өзі секілді ұлт жанашырлары ұлттық идеология жолында қызмет етуі керек деп санайды

АЛМАТЫ, 10 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, продюсер әрі тележүргізуші Арман Дүйсенов карантин кезінде шығармашылығын тоқтатпай, қазақтың ұлы ақыны Абайға арнап екі ән жазған. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында композитор эстрада әншілерінің арасында кіммен жиі жұмыс істейтінін, атын қалың қазаққа әйгілі еткен әндері мен кей әннің не себепті бағы жанбай қалғаны жайлы айтып берді. 

- Арман аға, жарты жылдан бері карантинде отырмыз. Пандемия сіздің шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

Иә, бұрын қолымыз босамай, көп жағдайда атүсті студияға келіп, белгілі бір уақытта музыка жазатын едік. Қазір тәулік бойына қол босап, шығармашылықпен еркін айналысуға мүмкіндік туды. Жұмыс санымен емес, сапасымен өлшенеді емес пе? Сондықтан қанша ән жазғанымды емес, қандай ән жазғанымды айтайын. Ұлы Абай Құнанбайұлының әруағына арнап ақын Иран Ғайыптың өлеңіне екі әдемі ән дүниеге келді, бірін – Толқын Забирова орындайды, екінші әннің орындаушысы әлі бекітілген жоқ. Одан бөлек әнші Айдана Меденованың орындауында "Мінәжат" деген ақын Ақберен Елгезектің өлеңіне бір ән жазылды. 

Арман Дүйсенов
© Photo : Арман Дүйсеновтің жеке архивінен алынды
Композитор карантин кезінде екі ән жазғанын айтты

Әнші Дильназ Ахмадиева қазақша ән салуды жоспарлап отыр. Осы елдің тумасы болған соң, халықтың жағдайын көріп отырған соң, ниеттеніп "Бақыт тілеймін" деген ән дайындап жатыр. 

- Қазір "Қазақконцерт" бірлестігінде қызмет етіп жатырсыз ба?

Жоқ, өнер бірлестігі басшысы орынбасарының қызметіне тағайындалып, ол жерде бір жыл жұмыс істедім. Жұмыс барысында астана мен Алматы арасында үздіксіз жүру керек болды немесе сол жаққа көшу қажет еді. Ол жақта баспана мәселесі де мезгілінде шешіле қойған жоқ. Кейіннен Алматыда филиал ашылу туралы айтылған, осыны жоспарлап жүргенде пандемия басталып кетті. Әзірше ол жерде қызмет етпеймін. 

- Композитор ретінде "хит" деп қай әніңізді айта аласыз? 

Музыкалық тағылымы мен күрделілігі жағынан биік тұратын туынды жетерлік. Ал мені алғаш елге композитор ретінде таныстырған үш ән бар. Ол – Алтынай Жорабаеваның орындауындағы "Ағажан" әні, Ұлықпан Жолдасовтың орындауындағы "Шаттығым сенсің" және Динара Қырықбаевамен бірге салған "Ұстазым менің" әні. Одан кейін "Музарт" репертуарындағы "Қайдасың?" әнін ерекше атауға болады. Қаламыңнан туған, жаныңнан өрілген дүниелер болғаннан кейін бөліп, мынау әдемірек деп айту қиын.

- Орындаушысына қарай бағы жанбай қалған әніңіз болды ма?

Орындаушысы емес, әншінің бейғамдығына қарай бағы жанбай қалған ән болды. Ақылбек Жеменей бауырымның орындауында өзім үшін қымбат "Тырналар" деген ән бар. Тыңдаған адамға ерекше әсер ететін әдемі туынды. Бірақ ән көңілден таса қалып кетті. Мұндай "әттеген-ай" дейтін кез, өкінішке қарай, болып тұрады. 

- Қай әншімен бірге көптен бері жұмыс істейсіз?

Қазақтың бар әншісі өте талантты, сол себепті кіммен жұмыс істесем де жұмысымнан ләззат аламын. Әншілерге дарын бабаның қанымен, ананың сүтімен дарыған. Себебі бойында дарыны жоқ өнерпаз адамның елдің ықыласына бөленуі екіталай. Мен ерекше құрметтейтін топ – "Музарт". Егер "Музарт" менің әнімді орындаса, ол мен үшін ерекше қуаныш, ерекше жетістік. Мақпал Жүнісова апайымыздың өзіндік орны бар, Роза Рымбаева, "Нұр-Мұқасан" тобымен де жұмыс істеп келемін. Кейінгі толқын әншілерден "Кешью" тобын ерекше атай аламын. Себебі бұл топтың орындауындағы "Туған жер" атты әнім көпшіліктің ыстық ықыласына ие.

- Ал қаламақыға келгенде қандай бағаны айтасыз? Әнді тегін беретін кездер бола ма?

Композиторлардың қатып қалған бағасы жоқ. Шығармашылық деген зат емес, саудаласатын дүкен емес. Осы орайда әнді сатпаймыз, әнді орындауға құқық бергеніміз үшін қаламақы аламыз деген жөн болар. Ал оның бағасы адамның жағдайына байланысты. Көбіне әнді жаздырушы еңбегіміздің ақысын төлеуге ілтипат танытып жатады. Себебі бұл біздің негізгі кәсіби табыс көзіміз. Кейде әншінің жағдайы болмай тұрса, бірақ әнге деген икемі, дауысы, дауыстық бояуы келіп тұрса, басқа да техникалық жағдайына сай болып тұрса, әнді тегін де беремін. Бағаға келгенде қатып қалған қағида жоқ.

Бұл уақытқа дейін келіскен бағасын бермей кеткен ешкім болған жоқ. Бір қазанда қайнап жатқан бір елдің азаматы болған соң басқаша болуы мүмкін де емес. Кейде әнге сөз керек деп келетіндер бар, ішінде әннің бір жерін түзеуімді сұрайды. Оның бәріне ақша ала беретін болсақ, ел деген аттан бас тарту керек шығар.

- Ән "ұрлау" жайлы не ойлайсыз? Шығармашылық ортақ па әлде әркімнің еңбегін бағалап, ақысын төлеп, рұқсатын алу керек пе?

Әнді "ұрлау" деген мәселеге келер болсақ, әлдекім менің әнімді саналы түрде ұрлайды деп ойламаймын. Ол бейсаналы түрде болатын әрекет болуы мүмкін, себебі менің әніммен сусындап өскен балалар болғандықтан, ол ән жадында сақталып, тамырларына дейін тарап кеткен. Сол бағытты ұстай отырып, бар-жоғы жеті нотаны пайдаланады. Алайда оны өзі де білмеуі мүмкін, яғни бейсаналы түрде бір-екі нотаны ұқсатады.

Арман Дүйсенов
© Photo : Арман Дүйсеновтің жеке архивінен алынды
"Шығармашылық иелері бір мектептің өкілі болғандықтан, туындыларының ұқсас болуы – заңдылық"

Музыканы плагиат деп санаудың да шарттары бар, егер 6 нота ырғақ және биіктік жағынан тұп-тура сол қалпында қайталанып жатса, плагиат деп санауға болады. Ал оның ырғағы, нотасы бөлек болса, онда ол жай ғана ұқсастық. Моцарт, Гайдн, Бетховен және Бах пен Вивальди бір дәуірдің музыкант-композиторлары. Сондықтан шығармашылығы да бір-біріне өте қатты ұқсас. Бірақ әрқайсысының қайталанбас қолтаңбасы бар. Шығармашылық иелері бір мектептің өкілі болғандықтан, туындыларының  ұқсас болуы – заңдылық.

- "Жұлдызды жекпе-жек" бағдарламасында қазылар алқасының құрамында отырып ютуб желісінде бағдарламаның "кемшіл" тұстарын тізіп берген жігітке жауап берген едіңіз. Қарап тұрсақ, ол азамат екінші рет сол түсініктемеңізге қарай жауап дайындапты. Осы жайында не ойлайсыз?

Сынды айтқан музыкалық маман болса, осы уақытқа дейін жарыққа шыққан дүниелері елдің ықыласына бөленіп жүрген адам болса, айтқан пікірін қабылдауға дайынмын. Өйткені мен адаммын, мен де қателесуім мүмкін. Ал бұл бала, ең алдымен, орыс тілінде сөйлеп отыр. Ал біздің бағдарлама қазақ тілінде шығады. Бағдарламаның басты мақсаты – қоғамда "біздің өнер қайда бара жатыр", "тойдың жетегінде кетіп қалған жоқпыз ба", "аға буынның шоқтығы биік туындылары орындалмай кеткен жоқ па" деген сұрақтарға жауап беру.

Әншілерді жеке-жеке ұстап алып, "сен мынаны айтасың" деп отыру болмайды ғой. Сол себепті ауқымды жұмыс жүргізу мақсатында бұл күнде "жұлдыз" атанған шығармашылық иелерінің арасында байқау өткіздік. Төрде отырып, жайлап ақыл-кеңес айтуды мақсат тұттық. Сондай бағдарлама жасап, елдің ықыласына бөленіп, қазақ эстрадасының мәселесін шешеміз деп жүргенде мына жақтан мүлдем үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, ұлты ғана қазақ азамат, оның үстіне жасы кіші, орыс тілінде шығып қай-қайдағы былапыт әңгімелерді айтады.

Пікірін мәдениетті түрде жеткізген жоқ, тұрпайы сөйлеп, боғауыз айтады. Шынашақтай баламен бала боламын ба?! Мына жақта ұлттың, қоғамның талғамына байланысты мәселемен айналысып жатқан кезде сондай баланың айғай-шуы маған әсер етуі керек пе?!

- Сізге кімнің айғайы әсер етеді?

"Халық айтса, қалт айтпайды". Егер қоғам барлығы бірауыздан "Арман, сенің әнмен айналысуға ешқандай құқығың жоқ, сен композитор емессің" десе, мен бұл істі қойып кетуге де дайынмын. Осы уақытқа дейін елдің батасы мен алғысынан басқа сөз естігенім жоқ. 

- Арман Дүйсенов он жылдан кейін бір басшылық қызметте отыруы мүмкін бе?

Кәсіби өмірімнің өзекті тақырыбы – қазақтың төл өнері мен бүгінгі немесе кешегі классикалық өнердің озық үлгілерін кәсіби түрде ұштастырып, қазақтың музыка өнерін дамытуды жалғастыру.

Ал болашақта мемлекеттік қызметте отыруым әбден мүмкін, жоқ деп айта алмаймын. Жан-жақты білімді, бірнеше тілді меңгерген мен сияқты ұлт жанашырлары міндетті түрде қолынан іс келетін қызметке баруы тиіс. Нақты идеологияға, музыкалық мәдениетке және өз мамандығыма қатысты салаға ғана барамын.

 

Тақырып бойынша

"Көкіректі қашанғы қаға береміз": Бесбаев қазіргі қоғам жайлы ойымен бөлісті
Әли Оқапов шаңырақ көтеріп жатыр - Рымбаева келіні туралы не ойлайтынын айтты
Қыдырәлі Болмановпен сұхбат: Бізге дейін бірін-бірі сүйіп қосылған дуэт болған жоқ
"Сағынышымыз сейілді": Сәкен Майғазиев жүрек елжірететін видео жариялады
"Бала-шағамды зейнетақымен асырап отырмын": Роза Рымбаева карантиндегі өмірі жайлы
Загрузка...

Басты тақырып