23:28 23 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD423.41
  • EUR496.91
  • RUB5.57
Сұқбат
Қысқа сілтеме алу
1694510

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген эксклюзивті сұқбатында көпті мазалап жүрген сауалдарға жауап берді

НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik, Ксения Воронина, Арман Асқар. Қазақстан коронавирустың шарықтау шегінен өтті. Дегенмен, тұмау маусымы кезінде вирустың екінші толқыны басталып кетеді деген қауіп бар. Сол себепті жаңа оқу жылын қашықтан білім беру форматында бастауға шешім қабылданды.

Мектепте кезекші сыныптар ашылса да, оған, көбінесе, бірінші сынып оқушылары барып жүр, қалғаны үйде отырып, сабақ оқиды. Сөз жоқ, ондайда ата-аналарға көп салмақ түседі. Себебі баланың жұмыс орнын жасақтау, техниканы орнату, сабақ барысы мен үй тапсырмасын қадағалау сияқты қосымша жұмыс пайда болады.

Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытудың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталып, дәстүрлі форматқа ауысудың мерзімі туралы айтып берді.

- Асхат Қанатұлы, бүгінде қашықтан оқыту процесіне қатысты арыз-шағымдар аз емес. Әсіресе, ата-аналар тарапынан жиі сын айтылады. Көбісі балаларға көмектесеміз деп, еңбек демалысын қыркүйекке ауыстырған екен. Біреулер жұмысты мүлдем тастап кеткен. Енді, біреулер біраз ақша шығарып, балаларын білім беру орталықтарына беріп жатыр. Қашықтан оқыту шешімін қабылдағанда осы мәселелер неге ескерілмеді?

- Қашықтан білім беру шешімі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданған болатын. Біз де заңға бағынамыз, бас санитарлық дәрігердің қаулысын және жергілікті жердегі санитар дәрігерлердің шешімін орындауымыз керек. Олар карантиндік режимді реттеген, мектептерге қатысты шешімді де қабылдап отыр. Біз болсақ, осы шешімді орындап, қажетті жағдай жасап келеміз.

Ал ата-аналарды қолдау мәселесіне келетін болсақ, білім министрі ондай сұрақтарды қарамайды. Әлеуметтік қорғау және санитарлық қызмет мәселесі менің құзіретіме жатпайды.

Тағы оқыңыз: Депутат білім министріне шүйлікті: ведомство жауабы қандай

Негізі, қашықтан оқытуға қатысты арыз-шағымдар бізде ғана емес, басқа жақта да көп. Өзге елдердің бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерін қарап шықсаңыз, бәріне ортақ бір тенденцияны байқайсыз. Барлық жерде ата-аналар тарапынан сын айтылады. Себебі барлық жерде оларға қосымша салмақ түсіп жатыр. Сосын барлық жерде педагогтер балаларға көбірек білім беруге тырысады. Содан баланың онлайн сабақта отырғанын талап етеді.

Біз де халықаралық тәжірибені зерделейміз, шетелдегі әріптестерімізбен сөйлесіп тұрамыз. Әлем бойынша қашықтан оқытуға қатысты барлығына ортақ бірнеше проблеманың бар екенін көріп отырмыз. Мәселен, бізде қашықтан білім берудің сапасы төмен дейді. Өйткені интернеттің жылдамдығы баяу. Алайда жақсы интернеті бар дамыған мемлекеттердің өзінде қашықтан және дәстүрлі жолмен берілген білімнің арасында үлкен айырмашылық бар.

Негізі, біз де мектептердің ашылғанын қалаймыз және балалардың дәстүрлі форматта білім алғанын қолдаймыз. Иә, мұғалімдер үшін арнайы курстар ұйымдастырылды. Дегенмен, олардың жаңа форматта жұмыс істеу дайындығына қатысты мәселе бар.

- Биыл төртінші тоқсан төтенше жағдаймен тұспа-тұс келді. Артынан қашықтан оқыту жүйесі енгізілді. Ашығын айту керек, сол кезде оқушылар босаңсып кетті. Олардың білімін бағалау жағынан да жеңілдік жасалды. Қазір баға қою жүйесі өзгерді. Тіпті, бала онлайн-сабаққа уақытында қосылмаса, бағаны төмендету жағдайлары да бар. Мектеп формасын кию керек дейді. Сонда қашықтан білім алатын баланың білімі қалай бағаланады? Нақты бір регламент бар ма? 

- Мұғалім баға қойғанда тым қатты болмауы керек. Біз болсақ, осы жұмысты тым қатты регламентке де салып жібермеуіміз қажет. Себебі пәндер, сабақтар, жалпы педагогикалық жұмыс – бұл шығармашылық процесс. Бүгінде жалпы рекомендациялар бар. Соның бәрі мұғалімдерге арналған курстарда талқыланған болатын.

Сосын бала онлайн-сабаққа қосыла алмады, мектеп формасын кию керек дейсіз, ондай фактілер жалпыға бірдей емес екені белгілі. Үш миллион оқушының бәрі солай білім алып жатыр деп қабылдамау қажет. Онлайн-сабақтар кезіндегі эксцестер де солай.

Мен мұғалімдерді қорғап отырған жоқпын. Бірақ педагогтерге де қашықтан білім беру оңай емес екенін түсінуіміз керек. Қазір маңызды трансформация жүріп жатыр. Педагогтер, оқушылар мен ата-аналар жаңа жағдайға бейімделуде.

Бүгінде 500 мыңға жуық педагог жаңа жағдайға тап болды, проблемалар да бар. Бірақ сабақтар жалғасуда. Иә, кей кезде асыра сілтеу де бар. Мен төртінші тоқсанда анық бір нәрсені айттым, баланы экранның алдына мектеп формасында отырғызудың қажеті жоқ. Барлық бала экранның алдында отырсын деген талап жоқ. Бір жерде байланыс дұрыс істемесе, оқушыларға бейнетрансляцияны ағытуға рұқсат болсын деп кеңес бергенбіз.

Біз әріптестерімізбен осы іспетті жағдайларды күнде талқылап отырамыз, кемшін тұстарын көрсетеміз, жаңа жолдарын ұсынамыз. Мен өзім аптасына, кем дегенде үш рет білім беру бөлімдерінің басшыларын жинап, кеңес өткізіп тұрамын.

Біз стриминг қосамыз да, оған 300-ден астам адам кіре алады. Олардың ішінде жергілікті жердегі әдістемелік кабинеттер де бар. Жазда тікелей мектеп директорларымен жұмыс істедік. Бүгінде арнайы чаттар бар, сол жерге барлық шешімді жіберіп отырамыз. Мектеп директорлары бәрін біліп отырады. Осылайша, әрбір педагогке министрліктің ұстанымын жеткізуге мүмкіндік бар.

- Сіз өзіңіз қашықтан оқытудың қандай артықшылықтарын көріп отырсыз? Жаңа мүмкіндіктер бар дейді...

-   Негізі, білім беру синхронды ("онлайн" немесе "стриминг", ондайда оқу процесі тікелей эфир арқылы жүргізіледі - Sputnik) форматтан бұрын асинхронды сипатта болуы керек. Бұл – қашықтан оқыту қағидаттарының бірі.

Бала 6-7 сабақ бойы экранның алдында отыра алмайды, үнемі отыруға да міндетті емес. Ал онлайн-сабақ кезінде оқушыны "5 минутқа кетіп қалғаны" үшін жазаласа немесе бағасын төмендетсе, олай істеген дұрыс емес. Ондай жағдайлар бар шығар, бірақ көп емес сияқты.

Тағы оқыңыз: Қашықтан оқытуға 70 млн доллар бөлінгені рас па - Аймағамбетов жауап берді

Бүгінде педагогтердің басым бөлігі синхронды білім берудің тиімсіз тұстарын түсінді. Ал асинхронды формат кезінде бала қалаған уақытта сабақ оқиды. Қашықтан оқытудың артықшылығы да сол, оқушы берілген тапсырманы өзіне ыңғайлы уақытта орындай алады. Дәл осы артықшылықты тиімді пайдалану қажет. Педагогтерге арналған курстар кезінде біз осы мәселеге баса назар аудардық. Бір жерде асыра сілтеу болып жатса, оны түзейтін боламыз.

- Қашықтан оқытудың тағы бір артықшылығы бар емес пе? Ата-аналар мектеп бағдарламасын терең зерделей бастады, оқулықтарға қатысты сұрақтары да көбейді. Бұған дейін сіз оқулықтарды құрастыру тәсілдері өзгереді деп айтқансыз. Авторлар мен сарапшыларға арналған оқыту шаралары болады дедіңіз. Осы жұмыс басталды ма?

- Бұл жұмыс атқарылып жатыр. Өткен аптада мен баспалар, авторлар мен сарапшылармен кеңес өткіздім. Авторлар мен сарапшылар үшін университеттерде арнайы курстар ұйымдастырылды. Бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек, мықты мамандардың барлығы бірдей дидактика мен педагогика жағынан жақсы оқулық шығара бермейді. Авторларға да көмек пен қолдау қажет. Оған қоса, мектептерде әдістеме де, оқу бағдарламалары да өзгерді. Сондықтан барлық оқулық сараптама мен апробациядан өтуі керек. Сол жерде мұғалімдер, сарапшылар мен авторлар бәрін қарайды, талқыға салады, бір шешімге келіп, өзгеріс енгізеді.

Талқылаудан кейін апробация басталады. Біз балалардың жаңа оқулықты қалай қабылдағанын зерделейміз. Мұғалімдерге қаншалықты қиын болды, осы жағын да қараймыз. Содан барып бағдарлама бекітіледі де, оның негізінде оқулық басылып шығады.

Сосын мектеп оқулықтарын шығаратын баспаларға жаңа талаптар қойылып отыр. Мәселен, оқулықтардың электронды нұсқасы тегін болуы шарт.

- Жаңа стандарт бойынша жазылған оқулықтар қашан шығады?

- Біз осы жұмысты 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу шараларымен үндестіруіміз керек. Әйтпесе, екі жұмыс болып кетеді, бюджеттен артық шығын шығады. Бала бірінші сыныпқа барған кезде жаңа оқулықтарды да алуы тиіс. 

- 2021 жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланған болатын. Қашықтан оқытудан кейін осы жоспар кейінге шегеріле ме?

- Жоқ, ол әсер етпейді. 12 жылдық білім беруге көшу жоспар бойынша атқарылып келеді.

- Коронавирус шыққанда пандемия 2023 жылға дейін жалғасады деген болжам болған. Осыған байланысты "қашықтан оқыту үш жылға созылуы мүмкін" деген негативті сценарийді қарастырып отырған жоқсыз ба?

- Жоқ, қашықтан оқыту үш жыл болмайды. Біз біртіндеп дәстүрлі білім беру формасына көшуді жоспарлап отырмыз.

- Сонда осы жоспардың мерзімі қандай? Қашықтан оқыту қашан аяқталады?

- Соңғы шешімді бас санитарлық дәрігер қабылдайды. Дәл қазір ол шешімнің қай кезде шығатынын айта алмаймын. Әзірше, қашықтан оқытуды тек бірінші тоқсанда ғана қалдыруға ұсыныс жасалды.

- Ашығын айту керек, бүгінде мектеп тапшылығы мәселесі әлі де бар. Нұр-Сұлтанның өзінде орын тапшылығы сезіледі. Карантин болмай тұрғанда кейбір сыныптарда 40 оқушы отырды. Енді, пандемиядан кейін қатаң санитарлық талаптар болады. Осындай жағдайға дәстүрлі білімге көшу шаралары қалай атқарылады?

- Енді, республика бойынша 7 мың мектептің барлығы толып тұрған жоқ. Басым бөлігі бір ауысыммен жұмыс істейді. Сосын шағын жинақты мектептер бар. Мәселен, ауыл мектептері жартылай бос тұр. Ондай мектептер жылда жабылады, себебі бала жоқ, адамдар ауылдан қалаға көшіп жатыр. Содан қаладағы мектептер балаға тез толып кетеді.

Ал оқушы көп болса, мектеп инфрақұрылымы да соған сай болуы қажет. Спорт залдары, асхана, компьютерлік техника – бәрі-бәрі бала санына сәйкес жасалауы шарт. Егер мектепте 25 балаға бір компьютер келсе, онда цифровизация туралы айтудың өзі қисынсыз.

Мәселен, қазір компютерлерді тым көп алып жатырсыңдар деп сын айтатындар аз емес. Соның бәрін не үшін алып жатырсыңдар дейді. Бүгінде осы шаралардың арқасында 5 оқушыға бір компьютер келеді. Демек, жағдай өзгерді. Солай емес пе?

Бұдан бөлек, физика, химия мен биология кабинеттерін жасақтау, мультимедиялық кабинеттер мәселесі бар. Бұның барлығы пандемияға қарамастан, шешіліп жатыр.

Әрине, коронавирус пандемиясы білім беру жүйесіне өз әсерін тигізді. Дегенмен, қазіргі жағдайды тиімді пайдалансақ, білім беру саласын модернизациядан өткізіп алуға мүмкіндік бар.

Анықтама: 2020-2021 оқу жылында 3,3 миллион оқушы білім алуға кірісті. Олардың ішінде бірінші сыныпқа барған 352 мың бала бар.

Бастауыш сынып оқушылары кезекші топтарға барып, мектепте сабақ оқи алады. Бұдан бөлек, шағын жинақты мектептің балалары дәстүрлі форматта білім алып жүр. Жалпы, ондай оқушылардың саны 800 мыңға жуық. Ал 2,6 миллион бала қашықтан сабақ оқиды.

Кілт сөздер:
коронавирус, мұғалімдер, оқушылар, Білім және ғылым министрлігі, Асхат Аймағамбетов
Загрузка...

Басты тақырып