Ручка и бумага - Sputnik Қазақстан
Өмірбаяндар
Sputnik Қазақстан саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, спортшылар мен әншілердің өмірбаянын ұсынады. 

Әкесін құтқару үшін майданға аттанды: Мәншүк Мәметова туралы не білеміз?

© Sputnik / Медиабанкке өтуМәншүк Мәметова
Мәншүк Мәметова - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сұрапыл майданда ерлікпен қаза тапқан Мәншүк Мәметова адамзат тарихына өз есімін қанмен жазып кетті

Үш жасар қызды кімдер асырап алды?

Мәншүк Мәметованың ата-анасының азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Анасы бала күнінде еркелетіп "Моншағым" деп, кейін Мәнсияның атын айтуға тілі келмей өзін "Мәншүк" деп кетеді. Құжат алар кезде де батыр қыз өз есімін "Мәншүк" деп жаздырады.

Майданда аяулы есімін асқақтатқан батыр қыз 1922 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысы, Орал ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы Жасқұс деп аталатын ауылда өтті. Әкесі Жиенғали қоймада күзетші болып, ал анасы Тойшылша үй шаруасымен айналысқан.

© Photo : uralskweek.kz/Рауль УпоровМәншүк Мәметованың ескерткіші
Әкесін құтқару үшін майданға аттанды: Мәншүк Мәметова туралы не білеміз? - Sputnik Қазақстан
Мәншүк Мәметованың ескерткіші

1927 жылы Саратов қаласынан Мәншүктің ауылына оның туыстары – Ахмет пен Әмина Мәметовтер келеді. Мәншүктің туысқан ағасы Қанат оларды қонақ қылып, осы отырысқа Жиенғали мен Тойшылшаны да шақырады. Ұзақ уақыт перзент сүйе алмай жүрген Ахмет пен Әмина ата-анасына еріп келген бүлдіршінді бірден жақсы көріп қалады. Алыстан ат терлетіп келген ерлі-зайыптыны Мәншүктің ата-анасы да үйіне шақырып, қонақ қылады. Осы кезде ерлі-зайыпты үй иелеріне күтпеген өтініш жасап, Мәншүкті асырап алғысы келетінін айтады.

Мәншүктің ата-анасы бұл өтінішті қабылдап, қыздарының қалалы жерде оқып, білімді азаматтардың қолында тәрбиеленуін жөн көреді. Жиенғалидің немере інісі Ахмет өз кезегінде Мәншүкті көзінің қарашығандай сақтап, қорған болуға уәде береді. Сондай-ақ, Мәншүктің ата-анасының тірі екеніне қарамастан, оны асырап алғысы келетінін айтады. Жиенғали ақыры сүйікті інісінің бұл өтінішін де қабыл алады.

Үш жасар қызды асырап алған Ахмет – қазақтан шыққан алғашқы дәрігер, ал әйелі Әмина – әдебиет пәнінің мұғалімі әрі әдіскер.

Туыстары Мәншүк Мәметовадан неге теріс айналды?

Тегін ауыстырған Мәншүк 1931-1938 жылдары Алматы қаласындағы №28 мектепте білім алады. Осы жылдар ішінде Мәншүктің туған анасы мен әкесі бірінен кейін бірі көз жұмады.

1938 жылы дәрігер Ахмет Мәметовке "халық жауы" деген жала жабылып, ату жазасына кесіледі. Бұл қайғылы оқиға моншақтай қыздың жүрегінде өшпес жара қалдырады. Жайсыз оқиғадан кейін Мәншүк дәрігер болу арманынан бас тартып, жұмысшы факультетіне оқуға түседі.

Анасы Әминаның да басқан ізі аңдулы болып, Мәншүк соғысқа дейінгі жылдары көп қиындық көреді. Жесір әйелден барша дос-жараны теріс бұрылып, Әминаның мінезі жаман жаққа өзгереді. Тұрмыстары қатты нашарлап кеткендіктен, Мәншүк институттағы оқуын тастап, үкіметтің басқарма істерінде хатшы болып жұмысқа тұрады.

1940 жылы Мәншүк жалғыз қалып, ауылдағы туыстарына материалдық көмек сұрап хат жазады. Өкінішке орай, қаршадай қыздың бұл хаты жауапсыз қалады. Себебі, туыстары "халық жауының қызы" атанған Мәншүкпен байланысқа шығуға қорқады.

Мәншүктің екі туған ағасы болды. Олар – Нағи мен Қадыр. Ахметтің ағасы Қанаттың қолында тәрбиеленіп жатқан Нағи Орал қаласына оқуға түседі. Ал Қадыр Оралда жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін әскер қатарына шақырылады.

18 жасына дейін әкесінің өлімі туралы білмеген

Соғыс басталған жылы Мәншүк анасы Әминаның үйін тастап, жатақханаға көшеді. Небәрі 18 жастағы Мәншүктің жоспарларының бәрі кейінге шегеріледі. Бойжеткен әкесінің атылып кеткенін білмей, кеңес үкіметін қорғап, айдаудағы жақын адамын құтқару үшін майданға аттанады. Себебі, ол кезде қоғамда "Халық жауының" балалары өз еркімен майданға аттанса, ата-анасының бар жазасы кешіріледі" деген сөз тарады. Осы сөз құлағына тигелі Мәншүк бір жыл бойы әскери комиссариатқа әскерге бару туралы өтініш жазады.

Тағы оқыңыз: Белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмірбаяны

"Мен, Мәметова Мәншүк, 1922 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анам қазіргі уақытта қайтыс болған. Жұмысшы факультетін оқып бітіргенмін, қазір Халкомкеңесте халық комиссарлары кеңесі төрағасы орынбасарының жеке хатшысы болып қызмет етемін. Өмірбаяным жөнінен қысқаша мағлұмат бере отырып, сізден ағаларыммен және апаларыммен бірге фашист-қарақшыларды талқандап құрту үшін мені майданға жіберуіңізді сұрағым келеді. Өйткені майданға баратындай ағайым да, апайым да жоқ, сол себептен де өзім сұранамын. Өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын. 1939 жылдан комсомол мүшесі. 27.08.1941ж.(М.Мәметова)" деп жазды қайсар қыз өз өтінішінде.

Алайда бұл уақытта кеңес билігі нәзік жандыларды әскерге алу туралы жарлық шығармаған болатын. Мәншүк тек 1942 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында құрылған жасақ құрамында болып, соғысқа аттанады. Осы бригаданың құрамында барлығы 4 890 жауынгер болды. Оның ішінде екеуі қазақ қыздары – Мәриям Сарлыбаева мен Мәншүк Мәметова.

Батыр қызбен бірге майданға аттанған қазақтың біртуар азаматтары кімдер

Батыр қызбен бірге жауға қарсы Нұржан Құсайынов, Райымбек Бәйсейітов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғабдуллин және Сұлтан Жиенбаев аттанды.

Бригада командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары міндетін атқарған подполковник Сақтаған Бәйішев Мәншүктің өтінішін қабыл алып, оны өзі қалағандай пулеметшілер ротасына жібереді. Қазақтың батыр қызы ерлермен шайқасып, жауынгерлермен ну орманнан да, судан да бірге өтті.

Тағы оқыңыз: Тоқтар Әубәкіров туралы қызықты деректер

Батыр қыз майдандағы алғашқы тапсырмасын подполковник Мостовтан алған-ды: екінші атқыштар батальоны штабының құжаттары бар папканы тиісті жерге жеткізуі керек болды. Осы кезде байланысшылар тобының фашистердің қолына түсіп қалғанына қарамастан, Мәншүк тапсырманы сәтті орындап, қошемет сөз естіді.
Мәншүк Мәметова жаумен шайқасып қана қоймай, санитарлық қызметті шебер атқарды. Өлім аузында жатқан майдандастарына қолдан келгенше көмектесті.

1942 жылы Великие Луки қаласын жау қолынан азат ету үшін барын салып шайқасты. Осы кезде оған медициналық институттағы бір жылдық білімі көп көмектесті. Кейін құрамында Мәншүк бар Ушаков батальоны Бурцевоны қорғауға аттанды. Ауыл төрт мәрте қолдан-қолға өткендіктен, шайқас тартысты болды. Осы кезде қазақ қызы жауға қарсы пулеметтен оқ жаудырды. Көптеген сарбазынан айырылған неміс әскері кейін шегінуге мәжбүр болды.

Көп ұзамай пулеметшілер батальонына алынған Мәншүк бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алды. Осы батальон 1943 жылдың күз айында Изоча станциясын жау қолынан босатуға қатысты. Алайда кеңес әскері көп сарбазынан айырылып, кейін шегінеді. Мәншүк осы кезде "Сендер бара беріңдер. Мен кетсем, сендерді кім қорғайды?" деп қалып қояды. Осылайша қайтпас қайсар ару "Максим" пулеметімен жүздеген немістің көзін жойды. Ол 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен қаза тапты.

Бір халықтың емес, жарты әлемнің қайғысы

Қаралы хабар жарты әлемді дүр сілкіндіріп, кеңес жауынгерлерінің қабырғасы қайысты. Мәншүк Мәметованың өлімі туралы газеттерде жазылып, радиоларда айтылды. Халық оны мақтан тұтып, арада 6 ай өткен соң кеңес одағының батыры атағы берілді.

Тағы оқыңыз: Құранды қазақ тіліне аударған Халифа Алтайдың өмірбаяны

Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құру үшін қаражат жинады. Сондай-ақ, туған жерінде оған арнап ескерткіш орнатылған. Невель, Орал және Алматы қалаларында Мәншүк Мәметова атында көшелер бар. Бұдан өзге елде онға жуық мектеп пен Қызылорда қаласындағы қыздар педагогикалық училищесіне батыр қыздың есімі берілген. Ол туралы кино түсіріліп, естеліктер жазылған.

Жаңалықтар
0