23:09 17 Қараша 2019
Тікелей эфир
  • USD388.07
  • EUR427.54
  • RUB6.08
Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Калинин

"Өлім туралы ойлаған жоқпын" Бозбала шағында қан майданға аттанған ардагердің әңгімесі

© Sputnik / Абзал Қалиев
Жеңіске тағзым
Қысқа сілтеме алу
241 0 0

Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Калинин Украина, Румыния, Венгрия, Польша, Чехословакия, Австрияны фашистік Германиядан азат ету үшін күрескен

НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik, Дәурен Ерболат. 17 жасында қан майданға аттанған Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Калинин сұрапыл соғыстан қалай аман қалғанын, жау әскерлерімен қалай күрескенін Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Михаил Калинин 1924 жылы 13 қазанда Ресейдің Нижний Новгород облысындағы Кудаяров селосында дүниеге келген. 1939 жылы отбасымен Қазақстанға көшіп келеді.

Михаил Калинин
© Sputnik / Абзал Қалиев
Михаил Калинин

"Әкем машинист еді. Паровоз жүргізетін. Ол 900 шақырымды құрайтын Ақмола-Қарталы теміржолын салуға көмектесетін болды. Сөйтіп, бұрынғы Ақмола қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына қоныстандық. Отбасымыз үлкен болды: 5 ұл, 3 қыз. Кейін Ресейдің Челябі облысы Қарталы қаласына қайта көштік. Сол жерде 7-сыныпқа дейін оқыдым", - дейді соғыс ардагері.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Михаил Калинин отбасымен бірге Павлодар қаласына көшіп барады. Онда әкесі Павлодар-Ақмола теміржолын салуға ат салысады. Ал 17 жасқа толғанда Қарағанды қаласында шахтер мамандығына оқып, шахта салуға көмектеседі.

Михаил Калинин 17 жасында қан майданға аттанады
© Sputnik / Абзал Қалиев
Михаил Калинин 17 жасында қан майданға аттанады

"1941 жылы 25 жас жігітті іріктеп, Ташкенттегі әскери училищеге оқуға жіберді. 82-мм минометтан оқ атудың әдіс-тәсілін үйрендік. 1942 жылдың басында училищені бітірдім. Маған миномет взводының кіші лейтенант әскери атағы берілді. Сөйтіп, Украинаның Полтова қаласына аттандық. Құдай қолдап, шаһар жаудан азат етілді", - дейді Михаил Калинин.

Жас жігіт 5-гвардия армиясындағы 290-гвардиялық атқыштар Вислалық Қызыл ту полкінде жауға қарсы соғысады.

"20 жасымда ротаның командирі болдым. Бізде 9 миномет болды. Ротаның командирі жаяу әскермен бірге жүретін. Барлаушылардан тиісті ақпаратты алған соң, минометтан жауға оқ жаудырамыз. Ал жаяу әскер шабуылға аттанған кезде, фашист әскерлерінің атыс орындарының көздерін жойып отырдық", - дейді соғыс ардагері.

Михаил Калинин Украина, Румыния, Венгрия, Польша, Чехословакия, Австрияны фашистерден азат етуге қатысқан
© Sputnik / Абзал Қалиев
Михаил Калинин Украина, Румыния, Венгрия, Польша, Чехословакия, Австрияны фашистерден азат етуге қатысқан

Михаил Калинин соғыста екі рет жарақат алғанын, денсаулығы соңғы кездері сыр беріп жүргенін күрсіне айтты.

"1944 жылдың наурызында жараландым. Украинаның Кировоград қаласындағы госпитальда емделдім. Содан бері сол жақ көзім нашар көретін болды. Ал 1945 жылдың 14 сәуірінде тағы жараландым. Басымда минаның жарқыншақтары әлі бар", - дейді ардагер.

Ол Украина, Румыния, Венгрия, Польша, Чехословакия, Австрия елдерін фашистік Германиядан азат етуге өз үлесін қосқан.  

"1945 жылы біздің әскерлер Берлин қаласының оңтүстігіне келді. Армиямыз бірінші украиналық фронтпен бірікті. Армияны Кеңес одағының маршалы Конев басқарды. Берлинді кеңес әскерлері қоршап алды. Сөйтіп, ондағы ұрыс қимылдарын маршал Георгий Жуков жүргізетін болды. Ал біз Чехословакияның Прага қаласын жаудан азат етуге аттандық. Бұйрықты мүлтіксіз орындадық. 10 мамыр күні де фашист әскерлерімен соғыстық. Жеңіске жеткенімізді етсігенде мылтықтан оқ аттық. Қуанышымызда шек болған жоқ", - деп еске алды Михаил Калинин.

Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Калинин
© Sputnik / Абзал Қалиев
Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Калинин

Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагері қан майданда өзіне не күш бергенін былайша түсіндірді:

"Соғысқа да үйренесің. Әрине, қорқынышты болды. Атылған оқтарға, жарылған миналарға да назарыңды аудармайсың. Себебі, бұйрықты орындау керек. Онда 16-17 жастағы жас жігіт едім. Сұрапыл соғыста өлім туралы ойлаған жоқпын. Мақсатымыз айқын болды. Ол – Отанды жаудан қорғау. Сол үшін жанымызды беруге даяр едік".

Михаил Калинин 1949 жылы 25 жасына үйленген, бүгінде 3 ұлы, 5 немересі, 2 шөбересі бар. Ол соғыстан соң отбасымен бірге Павлодарда тұрып, 1953 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген екен.

 Ардагер 1953 жылы отбасымен қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген
© Sputnik / Абзал Қалиев
Ардагер 1953 жылы отбасымен қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген

"Жасым 95-те. Құдайға шүкір, жағдайым жақсы. Өзім жүріп жүрмін. Үйде жалғыз тұрамын. Бүгін – кенже ұлымның туған күні. Ол 60 жасқа толды. Оның үйі менің үйімнің жанында. Маған келіп үй шаруасына көмектесіп кетеді. Балаларым қарап тұрады. Қазір көбінесе үйдемін", - деп түйіндеді сөзін ардагер.

Тақырып бойынша

Майдан даласында жауынгерлерді жігерлендірген қазақ әйелдері
Тоқаев: Халқымыз Ұлы жеңіске өлшеусіз үлес қосты
"Майдан туралы сөз қозғамайтын" Елордалықтар соғыстан оралған аталары туралы айтты
9 мамыр: Ұлы Отан соғысында Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі
Назарбаев Мәскеудегі әскери парадта құрметті қонақ болды
Кілт сөздер:
Ұлы Отан соғысы ардагері
Загрузка...

Басты тақырып