05:36 19 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.82
  • EUR428.67
  • RUB5.86
Талғат Бигелдинов

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған қазақстандықтар

© Sputnik / Иосиф Будневич
Жеңіске тағзым
Қысқа сілтеме алу
183 0 0

Кеңес Одағының батыры атағын екі мәрте иеленген қазақстандықтар туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1,8 миллион адам аттанды. Оның 600 мыңы елге оралған жоқ. Жеңісті жақындатуға қазақстандық сарбаздар да зор үлес қосты. 497 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Ал 4 отандасымыз Кеңес Одағының батыр атағын екі мәрте иеленді. Олар – Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Леонид Беда, Иван Павлов.

Талғат Бигелдинов пен Рафаил Аблаковтың ағасы
© Photo : Рафаил Аблаковтын жеке архивінен
Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов (оң жақта)

Талғат Бигелдинов – ұшқыш, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының батыры, "Барыс" орденінің иегері.

Ол 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысы Майбалық ауылында дүниеге келген.

1942 жылы қан майданға аттанады. Аспанда 500 сағат ұшқан. 305 рет әскери шабуылға шыққан.  Фашистік Германияның астанасы Берлинді шабуылдауға алғашқылардың бірі болып аттанады. Фашистер Талғат Бигелдинов мінген ұшақты "Қара ажал" деп атаған.

1944 жылдың 26 қазанында 22 жастағы лейтенант Бигелдиновке Знаменка, Кировоград қалаларын босату кезіндегі ерлігі мен әскери шеберлігі, әрі атып түсірген 4 жау ұшағы үшін Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

1945 жылдың 27 маусымында 23 жастағы Талғат Бигелдинов екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Ол эскадрильяны шебер басқару мен Краков, Оппельн (қазіргі кездегі Ополе), Катовице, Бреслау (қазіргі кездегі Вроцлав), Берлин қалалары үшін шайқастардағы әскери ерлігі үшін марапатталды. 

Дважды Герой Советского Союза Талгат Бегельдинов
© Sputnik / Юрий Куйдин
Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов

Талғат Бигелдинов 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Оның денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды.

Леонид Беда – КСРО-ға еңбек сіңірген әскери ұшқыш, авиация генерал-лейтенанты, Кеңес Одағының батыры. Ол 1920 жылдың 16 тамызында Қостанай облысы Ұзынқол ауданы Новопокровка селосында дүниеге келді.

1942 жылдың тамыз айында майданға жіберілді. Ол Сталинград, Донбасс, Таганрог, Кенигсберг қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. 1944 жылдың сәуіріне дейін 109 рет әскери тапсырмамен әуеге көтеріліп, жау әскері шоғырланған жерлер мен бекіністерді шабуылдады. Осы ерлігі үшін оған 1944 жылдың 26 қазанында Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Дважды Герой Советского Союза, летчик Леонид Беда
© Sputnik / Анатолий Морозов
Екі мәрте Кеңес Одағының батыры, ұшқыш Леонид Беда

З-Беларусь майданы, 1-әуе армиясы, 1-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық дивизия командирінің орынбасары қызметінде жүріп, 105 әскери тапсырманы орындайды. 1945 жылдың 29 маусымда екінші рет Кеңес Одағының батыр атағын алады. Әскери ұшқыш "Ленин", 4 рет "Қызыл Ту", "Александр Невский", "l-дәрежелі Отан соғысы", "Қызыл Жұлдыз" ордендері және медальдармен марапатталды.

Соғыстан кейін Минск қаласында тұрады. 1976 жылы 26 желтоқсаны күні 56 жасында жол апатынан қаза тапты.

Иван Павлов – ұшқыш, майор, Кеңес Одағының батыры. 1922 жылдың 25 маусымында Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы Борис-Романовка селосында дүниеге келді. 1942 жылы желтоқсанда соғысқа аттанды. Ұшқыш, аға ұшқыш, звено командирі, авиаэскадрильяның командирі, штурмандар авиаполкінің штурманы болды. Калинин, Орталық, 1-Прибалтика майдандарында 200-ден аса әуе шабуылына қатысып, жеке өзі жаудың 3 ұшағын атып түсірді.

1943 жылдың қазанында әскери тапсырмамен 127 рет әуеге көтерілді. 1944 жылдың 4 ақпанында бірінші рет Кеңес Одағының батыр атағын алады.

Қостанай халқы бұл қуанышты хабарды естіген кезде батыр жерлесіне ұшақ жасату үшін ақша жинайды. Осылайша, қостанайлықтар кеңес армиясына 4 әскери ұшақты сыйға тартады. Оның біріне Иван Павлов отырады.

Соғыс жылдары қостанайлық жігіт "Ил-2" ұшағына отырып, 237 рет әскери шабуылға қатысады. Тіпті, әуедегі ұрыстардың бірінде жаудың "Ме-109" әскери ұшағын атып түсіреді. 1945 жылдың 23 ақпанында екінші рет Кеңес Одағының батыры атанды.

Иван Павлов 2 рет "Ленин", 2 мәрте "Қызыл Ту", "Александр Невский", "2-дәрежелі Отан соғысы" ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Кеңес Одағының батыры 1950 жылдың 12 қазанында 28 жасында әуе апатынан қаза тапты. Иван Павловтың мүсіні Қостанай қаласында орнатылған.

;

Сергей Луганский – ұшқыш, Кеңес Одағының батыры, жазушы. 1918 жылдың 1 қазанында Алматы қаласында дүниеге келген.  1938 жылы Орынбордағы ұшқыштар мектебін, ал 1949 жылы Мәскеудегі әскери-әуе академиясында білім алған.

1939-1940 жылдары кеңес-фин соғысына қатысқан. 1941 жылдың қазанында майданға аттанды. 1942 жылдың мамырынан 271-авиациялық атқыштар полкінде әскери міндетін атқарады. Ал 1942 жылдың маусым айынан 1945 жылдың наурыз айына дейін 270-ші авиациялық атқыштар полкінің қатарында болды.

1943 жылдың тамызында 270-авиациялық атқыштар полкінің эскадрилья командирі Сергей Луганский 221 рет әуеге көтеріліп, 18 жау ұшағын әрі  ұшқыштар тобымен бірігіп, 1 фашист ұшағының көзін жояды.

1943 жылдың 2 қыркүйегінде жаумен шайқаста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алады.

1944 жылдың 1 шілдесінде Украина бірінші майданының бас қолбасшысы, маршал Иван Коневтің жеке нұсқауымен "Алтын жұлдыз" медалін иеленді. Ал осы жылдың 1 шілдесінде екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атанады. Бұл уақытта қазақстандық ұшқыш 355 рет әуеге көтеріліп, жаудың 33 ұшағын атып құлатыпты. Соғыстан кейін әуе қорғанысы күштерінде қызмет екен. 1949 жылы әскери әуе академиясын бітірген.

Жалпы екінші дүниежүзілік соғыста Луганский 390 рет әуеге көтеріліп, 37 жау ұшағының көзін жойған. Сонымен қатар майданда көрсеткен ерліктері үшін 2 рет "Ленин", "Александр Невский", 2 мәрте "Қызыл Ту", 2 рет "Қызыл Жұлдыз" ордендерімен және т.б. медальдармен марапатталған.

Сергей Луганский 1963 жылға дейін "МиГ-15"-тен бастап "МиГ-19"-ға дейінгі түрлі реактивті әскери ұшақтарда ұшқан. 1964 жылдан запастағы авиация генерал-майоры атанады.  Ол "Hа глубоких виражах", "Hебо остается чистым" сынды шығармалардың авторы.

Ұлы отан соғысының ардагері 1977 жылдың 16 қаңтарында 59 жасында көз жұмды. Ол Алматы қаласында жерленген.

Кілт сөздер:
батыр, Талғат Бигелдинов
Загрузка...

Басты тақырып