19:36 25 Мамыр 2020
Тікелей эфир
  • USD414.46
  • EUR451.35
  • RUB5.77
Жеңіске тағзым
Қысқа сілтеме алу
370310

Фашистер оны "Қара өлім" деп атап кеткен. Шығыс Қазақстан облысының тумасы Төлеуғали Әбдібеков қарапайым аңшы болған

НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik. Төлеуғали Әбдібеков Ұлы Отан соғысында үздік мергендердің қатарынан көрінді. Ол жалғыз өзі 397 фашистің көзін жойды.

Сол кезде жалпыодақтық радио арқылы аты кеңінен танылды. Бірақ бертін келе, оны ұмыта бастады.  

Ауыл ақсақалдары мергендігіне таңғалды

Төлeуғали Әбдібеков 1916 жылы бұрынғы Семей облысының (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Жарма ауданында Насырхан Әбдібекұлының отбасында дүниеге келген. Әкесі оны аңшылыққа баулып, мылтық атуды үйреткен. Төлеуғалидің мергендігіне өзге аңшылар мен ауыл ақсақалдары таңғалып, әрбір олжасына таңдай қағатын.

Тулеугали Абдыбеков
Төлеуғали Әбдібеков

1932 жылы туыстарының шақыруымен Төлеуғали Оңтүстік Қазақстандағы "Пахта-Арал" кеңшарына көшіп, мақташы болып жұмыс істеді. Сол жерден Қызыл армия қатарына шақырылып, Хабаров аймағында әскери борышын өтеді.

Әскерден кейін Төлеуғали мақта шаруашылығымен тығыз айналысып, өз бригадасына басшылық етті. Кеңшардың сұлу қызы Найсымкүлге үйленеді. Екі баланың әкесі атанады. Бірақ екі баласы да ерте қайтыс болды.

Книга Забытые герои о подвигах казахстанцев в Великой Отечественной войне
© Sputnik / Абзал Калиев.
Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері туралы "Ұмытылған батырлар" кітабы

Жастар тағы бала сүюді армандады. Алайда сұрапыл соғыс бұрқ ете түсті. 1942 жылы мамыр айында Шымкент облысының жаңадан жасақталған сарбаздар тобымен Төлеуғали Калинин майданына аттанды.

"Фашистерге күн көрсетпеймін"

Әскерде жауынгер Әбдібеков мергендердің қатарына алынды. 8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында болды. Екі-ақ жылдың ішінде, нақты айтқанда,  1942 жылдың 14 мамыры мен  1944 жылдың  21 ақпаны аралығында жалғыз өзі 397 фашистің көзін жойды.

Төлеуғали мергендігімен ғана емес, ұстаздығымен де танылды. Ол өз полкінде мергендер қозғалысын ұйымдастырды. Сөйтіп, 32 мергенді дайындап шығарды.

Оқи отырыңыз: Депутат үш дәрежелі Даңқ ордені иегерінің өмір жолы туралы әңгімелеп берді

8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының "Отан үшін" газетінде 1942 жылдың 18 қыркүйегінде шыққан мақалада мынандай үзінді бар: "Қазіргі кезде мерген Әбдібековтың есебінде 102 гитлерлік солдат бар. Енді олар ешқашан біздің жерімізде сасық иісін таратпайды. Менің көзім көріп, қолым винтовканы мықтап ұстап тұрғанша фашистерге күн көрсетпеймін дейді мерген".

Ал 1942 жылы 2 қазандағы газетке мергендер слетіне арналған "Ержүрек мергендер жасасын!" атты бас мақала шықты. Онда: "Біздің атақты мергеніміз Әбдібеков бірнеше сағат бұрын 125 фашистің көзін жойғанын баяндады", - деп жазылған.

Ауылдан жеткен хат

8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының 1942 жылдың қорытындысы бойынша жасаған қысқа есебінде мергендердің 2-ші слетіне қарай сержант Әбдібековтың 219 фашисті атып тастағаны туралы жазылған. Оның аты бүкіл майданға кеңінен танылды. Ал жаңа 1943 жылдың қарсаңында Бүкілодақтық радиодан Мерген Төлеуғали Әбдібеков туралы арнайы бағдарлама берілді. Осы бағдарламаны "Пахта-Арал" кеңшарының тұрғындары – Әбдібековтың туған-туыстары мен жора-жолдастары үлкен қуанышпен тыңдады.

Кеңшардың директоры М. Ф. Гресс жұмысшылардың атынан майданға хат жазды. Оны да дивизияның газетіне басып шығарды. 

"Сәлеметсіз бе, біздің қаһарманымыз, жолдас Әбдібеков! Кеңшардың жұмысшылары мен қызметкерлері ұжымының атынан сізге сәлем жолдаймын. Сіздің батырлығыңыз туралы бүкіл ел біледі. Ал Мәскеуден берілген радиобағдарламадан сіздің ерлік істеріңіз туралы естідік. Біздің атақты жерлесіміз, біз сізбен мақтанамыз", - делінген ұжымдық хатта.

Мергендердің жекпе-жегі

1944 жылы 23 ақпанда Төлеуғали жаудың оғынан қаза тапты. Кеңес Армиясы құрылған күні оққа ұшты.

Ол күні Әбдібеков ауырып жүрген. Емделудің орнына майданға шықты. Жаудың мергені оны тура мойнынан атты. Алайда Төлеуғали да оны көздеп, атып түсірді. Қатты жарақат алса да, әскери борышын аяғына дейін орындап кетті.

Төлеуғали Әбдібеков госпитальде қайтыс болды. Оны Калинин облысындағы Новосокольнический ауданының Насва станциясында жерледі. Ал оның винтовкасын шәкірті Әшірәлі Османолиевке тапсырды. Ол соғыстың соңына дейін 129 фашистің көзін жойды.

Халық Қаһарманы атағына лайықты

Төлеуғали Әбдібеков қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын. Алайда оған тек I дәрежелі "Отан соғысы" ордені ғана берілді.

Наградной лист на имя Тулеугали Абдыбеков
Төлеуғали Әбдібековтың атына жазылған марапат қағазы

Батырдың жиені, жазушы әрі журналист Айгүл Кемелбаеваның айтуынша,  Төлеуғали Әбдібеков әскери анкетада ағасы Кемелбайдың репрессияға ұшырағанын ашық жазған. Соның салдарынан Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей қалуы әбден мүмкін.

"Менің атам – Кемелбай Насырханов 1937 жылы репрессияға ұшыраған. Төлеуғали Әбдібеков – оның туған жиені.  Оған Кеңес Одағының Батырын беруі керек еді. Алайда өз анкетасында ағасы Кемелбайдың репрессияға ұшырағанын жазғаннан кейін ол атақ берілмей қалды", - дейді Кемелбаева.

Родственница Тулеугали Абдыбекова Айгуль Кемелбаева
© Sputnik / Абзал Калиев.
Төлеуғали Әбдібековтың туысы Айгүл Кемелбаева

Оның айтуынша, қазақстандықтар ғана емес, туған-туыстары да Төлеуғали туралы ұзақ уақыт ештеңе білмеген. Кемелбаеваның өзі ағасы жайында алғашқы деректерді он бес жыл бұрын тапты.

"Мен оны тарихшы Тілеу Құлбаевтың мақаласы арқылы таптым. Онда ата-бабаларым жайында жазылды. Мен өзім Төлеуғали Әбдібековтың маған сонша жақын туыс екенін білмеппін. Артынан әскери мұрағаттан мәлімет алдым. Ағам жалғыз өзі 397 фашистің көзін жойды. Әрине, адам өлтіру оңай емес. Бірақ соғыста басқа амал жоқ. Меніңше, ағам "Халық Қаһарманы" атағына лайықты", - дейді Кемелбаева.

1944 жылы 8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының құрылғанына үш жыл толғанда басшылық дивизияның әскери ерліктері туралы арнайы рапортты Қазақстанға жіберген болатын. Делегациямен бірге Әбдібековтың №2916 винтовкасы әскери төлқұжатымен қоса жеткізілді. Ол әлі күнге дейін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде тұр.

Тақырып бойынша

Назарбаев: Қазақстандықтар ерен ерліктің жарқын үлгісін көрсетті
Жеңіске тағзым: Нұркен Әбдіров туралы фильм қалай түсірілді
"Ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз": Тоқаев Жеңіс күнімен құттықтады
Тараздықтар соғыс ардагерлерін ерекше құттықтады – видео
"Тілді" тірідей қолға түсірді: қазақ жауынгерінің келіні қайын атасының ерлігі жайлы айтты
Кілт сөздер:
Ұлы Отан соғысы, фашизм
Загрузка...

Басты тақырып