Ручка и бумага - Sputnik Қазақстан
Өмірбаяндар
Sputnik Қазақстан саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, спортшылар мен әншілердің өмірбаянын ұсынады. 

Жүзден аса фашистің көзін жойды: Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров туралы не білеміз

© Sputnik / Anatoliy Garanin / Медиабанкке өтуҰлы Отан соғысы
Ұлы Отан соғысы  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров небәрі 21 жасында кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапты. Шығыс Қазақстаннан шыққан қазақ батырының өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Соғысқа дейінгі өмірі

Төлеген Тоқтаров 1920 жылы 19 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Қарақұдық ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.

Төлегеннің ата-анасы ашаршылық жылдарының құрбаны болған. Жастайынан жетімдік пен жоқшылықтың бейнетін көріп, өте пысық әрі өжет болып өседі. Әкесінің інісі Ғадылқұмар Төлегенді сол кездегі Риддер қаласына алып келеді. Мұнда Төлеген қазақ мектебінде жеті кластық білім алады.

1938 жылы он жеті жасында Риддер қаласының маңындағы қорғасын зауытына жұмысқа орналасады. Алғашқы күндерден-ақ өзін қабілетті, іскер жас ретінде көрсетеді.

Майданға 1941 жылдың желтоқсан айында шақырылды. Комиссия мүшелері қазақ жігітінен "қай бөлімге барғың келеді?" деп сұрағанда, "қай бөлімде жауды көп құртуға болады, мені сонда жіберіңіздер" деп жауап қайтарған екен.

Тағы оқыңыз: "Қара өлім": фашистер қазақ жігітінен неге қорықты?

Көп ұзамай Төлеген Тоқтаров генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-шы (8-ші гвардиялық) атқыштар дивизиясының құрамына қосылып, 275-ші полктың автоматшылар ротасының жауынгері атанды.

Тоқтаровтың өшпес ерлігі

Қазақ жігіті өзінің тапқырлығымен, ержүректігімен рота жауынгерлері арасында зор сүйіспеншілікке бөленді.

"Ажалдың көзіне тура қара, кірпік қақпа, сонда сенен ажал қорқады, сен жеңесің".

Бұл Төлеген Тоқтаровтың сөзі. Қазақ жауынгері қарулас жолдастарын үнемі жігерлендіріп, батыл қимылдауға шақыратын.

Дивизияның "Отан үшін" газеті ержүрек автоматшының бір тәулік ішінде жаудың 150-ден астам әскері мен офицерін жойғаны туралы жазды. Батыл да бекем қимылдайтын Төлеген жауынгерлерді сан рет жауға бастап шыққан.

1942 жылы 5 ақпанда Новгород облысындағы Нагаткино ауылына бірінші болып кіріп, бірден жаудың 7 әскерінің көзін құртып, екеуін тұтқынға алды. Ал 1942 жылы 9 ақпанда Бородино ауылы үшін болған ұрыста рота жауынгерлері жаудың қарсы шабуылынан бас көтере алмайды әрі дұшпан мен ротаның ара қашықтығы 100 метр қалған еді. Осы кезде Тоқтаров қасындағы 4 жауынгермен алға ұмтылып, ротаны шабуылға бастады. Алдыңғы шепте шеткі үйлерді жаудан азат етіп, 5 басқыншының көзін жойды. Оғы таусылғанша жауға тойтарыс беріп, ауыр жараланды.

Тағы оқыңыз: "Тілді" тірідей қолға түсірді: қазақ жауынгерінің келіні қайын атасының ерлігі жайлы айтты

Төлегеннің майдандағы ерлігін көзімен көрген,  Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин өз естелігінде былай деп жазды:

"1942 жылдың 9 ақпаны. Түс кезінде немістер қайта шабуыл жасады. Бұл жолы немістердің шабуылына бүкіл батальон автоматшылары аттанды. Нағыз күшті соғыс басталды. Шайқас кезінде оқ дәрісі таусылған Төлеген ішінен ауыр жараланды. Төлеген "әуп" деп орнынан атып тұрды да, салбырап шыққан жаралы ішегін қарнына қысып, автоматын қолына ала жүгірген бетімен неміс офицерінің қақ басынан періп жіберді. Офицерді жайратып салып, қайта орала бергенде, жаудың қайта атылған пулемет оғы оның кеудесіне тиді. Есіл ер Төлеген осындай ерлік өліммен қаза болды".

Қазақ жауынгері 1942 жылдың 10 апқанында ерлікпен қаза тапты.

1943 жылы қаһармандығы мен батылдығы үшін Төлеген Тоқтаровқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Төлеген Тоқтаровтың сүйегі Бородиноның күн шығыс шетіндегі төбеге жерленді. Қоршаудың қақ ортасындағы биіктігі 4 метр мәрмәр ескерткішке мынадай сөздер ойылып жазылған: "Бұл жерде Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан кеңес жауынгерлері жатыр. Олардың арасында Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров бар".

Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды

Ержүрек Тоқтаровтың ерлігі туралы шығармалар да, кітаптар да жетерлік.

Төлеген Тоқтаров жайында Байғаниннің "Жиырма бес", Жабаевтың "Төлеген ер" әндері , Құдабаевтың "Топ бастаған Төлеген" терме-толғауы бар.

"Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров", "Нәрін, дарын, бәрін берген – туған жер", "Намыс" кітаптары да жарық көрді.

Тағы оқыңыз: Соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары туралы не білеміз?

Композитор Рамазан Елебаев Төлеген Тоқтаровқа арнап "Жас қазақ" ән-реквиемін (1942), ақын Н.Баймұратов "Ер Толеген" (1945) дастанын жазды.

Риддер қаласындағы қорғасын зауытының аумағында батырға ескерткіш орнатылған. Ресейдің Старая Русса қаласында Төлеген Тоқтаровтың бюсті бар.

Қазақстанның бірқатар қаласы мен Ресейдің Старая Русса қаласындағы көшелерге Төлеген Тоқтаровтың есімі берілді.

Жаңалықтар
0