07:38 23 Қараша 2017
Тікелей эфир
қазақ-қырғыз шекара

Назарбаев қазақ-қырғыз шекарасындағы мәселелерді шешуді үкіметке тапсырған жоқ

© Sputnik / Акылбек Батырбеков
Саясат
Қысқа сілтеме алу
52401

Қазақстан үкіметі қырғыз премьерінің Нұрсұлтан Назарбаев шекарадағы мәселелерді шешу бойынша тапсырма берді деген сөзін жоққа шығарды

АСТАНА, 12  қазан— Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз премьер-министрімен келіссөздер жүргізген жоқ және шекарадағы мәселелерді шешу бойынша үкіметке тапсырма берген жоқ, деп хабарлайды Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі. 

Қырғыз премьер-министрі Сапар Исаков 11 қазанда Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасындағы жағдай бойынша өзінің Қазақстан президентімен келіссөздері туралы ақпарат жариялаған болатын. 

"Біріншіден, Сочиде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында Қазақстан президенті мен Қырғызстан премьер-министрінің келіссөздері өткізілген жоқ. Сапар Исаков мырзаның жеке Facebook парақшасында орналастырылған фотосуретте расталғандай, оның біздің Елбасымызға жақындап келуі ғана орын алды", — деп мәлім етті Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі. 

Екіншіден, баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан президентінің "шекарада туындаған барлық мәселелерді шешу бойынша Қазақстан үкіметіне тапсырма бергендігі" туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 

"Ақиқатында, Үкіметке аталған мәселе бойынша үкіметаралық консультация өткізу туралы тапсырма берілді", — деп жазылған үкіметтің баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде.  

Бұдан бұрын қазақстандық БАҚ-та хабарланғандай, қазіргі кезде Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметі ішкі істер министрлігі, мемлекеттік кірістер және көліктік бақылау комитеттерімен бірлесе отырып, еліміздің мемлекеттік шекарасының барлық периметрі бойынша, оның ішінде қазақ-қырғыз аумағында да жоспарлы шекара операциясын жүргізуде.

"Шекарадан өтетін жеке тұлғаларды, көлік құралдарын, жүктер мен шекарадан өтетін жеке тұлғаларды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеруді күшейту шаралары қолданыстағы заңнама шеңберінде қазақстандық және шетелдік азаматтардың құқықтарын шектеусіз жүргізілуде. Шекараны кесіп өту үшін ешқандай шектеу немесе тыйым салынып жатқан жоқ", — деп атап өтті баспасөз қызметі. 

Жоспарлы шекара операциясының басты мақсаты – шекаралық кеңістіктегі құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу, террористік, контрабандалық және басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды анықтау, шекара тәртібі мен көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру. 

Қазақстандық тараптың мәліметі бойынша, өз кезегінде Қырғыз Республикасының шекара қызметі Қырғызстан президенті сайлауына дайындық және оны өткізу кезеңінде шекаралық бақылаудың күшейтілген тәртібіне көшті.

"Қазақстан Республикасы премьер-министрінің баспасөз қызметі бұрмаланған ақпараттың таратылуына ресми түрде түсінбестік білдіреді және өзінің шынайы ақпарат беру мәселесінде кез келген БАҚ-пен ынтымақтастыққа ашықтығын растайды", — деп жазылған ресми хабарламада. 


Басты тақырыптар