Саясат

Президенттікке үміткерлер арасындағы теледебатқа 41 млн теңге жұмсалады

© Sputnik / Владислав ВодневОператор, архивтегі сурет
Оператор, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Президенттікке кандидаттардың арасындағы теледебатқа қарастырылған ақшаның қалай жұмсалатыны айтылды

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. "Хабар" агенттігі" АҚ басқарма басшының орынбасары Ринат Кертаев теледебатқа қарастырылған ақшаның қалай жұмсалатын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Теледебат заманауи форматта өтеді

"Кез келген телеөнімнің шығыны бар. Осы жобаға арнайы студия жасақталады. Декорация қойылады. Қазір біз заманауи форматтағы түрлі LED экрандарды, арнайы телевизиялық жарықтарды қолданып, бұл теледебаттың көрерменге сапалы болып жетуі үшін үлкен жоспар құрып отырмыз", - деді Кертаев бүгінгі баспасөз мәслихатында.

Тағы оқыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев теледебатқа қатыспауы мүмкін

Оның айтуынша, техникалық шығындардан бөлек теледебатқа атсалысатын қызметкерледің жалақысы бар. Сондай-ақ дебатты эфирге шығарып, тарату қажет.

"Жалпы, әлемдік телевизия нарығының бағасы тұрғысынан алғанда, бұл өте үлкен сома деп айта алмаймыз. Біз үздік мамандарды тартуды көздейміз", - дейді Кертаев.

Дебатқа қатысатындарға қойылатын талап

Айта кетсек, бүгін орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттардың арасындағы теледебаттың күнін белгіледі. Комиссия мүшесі Ляззат Сүлеймен теледебат кезінде заң бойынша айтылған сөздердің барлығы халыққа көрсетіледі деп отыр.

"Теледебат, кем дегенде, 80 минутқа жалғасады. Кандидаттардың барлығына тең уақыт беріледі. Қатысушылар пікірталастарды өткізу регламентін сақтап, басқа қатысушыларды кемсітетін айыптаулардан, жалған, абырой мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздер айтудан аулақ болып, пікірсайысты әдеп нормаларына сай өткізуі тиіс. Тәртіп бұзушылықтар болса, теледебатты тоқтату қарастырылған", - деді Сүлеймен арнайы баспасөз мәслихатында.

Теледебат қашан өтеді

Жоспарға сәйкес, теледебаттың басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық басымдықтары жайында айтылады. Одан кейін сұрақ-жауап үлгісінде пікірсайыс сессиясы болады. Ал дебаттың соңында кандидаттар өз үндеулерін жариялай алады. Тәртіп бойынша кандидаттардың штабынан пікірталасқа екі адам қатыса алады.

Тағы оқыңыз: Сайлауға қатысты сауалнама жүргізгендер жазаланды

29 мамыр күні "Хабар" телеарнасында көрсетілетін теледебат тікелей эфирде бола ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. "Хабар" агенттігі" АҚ басқарма басшының бірінші орынбасары Ринат Кертаевтың айтуынша, аталған мәселе жақын арада анықталады.

"Бізде сан алуан пікірсайыстар мен ток-шоуларды өткізіп жүрген кәсіби мамандар бар. Олармен ақылдаса отырып, тиімді бір ұсыныс жасайтын боламыз", - деді Кертаев.

Жаңалықтар
0