11:39 06 Желтоқсан 2019
Тікелей эфир
  • USD385.76
  • EUR427.89
  • RUB6.04
Президенттікке кандидаттар

"Араб Әмірліктері сияқты өмір сүреміз": президенттікке кандидаттардың ұрымтал сөздері

© Sputnik / Владислав Воднев
Саясат
Қысқа сілтеме алу
Президент сайлауы - 2019 (176)
981 0 0

Президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Ертесінде бастапқы қорытынды жарияланады

НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik, Арман Асқар. Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына жеті адамның кандидатурасы шығарылып отыр. Осы жолы алғаш рет әйел президенттікке таласып көреді. Sputnik Қазақстан тілшісі әрбір кандидатқа қатысты негізгі мәліметтерді жинақтады.

"Каратэші екенімді көрсетудің қажеті жоқ"

Биыл 58 жасқа толған Жамбыл Ахметбеков осы жолғы сайлауда өзін каратэші екенін көрсетудің қажеті жоқ деп санайды.

"2011 жылғы президенттік сайлауда кім екенімді елге таныту үшін кейбір технологияларды қолданып, каратэмен айналысатынымды, шығыс жекпе-жегін меңгергенімді, спортмен айналысатынымды көрсеттім. Бұдан бөлек, музыка мен өнерге жақын екенімді, ауылдан шыққанымды - бәрін-бәрін көрсетіп үлгердім. Енді осы жолғы науқанда мұның бәрі қажет емес", - дейді Ахметбеков.

Кандидат в президенты РК Жамбыл Ахметбеков
© Photo : Официальный сайт Центризбиркома Республики Казахстан
Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан кандидат Жамбыл Ахметбеков

Журналистерге берген сұқбатында коммунистердің кандидаты қазіргі тұрмысы жайында айтып, несиені не үшін алғанын да жасырмады.

"Қазіргі кезде біз қызметтік үйде тұрамыз. Анам қолымда. Барлығы жеті адам болып тұрып жатырмыз. Ал өзімнің жеке басымда әлі үй жоқ. Сосын ертең балалардың үйі болсын деп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне өзіміздің жалақымыздан ақша жинап жатырмыз. 9 жылдай болды. 3 миллиондай жиналып қалды. Toyota Highlander көлігін де кредитке алдым. Менің атымда басқа көлік те, бизнес те, пәтер де жоқ", - деп атап көрсетті коммунист Ахметбеков.

Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы бес басымдыққа негізделген. Олар:   

  1. Батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту;
  2. Барлық қашқын олигархты сотқа тарту;
  3. Кедейлікпен күрес;
  4. Көрші елдермен экономикалық интеграция;
  5. Әділетті салық салуды енгізу.

Халық коммунистері Батыстың ақшаға табынушылық дәстүрі біздің отанымыз үшін қауіпті деп отыр. Олар ұрланған ақшаны қайтаруға мүдделі.

"Президенттікке үміткер ретінде мен бізден ұрланған капиталдарды халыққа, отанға қайтаруға мемлекет пен қоғамның бар күшін салатын уақыт жетті деп мәлімдеймін. Халықтың ақшасы халық мүддесі үшін қызмет етуі тиіс", - дейді Ахметбеков.

Тағы оқыңыз: Осы аптада сайлау: қазақстандықтар нені білуі тиіс?

Бұдан бөлек, кандидат кедейлікпен күрес бағдарламасын қабылдап, байлардың салығын арттыру қажет деп санайды.

"Әйелдің де билікте отыра алатынын дәлелдеп берейінші дедім"

Ахметбековтің құрдасы Дания Еспаева - қаржы саласының хас шебері. Тұңғыш әйел кандидат банк секторында бақандай 34 жыл жұмыс істеп, басшылық қызметіне дейін өскен.

"Ақ жол" партиясының кезектен тыс съезінде кандидат болып сайланған Еспаева президент сайлауына кімнің кеңесімен және қандай мақсатта қатысып жатқанын айтып қалды.

"Орталық кеңесінің пленумында президенттікке үміткерлер мәселесі талқыланған болатын. Азат Тұрлыбекұлы маған кандидатурамды шығаруға ұсыныс жасады. Сол кезде "сайлауға әйел адам қатысса, қалай болады екен?" деген сұрақтар да қойылды. Қазақ қоғамында әйелдер өз орнын білуі керек деп қарсы шыққандар да болды. Сонда мен намыстанып кеттім. Әйелдің де билікте отыра алатынын дәлелдеп берейінші дедім. Сөйтіп, президент сайлауына қатысуға бел будым", - дейді Еспаева.

Кандидат в президенты Дания Еспаева
© Sputnik / Владислав Воднев
"Ақ жол" демократиялық партиясы атынан кандидат Дания Еспаева

Кандидат әйел халықтың қалтасын жұқартатын тұрақты девальвация тәжірибесін тоқтатуға мүдделі.

"Егер министр немесе Ұлттық банк басшысы девальвация болмайды деп мәлімдесе, бірақ ол орын алатын болса, ондай шенеунік отставкаға кетуге тиіс", - дейді кандидат өзінің сайлауалды тұғырнамасында.

Тағы оқыңыз: Алғашқы әйел кандидат Дания Еспаева туралы қызықты деректер

Бұдан бөлек, "Ақжол" партиясының кандидаты кредиттердің мөлшерлемесін төмендетіп, мемлекетке шығын келтірген бизнесті жазалау шараларын жеңілдету керек деп санайды. Сондай-ақ, партия шенеуніктердің оффшорлық есепшоттарын банк құпиясы санатынан алып тастауды көздейді.

"Халықаралық сарапшылардың есебіне сәйкес, жемқорлар 160 миллиард долларды шетелге алып шыққан. Ал өз елімізде жұмыссыз жүргендер аз емес. Себебі ол ақшаның барлығы ұрланған және Қазақстанның дамуына салынып жатқан жоқ", - делінген сайлауалды тұғырнамада.

"Дауыс бергенде электронды цифрлық қолтаңбаны қолдануымыз қажет"

Ал президенттікке кандидат Әміржан Қосанов мамыр айында 55 жасқа толды. Журналист Қосанов шешендік өнерді жақсы меңгерген, екі тілде де жетік сөйлейді. Бұрын жалпыұлттық социал-демократтардың қатарында болған. Бүгінде "Ұлт тағдыры" республикалық қозғалысының атынан сайлауға түсіп отыр.

Қосанов кандидаттың куәлігін соңғы болып алды. Сол кезде ол соңғы уақытқа дейін аталған құжаттың берілетініне сенбегенін жеткізді.

"Оразаның алғашқы күні сайлау комиссиясының бізге куәлік бергенін жақсы ырымға балап отырмын. 7-ші нөмір екен. Мен куәлікті жетінші болып алып отырмын. Оны да жақсылыққа балап отырмын. Жасыратыны жоқ, мені ұсыну және қол жинау кезінде біраз күмән болды. Қасақана жасалған бір ақпараттық шабуылдар да болды. Осы күнге дейін мен және менің әріптестерім тіркеу болмайтын шығар деп ойладық", - деді Қосанов.

Кандидат в президенты РК Амиржан Косанов
"Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан кандидат Әміржан Қосанов

Оның ойынша, электронды цифрлық қолтаңбаны дауыс беру кезінде қолдану қажет.

"Қазіргі кезде электронды  цифрлық қолтаңба арқылы некеге тұрып жатыр, үйленіп жатыр, ажырасып жатыр. Ал оны болашақта сайлау науқанында да пайдалануға болады", - дейді Қосанов.

Кандидат Қазақстанды шынайы демократиялық мемлекет ретінде қайта құрамын деп отыр. Ол үшін сайлау, саяси партиялар, кәсіподақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарына арналған заңдарды өзгертпекші. Сырттан қарызға ақша алуды да тоқтату қажет дейді.  

"Алпауыт шетелдік корпорациялармен жасалған жер қойнауын пайдалану туралы құжаттарды Қазақстанның заңды ұлттық және экономикалық мүдделері тұрғысынан халықаралық құқық аясында қайта қарап, шетелден бақылаусыз қарыз ала беру дағдысын доғару қажет", - делінген кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында.

Тағы оқыңыз: "Тоқаевтың уәдесіне сеніп келдім" - Қосанов

Оның ойынша, жемқорлардың мүлкін тәркілеп, оларға рақымшылық қолданбау және өмір бойы мемлекеттік қызметке жолатпау қажет.

"50 процент + 1 дауыс жинаймыз"

"Ауыл" партиясының кандидаты Төлеутай Рақымбеков Қосановтың құрдасы екен. Шілде айында ол да 55-ке келеді. Рақымбеков еңбек жолын институттың ғылыми қызметкері болып бастаған. Ал 30 жылдан кейін ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Кандидат Рақымбеков алғаш қатысып отырған президент сайлауында "50 процент + 1 дауыс жинаймын" деп отыр. Себебі  халықтың 43 проценттен астамы ауылда тұрады.

Кандидат от партии Ауыл Толеутай Рахимбеков
© Sputnik / Абзал Калиев.
"Ауыл" партиясы атынан кандидат Төлеутай Рақымбеков

"Сондықтан біздің сеніміміз мол. 50 процент + 1 дауыс жинаймыз деген үмітіміз бар. Мен өзім студент болып жүргенде бірінші рет дауыс бердік қой. Содан бері байқағаным, ауыл тұрғындары сайлауға өте белсенді қатысады. Қайта қалалар, соның ішінде ірі қалалар ондай белсенділік көрсетпейді. Ауылдағы халық бір-бірін жақсы біледі ғой. Сайлау учаскесінде кездесіп, сұқбаттасуға жиналады. Сосын бір-бірінен ұялады. Неге бармай қалдың? Неге дауыс бермедің? Сондай сұрақтар болады. Ауылда ондай бар ғой" - дейді Рақымбеков.

"Ауыл" партиясының сайлауалды бағдарламасы бірнеше бөлімнен тұрады. Олар:

  • Ауылдар мен қалалардың әлеуметтік теңдігі – қоғамның өзекті мәселелерін шешу мүмкіндігі;  
  • Дәстүрлі және рухани құндылықтарды сақтау – ел дамуының сенімді негізі;
  • Ауылдағы жастар саясатының тиімді моделі – ауылды өркендетудің құралы;

"Бүгінгі таңда біздің қоғамда болып отырған өткір әлеуметтік проблемаларды ескере отырып, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жеңу маңызды деп санаймыз. Әлеуметтік саясат барлық адамның және әрбір адамның дамуына қызмет етуі тиіс", - дейді кандидат.

"Жұмыс істейтін кез келді"

Кәсіподақтар федерациясының кандидаты Амангелді Таспихов қараша айында 60-қа толады. Осы уақыттың ішінде инженер-технологтан бастап парламент сенаторына дейін қызмет атқарды. Ауылдық округтың әкімі де болды. Қазіргі қызметі - "Урал Ойл энд Газ" ЖШС директоры.

"Қадірменді халқым, мен де көпшілігің сияқты шалғай ауылда, қарапайым отбасыда, көпбалалы семьядан шықтым. Мен 20 жыл "митинговать" еткен жоқпын. Мен Youtube-та отырған жоқпын. Өмір бойы өндірісте жұмыс істедім. Жұмысшылардың арасында өстім, тәрбиелендім, шынықтым. Сондықтан маған жұмыс адамының жағдайы, мұң-мұқтажы, жанайқайы жақсы белгілі. Сенім білдіріп, сайлап жатсаңыз, президенттік мерзім біткеннен кейін де өз араңызда тұратын боламын", - дейді Таспихов.

Председатель территориального объединения профсоюзов Западно-Казахстанской области Амангельды Таспихов
© Photo : предоставлено пресс-службой Федерации профсоюзов Казахстана
Кәсіподақтар федерациясы атынан кандидат Амангелді Таспихов

Кандидаттың ойынша, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту қажет. Ал ауыл шаруашылығымен айналысуға ынтасы бар адамдарға қолдау жасап, алғашқы бес жылда салық салмаған дұрыс.

"Монополияға шектеу қойып, бәсекелестікті барынша дамыту керек. Стратегиялық салаларда шетелдік компаниялардың үлесін де қысқартқан жөн. Ал барлық пайданы халықтың игілігіне жұмсау қажет", - дейді Таспихов.

Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасында жұмыссыз жүрген қазақстандықтардың нақты санын да ашып көрсетті.

Тағы оқыңыз: Сайлауалды дебат: президенттікке кандидаттар не ұсынды?

"Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда жұмыссыздардың саны 400 мыңнан асады. Ал шындығына келгенде, елімізде жұмыспен қамтылмай отырғандар қатары 1 миллион адамнан асады. Жаңа жұмыс орындарына бірінші кезекте қазақстандық мамандар орналасуы кажет", - делінген кадидаттың сайлауалды бағдаламасында.

"Әрбір азаматтың болашаққа нық сеніммен қарағанын қалаймын"

"Nur Otan" партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев жақында 66-ға келді. Тоқаев премьер-министрге дейінгі жоғары мемлекеттік қызметтерді ғана емес, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары сияқты халықаралық мәртебелі лауазымды да атқарды.

Кеңес Одағы кезінде жас дипломат Қытай Халық Республикасының елшілігінде жұмыс істеген. Сол кезде оған "мемлекеттік құпияны сақтай алады" деген мінездеме берілген екен.

Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев на расширенном заседании ВЕЭС
© Sputnik / Владислав Воднев
Nur Otan партиясы атынан кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев

Nur Otan-ның кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасын үш негізгі қағидат - сабақтастық, әділдік пен өрлеуге негіздеп отыр.

Тоқаев Елбасының стратегиялық саясатын жалғастыруға мүдделі. Оның айтуынша, біздің қоғамымызда биліктің ашықтығына, мемлекет пен қоғамның диалогына деген мұқтаждық бар. Мемлекет әділдікке қарай қадам жасауға дайын.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Назарбаевқа қандай талап қойғанын айтты

"Мен әрбір қазақстандықтың лайықты жұмысы болып, еңбегіне қарай әділ жалақы алғанын қалаймын. Әрбір азамат сапалы мемлекеттік қызметті пайдаланғанын қалаймын. Заманауи медицинаның қолжетімді болғанын қалаймын. Әрбір азаматтың үздік білім алып, заңмен толық қорғалғанын, болашаққа нық сеніммен қарағанын қалаймын", - деп атап көрсетті Тоқаев.

"Мұнайдан түскен пайданы әрбір қазақстандыққа бөліп беру керек"

Ал "Ұлы Дала Қырандары" қоғамдық бірлестігінің кандидаты Сәдібек Түгел Тоқаевтан екі жас кіші. Биыл ақпан айында ол 64 жасқа толды. Мамандығы – журналист. "Ұлан таңы – Уланские зори" газетінің бас редакторы болған. Ал 1998 жылы Астана әкімінің бірінші баспасөз хатшысы қызметін атқарды. "Менің Қазақстаным" халықтық-патриоттық қозғалысқа жетекшілік етті.

Кандидат Ұлы дала мәдениетін жаңғыртамын деп отыр. Оның сайлауалды бағдарламасы төрт бағыттан тұрады. Олар – идеология, әлеуметтік саясат, адал саясат пен әлеуметтік жауапты экономика. Соның аясында көп балалы аналарға жәрдемақыны екі есеге ұлғайтып, жастарға қолжетімді баспана беруді көздейді.

Кандидат в президенты Казахстана Садыбек Тугел
"Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан кандидат Сәдібек Түгел

Оның ойынша, адал саясатты Конституцияны өзгертуден бастау қажет. Содан соң сайлау заңнамасына түбегейлі өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.

"Ауыл, аудан, облыс әкімдерін халық сайлауы керек. Оларға сайлау мерзімі үш жыл! "Билер сотын" енгізу керек. Бүкіл соттардың құрамы да тек сайлану арқылы бекітілуі тиіс. Сот практикасына қайтадан өлім жазасын енгізу қажет деп ойлаймын. Сонда жемқорларды, педофилдерді өлім жазасына кесу керек!", - деп атап көрсетті Түгел.

Кандидат депутаттардың барлық жеңілдігін алып тастауға мүдделі. Ал парламенттің өзі бір палаталы болу керек дейді. Сондай-ақ, ол Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысын өзгертіп, Семей және Жезқазған аймақтарын қайта облыс етіп құру мәселесін көтеріп отыр.

Тағы оқыңыз: Сәдібек Түгел неге президент болғысы келеді?

"Мұнай-газ және басқа да табиғи қазба байлықтардан түскен пайда Норвегия мен Араб Әмірліктері сияқты әрбір қазақстандыққа бөлініп берілуі керек", - дейді Түгел.

Айта кетейік, сайлау бюллетеньдерінде кандидаттардың есімдері дәл осы ретпен жазылады.

Тақырып:
Президент сайлауы - 2019 (176)

Тақырып бойынша

Назарбаев: бәріміз халық сайлаған президентке жұмыс істейміз
Президент сайлауының қорытындысы қашан жарияланады?
Сайлау бюллетені қандай болады?
Қазақстан президентін ұлықтау рәсімі қалай өтеді?
Загрузка...

Басты тақырып